Бұдан бұрын хабарланғандай, Шымкентте ақын-жазушылардың «Қаламгер» деп аталатын қоғамдық бірлестігі құрылған еді. Оған белгілі жазушы, тарихшы, шежіреші Момбек Әбдәкімұлы жетекшілік жасайды. Бірлестік бірқатар игілікті іс-шаралар өткізіп те үлгерді,деп хабарлайды Ardak.kz
Ақын, Физули атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Құрал Көмектің 60 жылдық мерейтойын өткізіп, оны күллі Түркі әдебиетінің форумына ұластырып жіберді. Әнші, сазгер Ілесбек Амановтың туған күнін атап өтті. Атқарған тағы басқа да тірліктері баршылық. Ең бастысы — «Қаламгердің» қатары көбеюде. Оған ақын-жазушылардан бөлек әдебиетшілер, тарихшылар, ғалымдар, журналистер, суретшілер, тағы басқа да өнер адамдары тартылуда. Бүгінде олардың жалпы саны жетпіске жуықтап отыр.
Таяуда Шымкенттегі Абай атындағы қалалық кітапханада «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің кезекті басқосуы өтті. Онда аталмыш бірлестіктің кеңес мүшелері сайланды. Бірлестік басшысы Момбек Әбдәкімұлы алдағы жоспарлары жөнінде сөз сөйледі:
— Қоғамдық бірлестік мүшелерінің бәрінің қолдарына арнайы үлгідегі куәлік береміз. Бізге мүше болып табылатын өнер иелерінің мерейтойларын өткізу ниетіміз бар. Кітаптарын шығаруға көмектесеміз. Туындыларының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылатын болады. Мәселен, жазушы Захардин Қыстаубаевтың «Жүректің сөзі», ақын Сәрсен Бек Сахабаттың «Қырғауыл қонған жебе тал», өзімнің «Зобалаң» атты кітаптарымызды қалың оқырмандарға кеңінен таныстыру да жақын күндердің еншісінде. Жазда тауға шығып, табиғат аясында шығармашылық кештер ұйымдастырамыз. Өзіміздің құтханамыз, рухани ордамыз болып табылатын Шымкенттегі Абай атындағы қалалық кітапхананың 65 жылдық мерейтойын да елеусіз қалдырмаймыз. «Бір қала — бір кітап» акциясын, тағы басқа да шығармашылық байқаулар мен фестивальдер өткіземіз. Бірлестік мүшелерін «Жылдың үздік ақыны», «Жылдың үздік жазушысы», «Жылдың үздік драматургі», «Жылдың үздік әдебиеттанушысы», «Жылдың үздік журналисі», «Жылдың үздік ғалымы», «Жылдың үздік суретшісі», «Жылдың үздік кітапханашысы» секілді сан түрлі сыйлықтар мен марапаттарға, орден-медальдарға ұсынамыз. Өз тарапымыздан «Үздік шығармашылығы үшін» төсбелгісімен марапаттайтын боламыз, —деді.
Ақын Қабылбек Төретаев бірлестік мүшелерінің шығармаларын Шымкентте шығатын «Қазығұрт» журналында жариялап тұру жөнінде ұсыныс жасады.
Жазушы Захардин Қыстаубаев:
— Жазу-сызуға ынтасы барлардың бәріне қолдан келгенше көмектесеміз. Әсіресе жастарға көбірек жәрдемдесетін боламыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» секілді
бағдарламалық мақалаларын насихаттау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу жоспарымызда бар , — деді.
Сатирик жазушы Мұхтар Шерім:
— Біз бір-біріміздің шығармаларымыздың оқымаймыз, былайша айтқанда, білмейміз десек те болады. Ішкі дүниеміз тар. Басқосу барысында мақтағанмен, сыртқа шығып даттаймыз келіп. Мұндай жаман әдеттен арылуымыз керек. Сондықтан бір-бірімізді адал, шынайы насихаттап жүруге шақырамын, — деді.
Басқосу барысында сөз сөйлеген өзге де азаматтар бірлестік жұмысын жандандыруға байланысты өздерінің ойларымен бөлісті.
Ә. ДОСЫБЕК.
Шымкент қаласы.