Түркістан облысында «Оңтүстік аңыздары» экспедициясы басталды

1553
Бүгін республикалық деңгейдегі «Nomad explorer»  экспедициясы Түркістан облысына келді.  «Оңтүстік аңыздары»  атты туристік экспедицияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ге жуық саяхатшы қатысуда,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Марғұлан Сейсембаевтың бастамасымен құрылған экспедиция құрамында елге танымал қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, журналистер, өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар және өзге де сала өкілдері бар.  Бұған дейін  Жамбыл облысының киелі орындарын аралаған саяхатшылар өңірдің  табиғаты мен шежірелі тарихымен танысты. Қонақтар Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірінде болып, ондағы ерекше көрініске сүйсінді.
Белгілі спорт жанашыры,  «Қазақстан барысы»  жобасының авторы Арман Шораев экспедицияға осы үңгірді көру үшін арнайы келгенін айтып өтті.  Ал, танымал режиссер Ақан Сатаев Түркістан облысында фильм түсіруге сұранып тұрған орындар өте көп екенін жеткізді. Болашақта осы бағытта жұмыс істеуге қарсы емес екенін сөз етті.
Түркістан облысында «Оңтүстік аңыздары» экспедициясы басталды
Өлкетанушы,  «Оңтүстік аңыздары» бағытының авторы Ерлан Сыздықтың айтуынша,  саяхатшылардың алған әсерлері керемет.  Оларды өлкенің табиғаты мен аңыздары қатты қызықтырған. Егер сұраныс болса, осы бағыт бойынша туристік бағыт жалғасады.  Осы арқылы Түркістан облысының туризмі дамиды. 4 автобус пен 60-тан астам жеңіл көлікке мінген саяхатшылар табиғат аясында тамақтанып, нағыз көшпенділерге тән өмірді сезінді десе болады.
Ақмешіт үңгіріне аялдаған соң саяхатшылар Домалақ ана кесенесіне зиярат жасады. Сондай-ақ Шаяндағы Аппақ Ишан мешітіне де атбасын бұрып, тарихымен танысты. Саяхатшылар Түркістан облысында туризм саласының болашағы зор екенін жеткізді. Шежіре мен аңызға толы өңірге қадам басқан экспедиция мүшелері алдағы күндері облыстағы өзге де киелі орындарды аралайды.
Түркістан облысында «Оңтүстік аңыздары» экспедициясы басталды
Айта кетейік, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында да осы салаға мән берілген. Республика бойынша киелі және туристік орындар саны бойынша да Түркістан облысы алдыңғы қатарда. Осы орайда республика көлемінде үш экспедиция ұйымдастырылған. Ауқымы және қатысушылар саны жағынан ең үлкені — осы «Оңтүстік аңыздары» саналады.