Шымкентте мүмкіндігі шектеулі жандар заңда қарастырылмаған салықтарды төлеп келген

962
Шымкентте мүмкіндігі шектеулі жандар оларға қарастырылмаған салықтарды төлеп келген. Мұндай заңбұзушылықтарды қалалық прокуратура қызметкерлері әшкереледі, деп хабарлайды Қаз Ақпарат тілшісі.
Қалалық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, қадағалау органдары жүргізген тексеру және талдау жұмыстарының нәтижесінде 433 мың азаматтың құқықтары қорғалды.
«ҚР Салық кодексіне сәйкес мүмкіндігі шектеулі (мүгедек) азаматтар мүлік, көлік, жер және т.б. салықтардан босатылған, алайда салық органдары аталған санаттағы азаматтардан заңсыз салық төлеуді талап етіп келген.
Прокуратура органдарының ықпал етуімен аталған салықтарды төлеп келген мүмкіндігі шектеулі 1 200 азаматтың құқығы қорғалып, оларға заңсыз салынған салық төлемдері қайтарылған», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Қаратау ауданы прокуратурасы қызметкерлері орта білім беру ұйымдарының педагогтарын медициналық тексерілуден тегін өтуі қамтамасыз етілмей келгенін анықтаған.
«Қадағалау актісі негізінде 17 879 педагогтың медициналық зерттеп — қараудан тегін өтуіне 18,9 млн теңге бөлінген. Денсаулық сақтау ұйымдарына енгізілген қадағалау актісі негізінде 3 мыңға жуық кәмелетке толмағандарға заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемі көрсетілген. Қалалық прокуратураның Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне енгізген ұсынуы негізінде табиғи газдың 1 000 текше метрі үшін тариф 3587,67 теңгеден 3497,91 теңгеге азайтылып, 11 мың тұтынушының құқығы қорғалды. Осы ұсыныс аясында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтың 14 кәсіпкер су пайдалушылары үшін судың бағасы 4,53 теңгеге азайтылған. Еңбекші аудан прокуратурасының Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына берген тапсырмасына сәйкес жүргізілген тексеру нәтижесінде «Хлопкопром-Целлюлоза»ЖШС 118 жұмыскерге қарыз болған 14 млн теңге жалақысын өтеді» делінген хабарламада.