Қазақстандық боксшы Тұрсынбай Құлахмет бірінші орта салмақта WBC International титулын иеленді, — деп хабарлайды Vesti.kz.
Спорт порталының мәліметінше, Тұрсынбай MTK Global мен TOP Rank компаниялары Йоркширде (Англия) ұйымдастырған бокс кешінің басты жекпе-жегінде жергілікті Маклей Макгоуэнмен жұдырықтасты.
Жекпе-жек толық он раунд өтіп, оның қорытындысы бойынша қазақ боксшысы төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
Дереккөзге сүйенсек, Құлахмет 7-раундта қарсыласын нокдаун түсірді. Ал сегізінші раундта төреші ереже бұздың деп Тұрсынбайдан бір ұпай шегерді.
Айта кетейік, бұл қазақстандық боксшының кәсіпқой рингтегі екінші ғана жекпе-жегі.
Тұрсынбай Құлахмет бокстан Қазақстан құрамасы сапында 2019 жылы Азия чемпионы атанып, әлем чемпионатында қола жүлде иеленген болатын.