Президент үкіметті отставкаға жібергеніне 1 тәуліктен асса да, әлі жаңа министрлер кабинеті жасақталған жоқ. Әзірге жалғыз өзі ғана қызметінен айырылған Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтса, өзге шенеуніктер “қандай шешім қабылданады екен?” деп алаңдап жүрген сияқты.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
“Білмеймін. Сіздер қызықсыздар ғой. Орнында ма, орнында. Кеше хабарлады ғой, министрлер бәрі орында”, – деп иығын құқаңдатып кеткен Нысанбаев мырзаның басшысы Өмірзақ Шүкеевтің таратылған үкіметте вице-премьер болғанын айта кетейік. Жаңа премьер кім болады дегенде ауыл шаруашылығы министрін атағандар өте сирек. Сарапшылардың кейбірі үкімет құрамы толықтай ауысады десе, өзгелер бірлі-екілі министр ғана орнынан кетеді деп пікір білдірді. Тіпті, халықтың сынына ұшыраған министр Әбілқасымова да қызметін сақтап қалады деген болжам айтылып жатыр. Бақытжан Сағынтаевты облыстардың біріне әкім болып барады дейтіндер де бар.
Ал уақытша премьердің орнында отырған Асқар Мамин осы лауазымда тұрақтап қалады деген пікірлер аз емес.
“Мамин – ерекше фигура болған. Бұрын көрсеңіздер, жиналыстарда елбасы жеке премьерге сұрақ қояды, сосын Маминге бір сұрақ қояды. Жол жүргенде Маминді өзімен алып жүретін. Ол үлкен сенімнің белгісі”, – дейді саясаттанушы Талғат Қалиев.
Ал саясаттанушы Әзім Байғалидің пікірінше, таратылған үкімет мүшелері аса өзгеріссіз өз орындарына жайғасады. Ал белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев жаңа үкіметтің қалай жасақталатыны “Нұр Отан” съезінен кейін белгілі болады дейді. Егер президент әлеуметтік салаға күш салу керек десе, министрлер соған сай тағайындалмақ. Бірақ халық күткен үкіметтің құрылуы екіталай дейді.
“Халық жауапсыз шенділерден шаршады. Әр министр мен әрбір әкім көбірек мансап пен билікке ие болғысы келеді. Бірақ көбірек жауапкершілік алғысы келмейді. Осы қарама-қайшылық бәрін тежеп тұр. Осыдан арылмайынша, біз бір орында тұра береміз. Одан кейін халық мемлекет қаржысын қажетсіз шаралар мен тиімсіз жобаларға жұмсала беруінен жалықты. Ал әкімдер мен министрлер халықтың алдында емес, президенттің алдында есеп береді”, – дейді Досым Сәтбаев.