Бораттың сандырағы: Ит үреді, керуен көшеді…

1243

Біздің балалық шағымыз қазіргідей интернеттің өрісі кеңімеген, әлеуметтік желі деген ұғымның мұрнымызға иісі де келмеген тоқсаныншы жылдардан бері қарай өтті. Аппақ шаңның ортасында тұншығып доп қуалап, асық ойнағаннан кейінгі қол жетпес қызықтың көкесі сол кезде хит болған «видиктен» ата-анасы жұмысқа кеткен үйде бас қосып, кино көру еді. Ван Дамм, Сильвестр, Арнольдтар сол кездегі қай жеткіншектің болмасын кумиріне айналды.

«Америкалық арман» деген ұғым санамызда тамырын жайды. Мұхиттың арғы бетіндегі «басқа әлемді» көрсем деген қиял кейін мақсатқа айналды. Араға он бес жыл салып бала кездегі арманым жүзеге асып, АҚШ-қа жол тарттым. 2011 жыл еді. Жат жерде жарты жылдай аялдадым. Аптықты баса алмай жеткен көңіл кейін су сепкендей басылды. Неге дейсіз ғой? Бәріне кінәлі аты өшкір Борат…

2006 жылы Қазақстан деген мемлекет Гуглда ең көп ізделген сөздер тізіміне кірді. Мұндай қызығушылықтың күрт өсуі осы жылы жарыққа шыққан «Борат» фильмімен байланысты екенінен бәрі хабардар. Фильм желісі қазақстандық журналистің Америкаға барып, мәдениеттен жұрдай екенін көрсету арқылы өзін ғана емес, елін масқаралау аясында өрбиді. Фильм басқа жерде түсірілгенімен, әлем Қазақстанды осылай таныды.

Америкадағы өміріме оралсам. Мэриленд штатының Глен Бэрни қаласында тұрақтадым. Басында жатырқағанмен, кейін көршілермен де, жұмыстағы әріптестеріммен де емен-жарқын араласып кеттім. Бірақ бәрінің Қазақстаннан екенімді естігенде езулерін жия алмай, «Борат» деп сықылықтай күлгені, қайтерімді білмей, тамағыма өксік тығылғаны әлі күнге көңілімде сайрап жатыр. Бораттың сонда ғана бізге қандай қара дақ жаққанын түсіндім. Кейін бұлқан-талқан болмай, мазақтай қарағандарға Қазақстанның мүлде басқа дамыған ел, қазақтардың салт-дәстүрі, мәдениеті бай екенін түсіндіріп, интернеттен түрлі видеоны көрсетіп, теңізге құйған тамшыдай болса да, ойларын өзімше өзгертуге тырысып бақтым. Мұхит асқан қай қазақтың болмасын, сол жылдары дәл мен секілді осылай отанының абыройы үшін шыр-пыр болғанына күмәнім жоқ. Арадағы жылдар бұл жараны жазды. Борат дақпыртын басты, әлем басқа Қазақстанды таныды.

Енді араға 14 жыл салып Борат аты қайтадан әлемді елең еткізіп, әлеуметтік желіні өз трейлерімен шулатып жатыр. Екінші бөлімнің сценарийі бойынша сол баяғы қазақстандық журналистің Америкаға барып, шым-шытырық оқиғаларға тап болуымен жалғаспақ. «Арнайы хабарландыру» деген қазақ қарпімен басталатын трейлер Қазақстанның Ақпарат министрлігінің атын жамылған. Британдық актер елтаңбаны да, «соңғы жаңалықтар» деген титрды да тауып, қосуды ұмытпапты. Трейлерді көріп-ақ төбе шашы тік тұрғандардың бірі – режиссер Еркін Рақышев. Бір кездері ол жауап ретінде «Менің ағам Борат» деген фильм де түсірді. Бірақ белгісіз себептермен жарық көрмеді. Ашулы ағамыз бізге берген сұхбатында сайқымазақ Саша Барон Коэннің бұлай тайраңдауына жоғары деңгейде тыйым салу керек екенін алға тартты: «Біздің үкімет, сыртқы істер министрлігі бар, басқа да құзырлы органдар бар, қатаң түрде талап ету керек. Осы фильмді шығарған режиссерден де, киностудиядан да, сол мемлекеттен де. Себебі, барлық әлемдік қауымдастықтардың алдында заң бар, қандай да бір ұлттың арына, намысына тиюге болмайды. Қажет болса, Боратты қорлап, мазақтап, ақымақ қылып тағы да кино түсіремін. Одан кейін жүрсін, өмір бойы нәжістен тазалана алмай. Бұл оңбағандармен басқаша қалай күресу керек екенін білмеймін». Еркін Рақышев секілді бұл фильмге қарсы барлық жанашырлардың өкпесі мен өтінішіне қатысты мәдениет және спорт министрлігіне сұрағымызды қойдық. «Борат бұл жолы да отандық прокатқа шықпайды» деп жауап берді. «Екінші бөлімінің Қазақстанға тікелей қатысы жоқ, босқа дабыралауға себеп жоқ» дегенді қосып қойды. Министрлікке қарасты мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Ғани Мұратов өз ойын былайша өрбітті: «Бұл комедия жанрында және Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ. Тек қана кейбір кезде Қазақстан деген атауды қолданады. Жалпы халықтың аса бір көңілге алмауына болады деп ойлаймын. Өйткені бұл туындының Қазақстанға жалпы алғанда, қатысы жоқ».

