Жетісу облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаевамен және облыстық мәслихаттың «Еңбек» әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі депутаттық тобымен кездесті.
Айта кету керек, облыстық мәслихаттардағы «Еңбек» депутаттық топтары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен құрылған. Депутаттық топты құрудың құқықтық негізі болып Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 704 Жарлығы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, «Кәсіптік одақтар туралы» Заң және басқа да нормативтік құқықтық актілер болып табылады.
«Біз әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелерін шешуде кәсіподақтармен ынтымақтасуға дайынбыз, сондықтан, мәслихатта әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік әріптестікті дамыту жөніндегі депутаттық топ құру туралы ұсынысыңызды қолдадық. Жуырда «Аманат» партиясының мәслихат депутаттарының форумында Үкімет мүшелерімен Еңбек адамының мәселелерін талқыладық. Сонымен қатар, Сенат жанынан жергілікті билік өкілдерімен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылды, онда біз осы мәселелерді көтеруді көздеп отырмыз. Кәсіподақтардың қызметін ел Президенті де қолдап отыр. Біз өз тарапымыздан депутаттық топ аясында, жалпы мәслихатта кәсіподақтармен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», – деді «Еңбек» депутаттық тобының мүшелерін таныстырған Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева.
Айтпақшы, депутаттық топтың құрамында облыстың өкілді органының алты мүшесі бар. Оның құрамына «Аманаттан» партия фракцияларының жетекшілері – Арыстанғали Арын, «Ақжолдан» – Ермек Егінбаев, мәслихаттың жұмыс тобының төрағасы Секенбай Шеңгелбаев, ҚХП-нан мәслихат депутаты – Қаһарман Жақсылық, мәслихат депутаты – облыс кәсіподақтары аумақтық бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов пен мәслихат депутаты Римма Салықова кірді.
«Құрамы мықты және әртүрлі. Әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді тиімді шешу үшін қатарымызды кеңейтуді көздеп отырмыз», – деді Әсет Қыдырманов.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ бастамасын қолдағаны үшін облыстық мәслихат өкілдеріне алғысын білдіріп, бірлескен іс-шаралар үшін бірқатар өзекті мәселелерін атап өтті.
«Кәсіподақтар мен мәслихаттардың бірлескен қызметіндегі ортақ мақсат – еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыру. Өткен мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарының сайлауына кәсіподақтар тікелей қатыспағанымен, Кәсіподақтар федерациясы «Әділетті Қазақстанды құрудың 15 қадамы» сайлауалды бағдарламасын қабылдады. Біз саяси партияларға өз ұстанымымызды жеткізіп, оны бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенімізді білдірдік. Біздің ұсыныстарымызды «Аманат» партиясы мен Қазақстан халық партиясы қолдады. Партиялық тізімдер мен бір мандатты округтер бойынша сайлауға екі мыңға жуық кәсіподақ көшбасшысы мен кәсіподақ белсенділері қатысты, оның ішінде 400 адам барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары болып сайланды. Сайлаудағы уәделерді орындайтын кез келді. Біздің ұстанымымыз – Еңбек адамы үшін әлеуметтік әділеттілікті алға бастыру», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин бірлесе жүзеге асыру үшін әлеуметтік әріптестіктерге ұсынылған кәсіподақтардың бірқатар бастамаларына тоқталды.
«Заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы жүйелі түрде шешуді талап ететін мәселелер қатарында еңбекақы мәселелері: инфляция деңгейіне байланысты жалақыны жыл сайын міндетті түрде индекстеу, ХЕҰ-ның №131 конвенциясын ратификациялау, ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесін әзірлеу. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету де маңызды мәселе болып табылады. Еңбек министрлігі кәсіподақтармен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірледі, онда өтемақылық модельден тәуекелге негізделген модельге көшу көзделген. Өңірлердегі кәсіподақтар мен мәслихаттардың әлеуеті осы және Еңбек адамына қатысты басқа да мәселелердің оң шешімін табуына бірлесіп қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Ал, «Еңбек» депутаттық тобын құру бастамасы еліміздің барлық дерлік өңірінде қолдау тапты. Қазіргі таңда осындай депутаттық топ құру мәселесі ҚР Парламентінде халық қалаулыларымен талқылануда.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы