Сайлауға ұпай жинау үшін қатыспаймыз – «Ауыл» партиясы төрағасы

818

Бүгін елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс XXII съезі өтіп жатыр. Съезд барысында 19 наурызға белгіленген Мәжіліс сайлауына қатысатын кандидаттар тізімі бекітіліп, сайлауалды бағдарлама қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл» партиясы Парламент сайлауына осымен үшінші рет қатысқалы отыр. 2017 жылы алғаш қатысқанда көрсеткішіміз көңілден шықпады. Одан бері біздің партия бой түзеп жұмысты жандандыра түсті. Партияның толық құрылымын қалыптастырдық. Саяси ұйымға айналдық деп толық айта аламыз. 2021 жылғы сайлауда біз Парламент Мәжілісіне өте алмадық. Дегенмен 237 кандидатымыз жергілікті мәслихаттар депутаты атанды. Сонымен қатар ауыл әкімдері сайлауында біздің партияның 35 мүшесі ауыл әкімі болып сайланды», — «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев съезд алдында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Партия басшысы мәлімдегендей, ауылдықтар биылғы сайлаудан үлкен үміт күтіп отыр. Саяси науқанға қатысуға дайын.

«Бүгінгі съезде біздің партияның сайлауалды бағдарламасы мен кандидаттар тізімі талқыланады. Біздің партияның саяси бағыты өзгерген емес,өзгермейді де, ол — ауыл мен ауыл шаруашылығы саласын дамыту. Біз сайлау үшін немесе ұпай жинау үшін қатыспаймыз. Ана саланы, мына саланы қамтимыз немесе қалалардағы мәселелерді шешуге қатысамыз деген секілді мәлімдеме жасаған емеспіз. Ауыл — біздің тұрақты болашағымыз. Себебі ауыл – еліміздің негізі, экономиканың драйвері. Ауыл болса азық-түлік болады, ас болса еліміздің, халқымыздың амандығы болады. Қай мемлекетте болса да, азық-түлік қауіпсіздігін қамту — алдыңғы қатары мәселенің бірі. Егер біз ауылдың жағдайын жақсартып, тұрақтандырсақ онда қаланың жағдайы жақсарады», — дейді ол.

Ә.Бектаевтың айтуынша, ауылда өндірілген өнімнің әр тоннасы қалада кем дегенде 4-5 адамды жұмыспен камтиды.

«Ел экономикасы ауылдың дамуына тікелей байланысты. Сондықтан біздің саяси бағытымыз тек ауылмен байланысты болады. Мәжіліс сайлауынан сәтті өткен күннің өзінде біз ауылдың мәселесін көтеруден жалықпаймыз. Съезге дейін облыстардағы барлық филиалда партия конференциялары өтті. Нәтижесінде 600-ден астам кандидат мәслихаттардың депутаттығына ұсынылды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп», — деп толықтырды партия төрағасы.