«Амазон прайм видео» стримингтік сервисі пандемияға байланысты фильм тұсаукесері 23-і қазанда интернетте өтетінін сүйіншілей хабарлады. «Ең бастысы, кинотеатрларда көрсетілмейді» деп әңгімені жылы жаба салуға болар еді. Бірақ әлеуметтік желідегі сауалнама мен сұранысты саралаған сарапшылар, бұл жолғы көрілім кинотеатрлардан да екі есеге асып түсуі мүмкін деп топшылайды. Оның ішінде қазақстандық көрермендер де бар. Өйткені интернеттегі тұсаукесерге тұсау салуға алдын ала мүмкіндік жоқ. Жолын кесу үшін алдымен мазмұнымен танысу қажет екен. Ол жайын ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми өкілі Максим Рожин былайша түсіндірді: «Тек кино шыққаннан кейін ғана біздің жалпы министрліктің белгілі бір сараптамасынан өтетін жоспар бар. Енді сол кезде ғана белгілі болады. Егер ол кино белгілі бір нормаларды бұзса, әрине, біздің құзыретіміз аясында шара қолданылады. Қазақстан аумағында біздің заңнаманы бұзатын контент жабылады».

Қазір Бораттың екінші бөлімінің жарыққа шығуына бей-жай қарай алмаған азаматтар, елдегі және шетелдегі қазақстандықтар петицияға қосылып жатыр. Әлеуметтік желіде әліге дейін британдық актердің туындысына қарсы қол жинау науқаны өтуде. Жат жерде келемеж болдық деген жерлестеріміздің бірі – Ұлыбританияда тұратын Лола Асқарова. Қазақстан азаматтығынан бас тартып, біржолата басқа елге көшкенімен, ұлт намысын таптайтын мұндай туындының насихатталуы оның ашуын туғызған көрінеді. Фейсбук парақшасында ойын былайша түйіндепті: «Егер Боратты ойнайтын Саша Барон Коэн қара нәсілдіні немесе еврейді көрсеткенде, онда оны соттап, ал фильмді баяғыда жауып тастайтын еді. Бірінші Боратта ол біздің ұлтымызды төмендетіп, миллиондаған доллар табыс тапты. Енді тағы ақша жасамақшы. Бұл – біздің елді басынғандық. Сондықтан сайқымазақты тоқтатуды талап етемін». Петицияға қарсы қол қойғандардың саны 100 мыңнан асып кетті. Сәт сайын бұл сан өсіп жатыр. Қалай дегенмен, фильм төңірегіндегі дау киноның көрерменін көбейтетін сыңайлы. Небәрі бір аптаның төңірегінде ютубтағы трейлерді 10 миллионға жуық адам көріп үлгерген.

Америкада «Бораттың елінен келген» деген сөзге күйініп жүргенде бір ой қылаң берді. «Саша Барон Коэннің өзін тауып, менімен бірге жүруге көндірсем ғой, шіркін» деп қиялдадым. Қазақстанға табанын тигізіп, аңқылдаған ақкөңіл қазақтардың қонақжайлығымен танысса, тұмса табиғатты бір шолып, дархан даламызға бір көз жүгіртсе, қанша ғасырдан бері келе жатқан салт-дәстүрімізді ұғынса, бәлкім, ойы өзгерер ме еді? Мүмкін, АҚШ-қа қайта барып «Бораттың» бұрыс емес, дұрыс түрін түсірер ме деген ойға шомдым. Шомдым да қойдым. Жалған хайп қуғандар оны қайтсін? Битке өкпелеп, тонды отқа жақпайық. Қазақ, Қазақстан деген атты асқақтатып жүрген азаматтарымыз, әлем алдында аз уақытта дамудың даңғыл жолына түсіп, өзгелермен терезесін теңестіре алған Тәуелсіз еліміз барда мұртымызды балта шаппас. Ит үреді, керуен көшеді!

Асқарбек Қазанғап