Ішкі туризмнің халі қалай?

861

Елімізде көрсе көз қызығарлық жердің түр-түрі бар. Тау десең тау, су десең су, шипалы өңір десең шипалы өңір. Алайда көпшілік жұрт әлі күнге елде емес, шетелге шығып демалуға құмар. Неге? Бұл сұрақтың баршамызды мазалайтыны анық. Осының жауабын өзімізше іздеп көрдік. Шынайы көз жеткізу үшін елді аралап, анализ жасадық.

Ең алдымен халыққа танымал Алакөл жайлы айтайық. Алакөл – Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан тұйық көл, шипалы мекен. Бұл жерге адамдар әуел баста көбіне ем іздеп баратын, ал соңғы уақыттарда демалу үшін баратындардың саны артуда. Алайда Алакөл десе, адамдардың ойына ең алдымен оның жолы еске түседі. Жолдың ауырлығын ойлап мұнда келуден бас тартатындардың саны да аз емес. Себебі үкімет әлі күнге дейін Шығыс Қазақстанға баратын тас жолды жөндей алмай отыр. Өздері ем іздеп бара жатқан халық үшін әр ойқыстан секіріп бару үлкен сынақ. Пойызбен баратындар көп болғасын оған билет табу да қиынға соғады. Ал биыл тіпті әуежай да жабық. Жөндеу жұмыстары жүруде. Ол біткенімен, қалың көпшіліктің қалтасы біздегі ішкі рейстердің билет құнын көтере бермейді. Алакөлде демалыс үйлерінің сан түрі бар. Қалтаңыздың қалыңдығына қарай 6-36 мың аралығында жататын жерді таңдай аласыз. Арзанында кемшіліктері көп болатыны анық. Бірінде тамақ, бірінде су, бірінде желдеткіш жоқ. Ал қымбатында бәрі қамтылған. Көлдің өзі екі жағалауға бөлінеді, інжу жағалауында су таза, әжетхана, киім ауыстыратын жерлер бар. Алайда әжетхананың жағдайы мәз емес. Ал көпшіліктің қолы жететін жағалауда не әжетхана, не киім ауыстыратын жер жоқ. Қоқыс тастайтын жәшіктер де орнатылмаған. Демалушылардың да мәдениеті төмен, көрінген жерге әжетханаға шығып, көрінген жерге қоқыс тастайды. Мұны бірақ бақылауда ұстап отырған мекеме жоқ. Мүмкін, бейнебақылау орнатып, айыппұл салатын болса тазалық та болар ма еді? Алакөлде тамақтанатын орындар мен дүкен-дүңгершектегі баға тым жоғары. Су үстінде саяхаттайтын кеме мен катамарандардың да бағасы уақытына сай емес. Яғни 2000 теңгеге            5 минутқа да жетпейтін уақытқа саяхаттайсыз. Қабанбай ауылында, яғни демалыс орындары орналасқан мекеннің көшелерінің бойында жарық столбылары орнатылмаған. Кешке туристер қараңғыда кешкі серуенге шығады. Бұл мәселе жайында жергілікті әкімдік бас ауыртпайтын сияқты. Сонда кәсіпкерлерден түсіп жатқан салық құны неге жұмсалып жатыр деген сауал туындайды? Онымен қоса, әр жерде үйінді болған қоқыс туристердің көзіне оғаш көрінеді, әрі оның исі табиғатты ластап, экологиялық мәселенің туындауына себеп болып отыр. Демек, «Алакөл-Тазалық» мекемесі бұл жағдайға салғырттықпен қарайды деген ой туады.

Кейінгі кездері халық арасында жоғары танымалдылыққа ие Көлсай, Қайыңды мекендері жайлы сөз қозғайтын болсақ. Көлсай – Күнгей Алатауының Күрметі және Саты асуларынан бастау алатын кішігірім өзендер суынан пайда болған үш көл. Қайыңды – Алматы облысындағы сел көшкіні жылжығанның нәтижесінде бір ғасырдан астам бұрын пайда болған көл. Бұл екі жер де «Көлсай көлдері ұлттық паркінің» қорғауындағы мекендер. Мұнда халық көбіне бір немесе 2-3 күндік турлармен келеді. Жеңіл көліктер аталған жол бағытына шыдай бермейді. Туристер Саты ауылындағы халықтың үйінде тоқтайды. Себебі жергілікті халық туризмнің есебінен күн көреді. Көлсай, Қайыңды жерінде әжетхана бар деген аты болмаса, сапасы да, тазалығы да өте төмен деңгейде. Көлсайда әжетхана биік шыңда орналасқан, үнемі тербеліс үстінде тұрады. Ал Қайыңдыда әжетхана тек төменгі бетте ғана бар. Бұл жақтың тазалығын тексеріп, арнайы қорғауға алып, туристерге жағдай жасайық деп жатқан «Көлсай көлдері ұлттық паркі» жоқ. Бір сөзбен айтқанда, сервис өте нашар.

Балқаш – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Балқашға пойызбен жетпесеңіз, тас жолмен жету қиямет. Барғанша жол азабын көруге 100 пайыз кепілдік орнатылған.

Бурабай – 2000 жылы  тамызда құрылған мемлекеттік табиғи паркі. Сәкен жырлаған Көкшенің табиғаты ерекше бөлек мекен. Бұл жақта тазалық та, сервис те жоғары, бірақ бағасы көптің қалтасына шақ емес. Арзанның сорпасы татымас деп, арзан демалыс үйлерінде жағдай жасалмаған.

Жоғарыда айтылған демалыс мекендерінің қысқаша талдауы осы. Бірінде баға жоғары болса, бірінде сервис нашар. Яғни елімізде әлі күнге туризм сервисі дамымаған. Туризм мәдениеті төмен. Қарапайым ғана әжетхананың өзі үлкен мәселе. Осындай салғырттықтарға жол бергеннен кейін, әрине, халық қарызға батса да, шетелге барып, жоғары сервисті жерде демалғылары келеді.

Иә, кез келген жерде адамдардың ішкі мәдениеті ненің болса дамуына бірінші себепкер. Мүмкін, ішкі туризмнің дамымай отырғандығына табиғат-анаға мейіріммен қарамайтын халықтың өзі кінәлі шығар. Мүмкін, жағдайды бақылауға алудан бас тартып отырған жергілікті органдар кінәлі шығар. Өйткені заң талаптарының орындалауын қатаң бақылауда ұстап отырса, кез келген адам тәртіпке бағынып, заң алдында өрескел қылығы үшін айыпты болар ма еді?