Шымкентте жылына 200 мың тонна ұн өндіріледі

1391

Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры мен қалыпты бөлке нан бағасы тұрақты және тапшылық жоқ. Бүгінде қала аумағында 30 мың тоннаға жуық әлеуметтік азық-түлік тауарлардың қоры бар. Оның ішінде 5 айға жететін бірінші сұрыпты ұн қоры бар.

Мегаполисте астықты қайта өңдейтін 10 ұн өндіретін кәсіпорын жұмыс істейді. Олармен жылына 200 мың тонна ұн өндіріледі. Аталған диірмендерде екі айға жететін шикізат бар.

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов ұн қорының жеткілікті деңгейде шығарылуына көз жеткізу үшін астықты өңдейтін «Дани Нан» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Кәсіпорын күніне 430 тонна бидайды қайта өңдеп, қаланы бидай ұнымен толығымен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, Республика аумағына және көршілес тұрған елдерге экспортқа шығарады.

Осы ретте, қала басшысы ұн бағасының көтерлуі нан бағасының өсуіне әсер ететінін айтып, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін шетелге экспортталатын ұн көлемін азайта тұруды айтты.

Қазіргі таңда қалыпты бөлке нан бағасын тұрақтандыру мақсатында, наубайханаларға тұрақтандыру қорынан әлеуметтік бағада ұн үлестірілуде.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі