ШЫҒЫС ӘПСАНАЛАРЫ НЕГІЗІНДЕ ЖАЗЫЛҒАН МЫСАЛ ӘҢГІМЕЛЕР

2364
 Ежелгі өсиет-намалар рухани жаңғыруымыздың негізі.
                                   
  ӘР ПЕНДЕНІҢ АҚЫРЫН ОҢҒАРСЫН
Ерте замандардың бірінде Сахара елінде көңіліне күдік ұялағыш, шыдамсыздау бір
патша өмір сүріпті. Алайда патшаның бас уәзірі ақылды, әрі асқан сабырлы жан екен.
Уәзірі патшасына қандай жағдай болса да «Ісіңіз қайырлы болсын!»-дейді екен. Күнде
ести берген соң патша уәзірінің осы сөзінен жалыға бастапты.
Бір күні патшаның көңіл күйі төмендеу болып отырғанда бас уәзірі тағы да:
— Ісіңіз қайырлы болсын мәртебелі, патшам!-дейді.
Көңіл-хошы болмай отырған патша ағзам:
— Осы сөзіңнен-ақ мезі болып біттім!-деп сол қолын уәзіріне қарай сілтеп қалғанда,
сүйеулі тұрған семсерге қағыс тиіп, кішкентай саусағын оңдырмай кесіп алады. Бір
саусағынан айырылған патша: «Сенің кесіріңнен саусағымнан айырылдым»,-деп уәзірін зынданға қаматып тастайды.
…Күндер өте береді. Бір күні еріккен патша нөкерлерімен ну орманда аң аулап жүріп,
ойда жоқта жабайы адамдардың қолына түсіп қалады. Бұлар адам етін жейтін
каннибалдар екен. Олардың жазылмаған салты бойынша қолға түскендердің саулығын
шешіндіріп тексереді екен де, дене мүшесінің кемдігі болса, жеуге жарамайды деп
босатып жібереді екен. Бір саусағы жоқ патшаны кемтар санап, басына азаттық береді.
Бостандыққа шыққан патша арып-ашып еліне әзер жетеді. Патшалығын жалғастырған
алғашқы күні: «Тез арада бас уәзірді әкеліңдер!»-дейді. Зынданнан алып келген уәзіріне басынан өткенді баяндап:
— Сенің сөзің, шынында да қайырлы боп, өмірімді сақтап қалды,-дейді.
Патшасын мұқият тыңдаған бас уәзір:
— Мәртебелі, патша ағзам! Ол сөз сізге ғана емес, маған да шапағатын тигізді.
— Қалайша? Сен жабайылардың қолына түскен жоқсың ғой…
— Егерде сіз менің сөзіме ашуланып саусағыңызды кесіп алмағанда, мені де аңға ертіп
кетер едіңіз. Сөйтіп дене мүшеңіз бүтін сіз де, мен де жабайыларға жем болар едік.
Қайырлы болғаны осы…- деген екен.
                                                         
Ж А З М Ы Ш
Даңқы жер жарған князь Олегке көріпкел-балгерлер «Ажалың атыңнан болады»,-деген
екен. Қаншама жойқын соғыстардан аман алып шыққан тұлпарынан ажал құшасың
дегенге Олег әсте сене қоймайды. Уақыт өте келе аты қартайып өледі. Атын майдан
даласының бір бұрышына ер-тоқымымен бірге құрметтеп көмеді.
Уақыт зымырап өте береді… Бірде князь жорықтан қайтып келе жатып, баяғы атын
жерлеген жерге душар келіп қалады.
— Маған ажалың атыңнан болады деп еді, сол сөз жалған болды-ау, шамасы,-деп аты
көмілген жерге келсе, әлдеқашан сүйегі қурап кеткен тұлпарының басы сыртта жатыр
екен. Қубас сүйекті қолына ала бергенде, бастың қуысында жатқан улы жылан қолына
оралып, шағып өлтіреді.
