Шымкент: жас түлектер ант қабылдады

768
Шымкент қаласы Полиция департаменті ғимаратының жанында карантиндік режимге байланысты барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, «23-маусым — Қазақстан Республикасының Полициясы күні» мерекесіне орай ант қабылдау рәсімі өтті.
Қазақстан полициясының мерекесімен тұспа-тұс келген іс-шарада ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығын тәмамдап келген 25 жас полицей ант қабылдады. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен аталған министрлікке қарасты Алматы, Ақтөбе қалаларындағы жоғарғы оқу орындарын аяқтап келген жалпы саны 23 бітіруші түлекке диплом және полиция лейтенанты арнаулы атағы берілді. Салтанатты рәсімге Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
«Қазақстан полициясы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халық арасында сақтықты басты орынға қойған. Өз қызметтік міндетін атқаруға адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, халық арасында сақтық жұмысын жүргізетін де полицейлер. Азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғайтын білікті мамандарымыздың қатары көбейе берсін!» — деп, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Е.Жумаханбетов полиция қатарына жаңадан қосылған жас буынды айтулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, ант қабылдау — әрбір полиция қызметкері үшін толғандыратын салтанатты сәт екендігін атап өтіп, өзінің қызметін, өмірлік жолын халыққа қызмет етумен байланыстырған жас қызметкерлердің азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына сәттілік тіледі.
Іс-шарадан кейін департамент қызметкерлері саппен алаңда жүріп өтті.