Басты Қазақстан Өзбекстан азаматы Қазақстанға есірткі алып өтпекші болған
Өзбекстан азаматы Қазақстанға есірткі алып өтпекші болған жерінен ұсталды, — деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сарыағаш шекара отрядының «Қазығұрт-авто» өткізу бөлімшесінде шекарашылардың есірткі іздеуге арнайы үйретілген қызметтік иті жолаушылар терминалының ішінде Өзбекстаннан біздің елге қарай өтіп келе жатқан 1983 жылғы өзбекстандықты меңзеді.
Шекарашылар бұл азаматты жеке алып шығып тексерген кезде оның шұлығының ішінен жабысқақ лентамен оралған 3 түйіншек тауып алды. Бұл сараптама қорытындысы бойынша, жалпы салмағы 65 грамға жуық кептірілген марихуана болып шықты. Ұсталған азамат айғақ затымен бірге ішкі істер органдарының қызметкерлеріне тапсырылды», — делінген шекара қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар, Алматы қаласының халықаралық әуежайында заңсыз ақша алып өтпекші болған азамат ұсталған. «Алматы» шекаралық бақылау отрядының шекара наряды Алматы қаласының халықаралық әуежайында бүгін (26 қаңтар 2019 жыл), түнгі сағат 4 шамасында «Алматы — Дубай» бағытымен ұшқалы тұрған FZ — 736 әуе рейсінің жолаушыларының арасынан 1987 жылы туған «П» деген Қазақстан азаматын ұстады.
Ол өзімен бірге декларацияланбаған 16 000 АҚШ долларын алып кетпек болған екен. Ақша актіленіп «Жетісу» кеден бекетіне тапсырылды», — делінген таратылған хабарламда.
Сондай-ақ, Қорғаста 110 келі иесіз тауар табылған. «Қорғастағы Халықаралық шекара бойы ынтымақтастығы орталығының аумағынан, дәлірек айтқанда Қазақстанға қарай кіретін залдан шекарашылар кеден бекетінің қызметкерлерімен бірге жалпы салмағы 110 келіге жуық иесіз заттар (киім-кешек пен төсек жабдықтары) тауып алып, актімен «Алтынкөл» кеден бекетінің қызметкерлеріне тапсырды», — делінген ҰҚК ШҚ хабарламасында.