…Иә, жазмыштан озмыш жоқ, маңдайға жазылған нәрсе болмай қоймайды дегенді
дана халық тегін айтпаған болса керек.
                                                         
  С А Б Ы Р
Бір шәкірт Самархан мен Бұхарадағы оқу ордаларында білім алып, әйгілі Көгалташ
медресесінде оқып, Араб еліндегі Әл-Ахса мешітіндегі ғұлама қариларға мүрид (шәкірт) болып, білімін ұшан-теңіз молайтып еліне қайтыпты. Ауылына бірер күндік жер
қалғанда, мал бағып жүрген бейтаныс қарияға жолығып сәлем береді.
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам! Уа, сапарың әлей болсын, балам. Қайдан келе жатырсың?
Шәкірт үлкен шахарлардан білім алып, «Сияр Шәріп», «Мұхтасар», «Ғылымхал»
кітаптарын тауысып, ислам негіздерінен терең білім алып келе жатқанын баян етеді.
– Бәрекелде! Ауылымыз тағы бір сауаты кемел білімдармен толығыпты да! Жақсы
болған екен. Медреседе «Сабыр» деген кітаптан мағлұмат берді ме?
– Жоқ.
— Әттеген-ай, ауылға барғанда «Сабырды» оқыдың ба десе, не дейсің?
— Сізде сол кітап бар ма?-депті шәкірт айыпты адамдай.
– Ешкімге бермей жүр едім, алайда киелі жерлердегі оқу орындарын тамамдаған саған
бермесем болмас. Тек мен үйден кітапты алып келгенше бір отар қойға қарай тұрасың,-дейді. Мына ұсынысқа қуанып кеткен шәкірт:
— Мақұл, ата!-деп қуана-қуана келісіпті.
— Егерде мен кешігіп қалсам, малды ана төмендегі суаттан суғарып, кешкілік анау тұрған қораға қамарсың.Итқұс деген бар, соған да сақ бол!-деген ақсақал кітапты алып келуге кетіпті.
Қария сол кеткеннен үш күн оралмапты.Шәкірт бұрын қой бағып көрмеген болса да,берген уәдесінен шығуға тырысып малға мұқият қарап, тынбай жұмыс істейді.Таңертең жайып, түсте суатқа айдап, кешкісін қораға қамап малдан шығын шығармайды. Өзі де үш күннің ішінде сақал-шашы өсіп, әбіржіп кетеді. Үшінші күні қария оралады. Аман-саулықтан соң бірден кітапты сұрамай малдың
жайынан хабар берген шәкірттің салмақты мінезіне разы болған қария:
— Бәрекелде, балам! Үш күн деген көп уақыт болмаса да, адамды сынауға толық жететін мерзім.Осы уақыт ішінде малдың қоңын түсірмей, шығын шығармай, итқұсқа алдырмай баққаның сенің сабырлы екендігіңді білдіреді. Үш күнге төзімің жетіп шыдап, «Сабыр» деген кітаптың алғашқы сынағынан сүрінбей өтіп, кітаппен таныс болдың. Сабырсыз құлға сау ақыл нәсіп болмайды, «Сабыр» деген кітап — осы болады балам! Өмір деген ұзақ сапарда әлі талай бұралаң жолдар мен соқпақтарға душар келесің, сол кезде де осылай ақылыңа сабырды серік етсең, адам деген атқа кір келтірмей, бақытты ғұмыр кешесің,-деп қария батасын беріп, бір қошқарын жетектетіп шәкіртті шығарып салыпты.
Қанша білімді болсаң да сабыр сақтап, сөздің ақырын тосып, ақылыңды жүрекке
билетіп барып жұмыс істесең қателесуің де аз болады. «Сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» деген мәтелді бабаларымыз тегін айтпаған.
                                               
 БӨДЕНЕНІҢ ӨСИЕТІ
Мұндай тәмсілдер Шығыс шайырлары мен ғұламаларының мысал әңгімелерінде
көптеп кездеседі. Солардың ішіндегі бөдене туралы әпсана былай сыр шертеді:
Бөдене балапандарын ұясынан ұшырарда мынадай аналық өсиет айтты.
— Балаларым, бұдан былай анамыз тамақ тасып, аузымызға салып береді екен деп
күтпеңдер. Енді қанаттарың қатайды, өз беттеріңше тіршілік жасауға жарап қалдыңдар.
Ұядан ұшырарда сендерге айтатын аналық насихатымды құлақ қойып тыңдап алыңдар.
Айтқан өсиетімді естеріңнен шығармай орындасаңдар, өздеріңе бұйырған несібелеріңді теріп ұзақ жасайсыңдар. Қаншама қиналсаңдар да бұйырған несібеге разы болып, аз болса да соны қанағат тұтыңдар. Ал енді жанына су қойылып, көп дән шашып тастаған жерге жолаушы болмаңдар. Жер бетіндегі адамзат деген тайпа әр түрлі тәтті азықтарды елеусіз жерге шашып, құстарға тұзақ құрады. Оңай олжаға құмартқан аңқау құстар тегін асқа кенелдім деп сол қақпанға түсіп қалады. Ал адамдар болса, қолға түскен құстардың «бытпылдықтап» сайраған даусын естіп құмардан шығады, не болмаса сойып сорпаға қосады, немесе өздерің секілді бөденелермен төбелестіріп, рахаттанып қызықтарыңа батады. Сендерден жүз мәртебе, тіпті мың мәртебе өтініп сұраймын – қанша аш болсаңдар да ондай жерлерге жоламаңдар. Менің осы ақылым естеріңнен шықпасын,-деп өз өсиетін аяқтайды.
…Күндер зымырап өтіп жатады. Бірде бөдененің жеңілтектеу бір балапаны ұшып жүріп
бидай дәні көп шашылған жерге душар келіп қалады. Жанында шөлді басар сусынға дейін қойылыпты. Бөдене: «Анам айтқан қыл тұзақ осы болса керек»-деп ойлайды. Қиналып тауып жеп жүрген тамағының мына жердегі көл-көсір боп, иен тегін жатуы бейшара бөденені қызықтырып-ақ жібереді. «Мына байлықтан бір рет жесем еш нәрсе бола қоймас»,-деп ойлайды да, бір рет шоқып көреді. Өзі жеп жүрген дәннен әлдеқайда дәмді боп көрінеді. Екінші рет шоқығанда да тұзаққа іліне қоймайды. Тойымсыздық дендеген бөдене үшінші рет шоқимын деп ұмтылғанда «сап» етіп тұзаққа ілініп қалады.
— О, сорлы басым! Анамның айтқан өсиетіне құлақ аспаған ашкөздігім құрысын,
ашкөздігім құрысын! Басыма түскен бәлеге тамақсаулығым себепкер болды,-дейді.
Құстың адамша тіл қатқанына бөденепаз қайран қалады.
— Сен не, сөйлейтін бөденемісің?
— Иә, сөйлеймін. Енді сен мені қапасыңа қамап сайратып қоясың, яки болмаса өзім
секілді бір бейшара бөденемен төбелестіріп қызығыма батасың, жүдә болмаса сорпаға
қосып ішіп жібересің. Осы үшеуінің бірін іске асырасың ба, жоқ әлде үш насихатымды
тыңдайсың ба?
Аң-таң қалған бөденепаз ойланып тұрады да, үйдегі бөденелерім де жетер деп:
— Жарайды, насихаттарыңды айтсаң айта ғой,-дейді.
— Біріншісін ашылған алақаныңда айтамын, екіншісін алаңқайға қонып отырып
айтамын, үшіншісін ұшып бара жатып айтамын,-дейді де, ашылған алақанда қанатын
қағып-қағып тастап, дүр сілкінеді де:
— Бірінші насихатым: Басыңнан ұшқан баққа еш уақыт өкінуші болма. Кеткен бақ
кетеді, оны кері қайтарам деп әуре болма. Көп адам басынан ұшқан бағын қайтарам деп әлекке түседі. Сөйтіп жүріп өзіне жау, басына дау арттырады, тіпті айықпас дертке де ұшырып қалады. Болған іске болаттай берік болып, Алладан ғана медет сұрап, сабыр қылсаң тірлігің ары қарай жалғасын тауып, бәрі де орнына келеді. Бас аман, бауыр бүтін болса бақ пен дәулетке өз өміріңде талай рет жолығасың…-деген бөдене екінші ақылын айтпаққа, тегіс алаңқайға барып қонады.
— Екінші насихатым: Алла Тағала жер бетіндегі жанды мақлұқаттардың ішінен адам
баласына ақыл-сананы өте көп берген. Сондықтан нендей жағдай болса да ақыл таразыңа сал. Өзің туралы айтылған түрлі өсекке сенбе. Мүмкін досың, яки көршің сен туралы ондай ғайбат айтпаған болар. Көпшілік ортада танымайтын кісі жөніндегі теріс пікірді қостай кетуге асықпа. Өмірде неше түрлі жағдайлар болады — шындық пен лақап, адалдық пен арамдық, ақиқат пен қауесет, нала мен жала қатар жүріп отырады. Істің ақ-қарасын ажыратып, ақыл таразыңа салып: «Бұл нәрсе аят, хадисте бар ма? Салтымызға сай келе ме? Осылай айтсам біреудің обалына қалмаймын ба? Айтқаным әділдікке қарсы келіп, күпірлік жасап алмаймын ба?»-деп көкірек көзіңнен өткіз, сонан кейін барып шешім қабылда. «Пәленше жаман, түгенше арам» дегенге сеніп, алашапқын бола бермей, Алла берген ақыл таразыңа сал. Бөдене осы екі ақылды айтады да, осының өзін бір сынап көрейінші деп:
— Ей, адам баласы, егерде сен мені сойғаныңда ішімде тұқымдай гауһар бар еді. Ол асыл тастың қымбаттығы сондай, бір қаланы түгел сатып алуыңа болар еді,- дейді.
Мына тосын хабарды естіген әлгі байғұс көзі шарасынан шыға:
— О…о, Құдайым-ай, өзің жеткізіп-ақ тұрған екенсің ғой! Ақымақ басым қолға қонған
несібемнен айырылып, қара басқанын қарашы. Бүкіл ғұмырыма жететін байлық тұрғанда, өсиетіңнің керегі қанша еді..,-деп «аһ» ұра жер тепкілей еңірепті.
— Ә-ә, бейшара… Сен де дүниеқоңыз көп пенденің бірі екенсің… Мен анам айтқан
ақылды тыңдамай тұзаққа түсіп, әрең құтылдым. Сен болсаң қазір ғана «басыңнан ұшқан баққа өкінуші болма, Алладан ғана көмек сұрап, сабыр қыл» деген бірінші насихатымды естісең де, зердеңе тұтпадың. Артынша «адам баласының ақыл-санасы зерек жаратылған, сондықтан естігенің мен көргеніңді ақыл таразыңа сал» деген өсиетіме де құлақ аспадың. Мен құйттай ғана бөдене болсам, шынашақтай бөтегеме тұқымдай гауһар қалай сыйсын.
Осыған ақылың жетпеді ме, парықсыз?
— Мейлі, болары болды, үшінші ақылыңды айт.
— Жоқ, ақымаққа айтқан өсиет құмға төккен сумен тең, санасызға айтқан насихат
аспанға ұшқан бумен тең,-деп бөдене ұшып кеткен екен.
                                 
 АҚЫМАҚҚА АЙТҚАН АҚЫЛ ЗАЯ
Шығыстың белгілі шайыры Сағдидың заманында мынадай әпсана айтылады:
Көне Үндістан жеріндегі ну орманда ақылды, һәм зерек тотықұс өмір сүріпті. Сол
орманда үсті жылтылдап тұратын қызыл құрт жасайды екен. Маймылдар әлгі қызыл
құртты от деп ойлап, олардың үстіне құрғақ ағаш үйіп, от жағып жылынбақ болыпты.
Мұны көрген тотықұс оларға:
— Ей, маймылдар, «бұл шоқ емес, жай ғана құрт» деген ақылына маймылдар назар
аудармапты. Бір кезде тотықұс: «Бейшаралар жүддә әуре-сарсаңға түсті-ау»,-деп
жандарына барып түсіндірмек болып, төменге түседі. Алайда есірік буып, елірмелеп алған маймылдар тотықұстың ақылына назар аудармақ түгіл, оның өзін таптап өлтіріп қойыпты.
…Ақымақты жөнге салып, бетін бері бұрайын десең, ол өзінің қауашағындағы кембағал
санасына сенің ақылыңды тыңдата алмайды. Керек десең өзінің мардымсыз ақылымен
сені дұшпан тұтуы да мүмкін. Тіпті ондай мәңгүрттер «бұл қалайша ақылды бола қалды» деп өзіңе қастық ойлаудан да тайынбайды.
Ұлы Алла бір тамшы асыл Нұрдан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды жаратқан, сол
нұрдың шұғыласынан құлдарым дүниенің жасырын сырларын танысын деп Ақылды
жаратқан. Ақыл мен жөн сөзді тыңдауға құлықсыз, өзін біларман санайтын, парасаты кем адамға сөзіңді қор қылғанша, үндемегенің мың есе артық, байланыспағаның тіптен жақсы.
                                                          Т А Ғ Д Ы Р
Менмін деген хандар да күні біткенде құлайды,
Болса да дана, кемеңгер пенденің гүлі қурайды.
Расулды алған ажалға араша сұрап болмайды,
Ақырын тіле Алладан, мәңгілік ешкім тұрмайды.
Бір адамның ауласындағы мәжнүн талға қонған бұлбұл әсем үнімен күн сайын
сызылта сайрап отырады екен. Бұлбұлдың сайрайтын жерін біліп алған үйдің егесі:
«Даусы керемет екен, бұған тұзақ құрып ұстап алайын да, үйімде сайратып тыңдап
отырайын» деп ойлайды. Сөйтіп тұзақ құрады. Келесі күні бұлбұл шынымен де тұзаққа
түсіп қалады. Тордан жасалған тар қапасқа қамалған бейшара бұлбұл адамша сөйлей
жөнеледі:
— Қожайын, енді сенің отбасыңның бір мүшесі болдым. Менің саған жасаған бір
жақсылығым болсын – мен отырған талдың оң жақ түбін қазсаң бір құмыра алтынға
кезігесің,-дейді.
«Мына бейшара құс рас айтып тұр ма?»-деп, талдың түбін қазса, шынымен де бір
құмыра алтын тауып алады. Аң-таң қалған әлгі адам:
— Ей, бұлбұл! Зеректігің мен көзіңнің өткірлігі сондай, мәжнүн талдың түбіндегі бір
құмыра алтынды байқап қойдың. Неге енді көз алдыңдағы бадырайып тұрған қыл тұзақты көрмедің?
— Астамшылық жасама, пендем! Сенің қақпаныңа түсу менің пешенеме жазылған —
тағдырым. Ал тағдыр тақтасына жазылған Алланың бұйрығынан ешкім де құтыла
алмайды. Себебі ол — сенің өмір жолың, маңдайыңа жазылған тағдыр-талайың. Менмін
деген батагөй қарияның өзі кейде жас баланың ісін істеп қояды, зиялы деген ақылы асқан кемеңгердің өзі наданның тірлігін жасап қояды. Себебі ол – тағдыр. Бүгін не болатыны, ертең қандай күйге түсетінің тек бір Аллаға ғана аян, сондықтан тағдырға зеректік пен көздің өткірлігі жүрмейді,-деп жауап қатыпты.
                                            Қ А Ж Ы Л Ы Қ С А П А Р Ы
Ертеректе Қалыбай деген кісі Меккеге барып қажылық парызын өтемек ниетімен
малдарын сатып, диқаншылығынан түскен азын-аулақ тиын-тебенін жинақтап екі мың
ділдаға жеткізеді. Алла бұйыртса алдағы айда мұсылмандардың Ұлық мекені Меккеге
барып, Қағбадағы қара тасқа тәуеп етіп, қажылық парызымды өтеп қайтамын деген
ниетте, көңілі жайланып шай отырғанда, баласы үйге жылап кіріп келеді.
— Оу, не боп қалды, балам? Кім тиді саған?
— Көршіміздің үйіне барып едім, ет қуырып жеп отыр екен… Қуырдақтарынан жегім-ақ
келіп еді, дастарқандарына кел деп шақырмады.
Қалыбай түтігіп кетіп, көршісінің есігін теуіп кіреді де:
— Уа, Құдайы көрші! Немене, ет жеп жетісіп қалдыңдар ма?! Менің балам үйдегі сықиып
тұрған етке қарамай, сендердің қуырған еттеріңнен жегісі келген екен, бір түйір берсеңдер болмады ма? Есесіне мен сендерге қой сойып берер ем…-дейді ашуланып.
Көршісі айыпты адамдай орнынан баяу тұрып былай деді:
— Айналайын, көршім… Үйімізде жейтін азықтың таусылғанына бірнеше күн болды.
Балаларым аштан бұратылып өлетін халге жетті. Әл үстінде көздері жәудірей қарап,
жәрдем күткен перзенттеріме түйір нан тауып бере алмаған дәрменсіздігім үшін күйініп, Құдайға жалынып: «Балаларым үшін жәрдем бере гөр!»-деп көшеге шығып кеттім. Қай жерге келгенімді де білмеймін, әйтеуір бір қия бет жарда арам өліп жатқан малға кезіктім. Бұл да болса Алланың жеткізгені болар, біздің жанұямыз үшін бұл мал адал деп сойып алдым. Сол малдың етін қуырып жеп жатыр едік, сіздің балаңыз келіп қалды. Отбасымыз үшін әлгі малдың еті адал еді, ал сіздің балаңыз үшін арам еді…
Мынадай тосын сөзден есеңгіреп қалған Қалыбай: «Уа, құдіреті күшті, Ұлы Алла!
Құдайы көршім осындай жоқшылықта күн кешіп жатса, мен екі мың ділдамен Меккеге
бармақ болып жатырмын?…»-деген ойға қалады да, қажылық сапарына деп жинаған екі мың ділданы көршісіне әкеліп беріп:
— Қағбаны шамасы келген адамдар зиярат етеді. Маған да Құдайым алдағы уақытта ретін келтірер, мына ақшаны қажеттеріңе жаратыңдар,-деп көршісіне береді де, кешірім сұрап, үйіне келіп өзінің бұрынғы тіршілігін жалғастыра береді.
…Уақыт деген зымырап өтіп, Меккеге қажылыққа барғандар келе бастайды. Сол
ауылдан барғандар:
— Қалыбайды Қағбаға тәуеп қылып, жеті рет айналып жүргенін көрдік, бірақ қайтар
жолда бізбен бірге қайтпады. Келді ме екен өзі? –деп елдегілерден сұрайды.
Ауылдағылар аң-таң қалады, себебі Қалыбайдың ауылдан ұзап шықпағанын олар
жақсы білетін. Ал қажылыққа барғандардың барлығы Бәйтулла-Қағбаны айналып,
қасиетті қара тасқа маңдайын тигізіп зиярат етіп жүрген Қалыбайды көргендерін растап
әлек. Бұл жұмбақ жағдайға ауылдағы үлкен Қари молда былай деп жауап берді:
Қалыбайдың Меккеге барып қажылық сапарын орындағаны ақиқат. Себебі, ол
қажылық жолға деген екі мың ділдасын көршісіне берген кезде-ақ оның қажылық сапарын Алла қабыл етіп қойды. Алла үшін мың күндік жолың көзді ашып–жұмғанша,
Қалыбайдың қажылық сапары да Жаратқан Иенің шексіз құдіреті арқылы іске асқан.
Қажы болып оралған сапарың құтты болсын, Қалыбай қажы!-деген кезде, жиналған
жұртшылық та жапатармағай Қалыбайды қажылығымен құттықтап жатты.
                         
   ОТБАСЫН СҮЙГЕН ЕР ОТАНЫН САТПАЙДЫ
Ерте заманда бір патша уәзірін шақырып:
-Көрші екі елдің жағдайын білу үшін екі сенімді адам тауып кел,- депті.
Көп өтпей уәзір де екі адамды әкеле қойыпты. Патша оларға былай депті:
-Сендердің негізгі жұмыстарың жанымыздағы көрші елге тыңшылық жасау.
Бірінші: ол елдің адамдары уәде мен сөзге тоқтап, елінің құпиясын сақтай ала ма?
Екінші: қыздарын жігіттері қорғап, әйелдерін ерлері құрметтей ме?
Үшінші: еркектері мейрам-тойға, арақ-шарапқа қалай екен?
Төртінші: ел басшылары ақылды адамдарын бағалап, кедей-кембағалдарына жәрдем
бере ме? Міне осы төрт сұрақтың жауабын біліп қайту үшін бір жыл мұрсат. Осы уақыт
ішінде сол елдің сеніміне кіру үшін үйленулеріңе де болады,-деп екі жансызын көрші екі мемлекетке жұмсапты.
Арадан бірер жыл өте екі тыңшы да елге оралған тыңшыларына патша:
-Хош баяндаңдар, не біліп, не түйіп қайттыңдар?
-Мен барған елдің адамдары Елінің құпиясына да берік, адамдары уәдені құдай сөзі деп танып, айтқан сөздерінде тұрады екен. Отбасын қатты қадірлеп, қыздарына шаң жуытпай, әйелдерін қатты қызғанады екен. Той-томалаққа шашылуы сирек, арақ-шараптың сатылуы патшаның жарлығымен реттеліп отырылады екен. Патшасы ақылдасатын адамдарын халықтың ішінен таңдап алады екен. Ал тұрмысы нашар отбасыларды кездестіре алмадым.
— Ал мен барған елдің құпиясын ақша төлесең кез-келген адам жыр қып айтып береді.
Қыздары ашық-шашық, әйелдерін де қызғанып жатқан ерлері жоқ. Ол жақта күнде
мейрам, арақ сататын дүкен күндіз-түні істеп тұр. Халықпен араласқан елдің патшасын
көрмедім. Қайыршылары көп екен.
-Біз мына бірінші тыңшымыз барып келген елді қанша әскермен барсақ та ала
алмаймыз. Себебі қызын қорғап, әйелін қызғанған ер азаматы бар елді жаулау жаһанда қиын. Ал арақ құмар, отбасына деген махаббаты жоқ, көкірегінде әйеліне деген қызғаныш оты жоқ мәңгүрт елді қалпақпен ұрып аламыз,- деп артынша жаулап алған екен.
                                                            СЫНАҚ
Ілгері өткен заманда бір патша Жақып, Сабыр деген екі ғұламасымен сейілге
шығыпты. Жол-жөнекей Жақып деген ғалым атын қамшылап алға озыңқырап кетіпті. Осы бір оңтайлы сәтті пайдаланған патша Сабырға:
-Ана Жақып өзін ғылымның білгірі санай ма, екеумізді де менсінбей алға озып кеткені
несі?-деп келесі ғалымға сұраулы жүзін бұрыпты.
— Уа, көреген әміршім! Жақыптың жер әлемдегі ғылымды меңгергені сонша, бізден
озбақ түгілі, өзіндегі телегей теңіз біліммен аспанға ұшып кетпегеніне таңым бар. Мұндай ілім-білім игерген адам бұл төңіректе сіздің ғана құзырыңызда бар,- деп жауап қатыпты.
