ТҮРКІСТАНДА 1 АУЫСЫМДА 500 ЕМДЕЛУШІГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ЕМХАНА САЛЫНАДЫ

1050
Түркістан облысында тұратын 2 миллионға жуық халыққа 30 ауруханалық ұйым, санаторийлер мен жедел медициналық көмек станциясы қызмет көрсетіп келеді. Жалпы өңірде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық учаскелерінің саны 1119, оның ішінде 783 жалпы тәжірибе дәрігерлерінің учаскелері, 127 терапевтік, 209  педиатриялық учаскелер. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз жиынын өткізген Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, облыстағы медицина саласы өзге өңірлермен салыстырмалы түрде алғанда біршама ілгері дамып келеді.
«2018 жылы Кентау, Сайрам, Сарыағаш аудандарында 3 инсульттік орталықтар ашылып, облыстық бюджет есебінен 1 млрд. теңгеге 3 дана компютерлік томографтар сатып алынды. Клиникалық диагностикалық зертханалық қызметтер сапасын жақсарту, құрал-жабдықты және медициналық мақсаттағы бұйымдарды, кадрлық әлеуетті ұтымды пайдалану үшін Леңгір және Кентау қалаларында емханалар мен ауруханаларының зертханалары орталықтандырылды. Жедел медициналық көмек қызметінде «Көмек» автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілді. Барлық машиналар GPS навигациямен қамтамасыз етілген», — деді басқарма басшысы.
Медицина саласындағы қызмет сапасының жақсаруы оң нәтиже бере бастаған. Мәселен, 2018 жылы ана өлімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 35,6 пайызға, нәресте өлім-жітім 9,5 пайызға төмендеді. Ал, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 6,8 пайызға, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 9,4 пайызға азайған. Сондай-ақ, туберкулезден көз жұмғандар 20 пайызға кеміген.
Айта кетейік, облыс орталығы Түркістан қаласына ауысқалы, емханалар жетіспеушілігі сезілуде. Осыған орай алдағы уақытта 1 ауысымда 500 емделушіге қызмет көрсететін қалалық емхана салу жоспарлануда. Одан бөлек, Түркістан қаласында жедел жәрдем стансасы Түркістан облысының халқына қызмет атқаруына байланысты, заманауи ғимарат, CALL-орталығы, автотұрақтары қажет етеді. Осыған байланысты, Түркістан қаласында 500 мың шақыртуға арналған Облыстық жедел медициналық жәрдем көрсету стансасының құрылысы жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі