ДІН ӨКІЛДЕРІ ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН САЙЫСТЫ

844

Шымкентте діни конфессия өкілдері арасындағы спорттық сайыстар жалғасуда. Дін өкілдерінің спартакиадасының аясындағы үстел теннисі жарысы «Мұз сарайында» өтті. Спорт бәсекесіне 20-дан астам қатысушы жиналды.

– Дін өкілдерінің арасындағы спорт сайыстары жылда ұйымдастырылып тұрады. Биылғы ерекшелік – жарыстар бір күнде емес, бір ай бойы спартиакиада түрінде өтуде. Бұл жолы үстел теннисінен жарыс өткізіліп, өзара мықтылар анықталады. Ал жеңімпаздар спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімінде марапатталады, – деді Шымкент қаласының дін істері басқармасының қызметкері Ғалымжан Сарманов.

Жоспар бойынша алдағы уақытта Қажымұқан атындағы орталық стадионда шахмат жарысы өтеді.

Айта кетейік, дін өкілдері арасындағы спартакиада Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен 18 қазан – Рухани келісім күніне орайластырып өткізілуде. Мұндағы мақсат – тұрғындар арасындағы татулық пен келісімді нығайту, бұқаралық спортты насихаттау, салауатты өмір салтын рәсімдеу. Бір айлық бәсеке 15 қазан күні мәресіне жетіп, түрлі сайыстардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталады.