Дәретхана жөндеуге – 70 миллион!

1239

Қарағанды облысы әкімдігінің өңір басшысы Жеңіс Қасымбек отыратын алтыншы қабатындағы дәретхана мен дәліз күрделі жөндеуден өткізеледі екен. Бұл ақпарат мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған. Әрине, қай әкімдікке жөндеу жасалмай жатыр дейсіз, дегенмен бұл жолғы жұмыстардың үлкен жырға айналатын түрі бар. Өйткені әкімдіктің дәретханасын жөндеу – құпия жұмыстар қатарына жатқызылыпты. Соған сәйкес, жөндеу жасайтын компания Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы рұқсатын алып, сүзгіден өтуі тиіс. Тағы бір айта кетер жайт, облыс әкімі отыратын қабаттағы дәретхана мен дәлізді жөндеуге 70 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылыпты. Алайда көп уақыт өтпей-ақ бұл тапсырыстың шарттарына өзгеріс енгізілетін болғандықтан, хабарлама порталдан алынды – шенеуніктер байқауды кейін қайта жариялайтын болыпты.  Әкім отыратын қабаттағы дәретхана мен дәлізді кез келген компанияның жөндей алмауына әкімдік ғимаратының стратегиялық нысан болуы себеп болған көрінеді.– Алтыншы қабаттағы дәліздерді жөндеу барысында арнайы байланыс жүйесінің орнын ауыстыру қажет. Осыған орай, байқау бойынша жүргізілетін жұмыстарды арнайы тәртіпте өткізу туралы шешім қабылданған болатын-ды. Бұл жұмыстарға қоса, санитарлық талаптарды сақтап жөндеумен қатар, жылыту жүйесі, едендер, төбелер мен есіктер ауыстырылады. Сондай-ақ электр сымдарын толық ауыстыру да көзделген, – делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.Әлеуметтік желідегі жұрт «жөндеу жұмыстарына осынша ақша жұмсағанша, бұрынғы қалпында тұра берсе де жаман емес, есесіне, қаражатты әлеуметтік салаға неге бағыттамайды?» деген пікірлер айтуда.Әкімқаралардың дәретханасы мен дәлізі қауіпсіз болып, сапалы жөндеуден өтсе, шенділеріміз алаңсыз еңбек етіп,  Жаңа Қазақстанға нық қадам басармыз деген үміт жоқ емес. «Үмітсіз – шайтан», деген елміз ғой…

Арайлым ЕРКЕБАЕВА