Айбек Нұғымаров екі дүркін «Қазақстан барысы» атанды

1382
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ІХ «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Еңселі елордамыздың төрінде тоғызыншы рет ұйымдастырылған айтулы додаға еліміздің ең мықты деген 36 балуаны бақ сынады. Жалпы биылғы жарысқа 37 балуан қатысуы керек болған. Алайда былтырғы «барыс» Ержан Шынкеев спорттық ғұмырын аяқтап, жолын жастарға беретінін мәлімдеген еді.
Алты сағатқа созылған биылғы «Қазақстан барысы» турнирінің финалына Шығыс Қазасқтан облысының екі балуаны Айбек Нұғымаров пен Ерасыл Қажыбаев шықты. Өте тартысты өткен белдесуде Айбектің бағы жанып, екінші рет «Қазақстан барысы» атанды. Ал аталған жарысқа екінші рет қатысып, екінші рет финалда бас жүлдеден қол үзіп қалған Ерасыл Қажыбаев биыл да «Күміс белбеу» иегері атанды.
2019 жылғы «Қазақстан барысын» анықтайтын шешуші сайыстың алдында жүлде берілетін үшінші орын үшін белдесу өтті. Нұр-Сұлтан қаласының балуаны Айбек Сейтен мен Алматы қаласының арланы Руслан Әбдіразақов арасындағы жекпе-жекте көп жылдық тəжірибе өз сөзін айтты. Қос астананың балуандары кездескен белдесуде Руслан Әбдіразақов екінші рет «Қазақстан барысының» қола жүлдесін иеленді.
«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау шарасына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халықаралық қазақ күресінің президенті Қанат Бозымбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев қатысты. 2019 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаровтың беліне «Алтын белбеуді» Арыстанбек Мұхамедиұлы байлады. Сонымен қатар шығысқазақстандық балуанға «алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Балуанның бапкері де құралақан қалған жоқ, чемпионның жаттықтырушысы 3,5 миллион теңге сыйақыға ие болды.
Бұдан бөлек, турнирде күміс жүлдегер атанған Ерасыл Қажыбаевқа «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге тапсырылды. Ал оның бапкері 1,8 миллион теңге иеленді. Үшінші орын иеленген Руслан Әбдіразақовқа 1,8 миллион теңге, бапкеріне 900 мың теңгенің сертификаты табысталды.