ПОЛИЦИЯНЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ

1217
Ел тұрғындарының тыныштығын күзетіп, құқықтарын қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу, халық пен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына мемлекет тарапынан баса назар аударылуда. 
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев полиция қызметі жөнінде «Нұр Отан» партиясының XVI съезіндегі сөйлеген сөзінде: «Полиция – қоғамның өзіне деген сенімін арттыратындай етіп жұмыс істеуі керек» деген тапсырма жүктесе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Полицияның жұмысы қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет.  Полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс. Ал, оның тиімділігін бағалаудың басты шарты – халық сенімі» деп, Елбасының бастаған құқық қорғау жүйесіндегі реформаны жалғастыруды ұсынған.

Осы мақсатта құқық қорғау органдарының жұмысын жүйелендіру, халықпен  тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау мақсатында жол картасы қабылданған. Жол картасында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру, ішкі істер саласында жүргізілетін жұмыстардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, тұрғындардың көрсетілетін қызметтер алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында полицияның халықтық кеңсесін ашу қолға алынған болатын.
Бүгін аудан әкімдігі мен полиция бөлімінің бірлесе жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде Отырар аудандық полиция бөлімінің халықтық кеңсесі ашылды. Игі шараның ашылуына Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков және аудан әкімі Ерлан Айтахановтар қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
Халықтық кеңсенің ашылуына арнайы келген департамент бастығы ішкі істер саласында халықпен тығыз қарым-қатынас жасау, жүргізілетін жұмыстарды жеңілдету мақсатында көрсеткен қолдауы үшін Отырар ауданының әкімдігіне алғысын жеткізіп, қасиетті өлкеде ашылған халықтық кеңсе тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеді деген сенімін білдірді. Сонымен қатар, Қайрат Сұлтанбайұлы «Жол картасы» аясында Отырар ауданында құрылған туристік полицияға арнайы жабдықталған электромобиль табыстады. Ал, аудан әкімі Ерлан Айтаханов «Кез-келген игі істердің қасиетті Отырардан бастау алуы тарих беттеріндегі дәстүр мен заңдылыққа айналғаны сөзсіз. Халық пен құқық қорғау органдары тығыз байланыста жұмыс жүргізетін халықтық кеңсе облысымызда алғашқылардың бірі болып ауданымызда ашылып, тұрғындарға қажетті кеңестері мен қызметтерін көрсетпек» деп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Қуанышты сәтте ел ағасы, ішкі істер органдарының ардагері Жұмахан Әбдіқадыров бата берсе, жиын соңы аудан өнерпаздарының ән шашуымен жалғасын тапты.
Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі