Шымкентте белсенді өмір сүру орталығы ашылды

1259
Шымкентте белсенді өмір сүру орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге үшінші мегаполистің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 
Бұл — мегаполистегі алғашқы көп функционалды орталық. Мұнда интернет-кафе, физиологиялық кабинет, кинозал, кітапхана, жаттығу залы мен йога, үстел теннисі, бильярд ойнау секциялары бар. Зейнеткер қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, балалар үйінің тәрбиеленушілері осында бос уақыттарын өткізіп, денсаулықтарын жақсарта алады. Зейнеткерлерге тегін әлеуметтік және медициналық қызмет көрсетіледі.
«Қоғамның дамуы қарияларымызға көрсетілетін қамқорлықпен байқалады. Жылдың басындағы есептік кездесуде қала тұрғындарының бірі менен Шымкенттен қарт кісілерге өмір салтын жақсартып, дене шынықтыруға арналған орталық ашуды сұранған болатын. Міне, бүгін осы орталықты ашып отырмыз. Зейнеткерлер мен қариялар бұл орталыққа отбасымен, балалары және немерелерімен келе алады», — деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.
Шымкенттегі бұл алғашқы орталық Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандастарымыздың өмір сүру жасын ұзарту мен бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырмасы аясында ашылып отыр. Айта кетейік, шымкенттіктердің өмір сүру жасы ұзарып келеді. Мегаполис тұрғындарының қазіргі таңдағы орташа жасы 78 жастан асады.
Қала әкімі тұрғындарды спортпен жаппай шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Бұл күні зейнеткерлерге арнап концерттік бағдарлама қойылып, қариялар би биледі. Өздеріне көрсетілген қамқорлықты сезініп, бір жасап қалды.
Айта кетейік, бұл орталықта 70-ке жуық қария үшін тәуліктің күндіз 4 сағат арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетіледі.