Президенттікке кандидат болған Қарақат Әбден «Ауыл» партиясына өтті

867

Қоғам қайраткеті, былтыр президенттікке кандидат болған Қарақат Әбден «Ауыл» партиясының мүшесі атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарақат Әбден біздің қатарымызға қосылды. Байқасаңыздар, президент сайлауында Қарақат Әбденнің тұжырымдамасы халықтық дәстүрлермен, ауылдық бағыттағы дәстүрлермен байланысты болды. Сондықтан оның дәстүрлері бар, дәстүрді, мәдениетті, адами капиталды, шығармашылықты дамыту – біз ұстанған негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан Қарақатты қатарымызға қуана қабылдадық. Толық партиялық тізімді ұсыну және қабылдауды бүгінгі съезд шешеді»,- деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев съезд алдында БАҚ өкілдерінің сауалына.

«Қазақта «ауылына қарап азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Ауылдың жағдайына бәріміз жауаптымыз. Ауылдың еңсесін көтеруіміз керек. Ауыл идеологиясы, мемлекеттік идеологияның негізі болу керек деп есептеймін. Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз демекші, ауыл — тұтас елдің болашағы. Ал біз ауыл жарқын болуы үшін аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Біз әрқашан елмен, халықпен біргеміз. Ел болашағын ойлаған «Ауыл» партиясының мүшесі болу — мен үшін үлкен мәртебе», — деді Қарақат Әбден съезде.

Айта кетсек, елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс XXII съезі өтіп жатыр.