Арада біраз уақыт өткен соң патша атының тізгінін босатып, озып кеткен ғалымға
қатарласып:
-Бізбен қатар жүруге намыстана ма, жоқ әлде өзін ғылымның бәрін меңгерген
оқымысты санай ма, Сабырдың менсінбей арқаға қалып кеткені несі?-деп сұраулы жүзін Жақыпқа бұрыпты.
-Уа, падишах! Біздер Жақыптай ғалыммен бір уақытта өмір сүргенімізге шүкір деп
мақтануымыз керек. Шалқар мұхиттай білімді, зеңгір аспандай ғылымды игерген
ғалымды астындағы аты көтере алмай ілбіп келе жатқан жоқ па?-деп жауап беріпті.
Ғалымдарының таза пейілдеріне риза болған патша: «Өздеріңдей қараулық пен
күншілдіктен ада ғалымдарым тұрғанда іргелі ел болатынмыз кәміл»-деп разы болған
екен.
Отан — отбасынан басталады Задында адам баласының өмірі мынадай жансебіл текетірестен тұра ма дейсің: Жақсының жолын — жаман кессе, шындықтың жолына — өтірік өседі; Шешенді — қазымыр қақпайласа, дананы — күншілдер тұтады;
Адамгершілікті — азғындық шалса, ізгілікті — қараулық тұсаулайды;
Кісілікті — пенделік жеңсе, қайырымдылыққа — қатыгездік қақпан құрады.
Тайталаста келе жатқан екі ұғымның алдыңғысы үнемі мәреге кеш жетеді, ал
ерінбеген соңғысы сүріндіруін қоймайды. Инсан біткен періште қолдаған біріншісіне
қағбадай табынса да, сайтан азғырған соңғысы қазған орға түсе береді… түсе береді…
Неге? Жауабы тосылтып, көк дөнен көңіл сан тарапқа алып қашады…
Адами құндылықтарды салыстыра отырып мына пәлсапаға назар аударайықшы:
— Ақшаңа қымбат үй сатып алғаныңмен, жанұя сатып ала алмайсың;
— Үйіңе асыл жиһаз сатып алғанмен, отбасылық жылылық сатып ала алмайсың;
— Қымбат кітап сатып алуың мүмкін, білім сатып ала алмайсың;
— Тақ та сатып алуға болады, іскерлік сатып ала алмайсың;
— Сотты да сатып алуға болады, ар сатып ала алмайсың;
— Табылмайтын дәріні табуың мүмкін, денсаулық сатып ала алмайсың;
Адам баласы байлығынан, бақ-дәулетінен айырылғанда қатты налиды да, асыл
уақыттың мән-мағынасыз өтіп жатқанына бас ауыртқылары келмейді. Сондықтан уақыт бәрінен қымбат! Мәселенки,
— Қымбат алтын сағат сатып алғаныңмен, уақыт сатып ала алмайсың;
— Балаңды қымбат оқуға түсіргеніңмен, білік сатып әпере алмайсың;
— Балаңа әдемі машина сатып әпергенмен, көркем мінез сатып әпере алмайсың;
— Балаңа сұлу аруды әперуің мүмкін, жанұялық қатынас сатып әпере алмайсың;
— Шет жұрттың оқуын тәмамдаған балаңа, ұлттық сана сатып әпере алмайсың;
— Балаңа мансап сатып әперуің мүмкін, ынсап сатып әпере алмайсың;
— Ана тілінде тәрбие алмаған балаңа, қазақы мейірім сатып әпере алмайсың;
— Ана тілінде түс көрмейтін балаңа, Отансүйгіштік сезім сатып әпере алмайсың.
…Тіршілігіңдегі бар жиған-тергенің артыңда қалатыны рас. Жиғаныңның ішіндегі ең
басты байлығың — ұрпағың, мұраң – отбасың. «Отан — отбасынан басталады» деген сөз
тегін айтылмаған. Жанұясында адалдық пен тазалыққа шомылған бала, еліне
опасыздық жасамайды.
НҰРҒАЛИ РАХАЕВ
Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.
ҚР Білім беру ісінің үздігі.
Қазығұрт ауданы