«Анамның оттегі баллонын алған күдіктіні Шымкент әкімдігі ақтап алмақшы»: Айжан Ергешова анасының өліміне қатысты тергеуге көңілі толмағанын айтады

917

Жуырда әлеуметтік желілерде дәрігерлерді айыптап, пневмония диагнозымен ауруханаға түскен анасын өлімге жеткізген жауаптыларды түрмеге қаматамын деген Айжан Ергешованың жазбасы шықты. Ақ халатты абзал жандардан ем іздеп келіп, өлім тапқан Айжан Ергешованың анасы Амангүл Ағабаева 1988 жылдан бері медбике ретінде адал қызмет етіп, карантин кезінде адамдарға көмектесіп, екпе егіп жүріп, сұм індетті жұқтырып алған екен. Алайда оның түбіне індет емес, әріптестері жететінін кім білген? Анасын жоқтап, әділдік іздеген Айжан Ергешова бүгінде істің қалай жүріп жатқанын Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне баяндап берді. 

— Қазір іс қалай жүріп жатыр?

— Қазір оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 317 бабы, яғни дәрігерлік салғырттықтан туындаған өлім бабы бойынша іс жүргізіліп жатыр. Күнделікті біз тергеушімен хабардамыз. Анамның өліміне алып келген жағдайда ең үлкен кінә, соңғы пункт, яғни «Асар» модульдік инфекциялар аурулар орталығына тағылып отыр. Бірақ оған дейін анамды алып кетпеген жедел жәрдем, дұрыс кеңес бермеген учаскелік дәрігер, одан кейін келген тағы екі жедел жәрдем бригадасы да, біріншісінде тек фельдшердің жіберілген, жауапты емес пе? 7 шілде күні анамды жедел жәрдем алмай кетіп, біз өз көлігімізбен оны ескі жұқпалы аурулар ауруханасына апарғанда, күзетшілер бізге есікті мүлдем ашпай қойған. Одан кейін провизорлық орталыққа бардық, ол жерде де менен дәрілер сұрады. Мен қажеттінің бәрін апарып бердім. Олар ИВЛ керек, басқасы керек деп, барынша құтылуға тырысты. Алайда анамды «Асарға» апарғанымда, оны ИВЛ-ға қосқан жоқ. ИВЛ-ға қосатындай жағдайда емес, оттегі оған жеткілікті деп айтты, яғни осы жерде сәйкестік жоқ. Әкімнің айтуы бойынша, аталмыш провизорлық орталыққа күнделікті әр науқасқа тәулігіне 85 мың теңге бөлінеді екен. Осындай қаражат бөліне тұра, біз бүкіл дәрі-дәрмекті өзіміз апарып бердік. Соңғы пункт «Асар» ауруханасы 5,8 миллиардқа салынған, ол жерде оттегінің болмауы, дәрі-дәрмекті өзіміздің беруіміз, оны алып қоюы, осының барлығы үлкен қылмыстық іс болайын деп тұр. Сондықтан егжей-тегжейін анықтап, науқастың картасы жасалып жатыр.

— Президент пен бас прокуратураға хат жазып едіңіз, жауап келді ме?

— Президент пен бас прокурорға жазған хатыма жауап әлі келген жоқ. Бірақ сол хаттардың негізінде, прокуратура мен тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаменті мені қайта шақырды. Сол хаттың негізінде олар жаңа тексеру жасап, жаңа деректерді ашпақшы. Бірақ департаментке өзім барып, қайтадан айқай шығармағанымша, ол кісілер де «Асарға» қайтадан тексеріс ашпаймыз, себебі денсаулық сақтау басқармасымен қосылып, тексеріс өткізіп қойғанбыз дейді. Ал, тексерісті олар жекелей, департамент ретінде тағы да өткізуі керек, себебі мен ол тексерістің қорытындысымен прокуратурада танысып, ешқандай пунктпен келіспеймін дегенмін. Олар қызметтік тексерісте осындай факттер анықталды деп бір пунктте жаза салған, бір жерде мүлдем бейтарап жазған. Менің дәрі бергенім туралы деректерді таппаған да, бізден дәрі сұраған дәрігермен сөйлеспеген де. Сондықтан мен барлық пункттер бойынша мына жерде толықтыру болу керек, мына жерде нәтижемен мүлдем келспеймін деп жазып бердім. Сондықтан олар тексерісті тағы да өз беттерінше жасайтын болды.

Әр жауапты мекемелерге барып, заңды білетінімізді, жағдайдан толыққанды хабардар екенімізді, өз көзімізбен көргенімізді айтпағанымызша, бір сөзбен айтқанда, айқай шығармайынша, олар жұмыстарын қалай болса солай, сен тимесең, мен тиме дегендей, құтылудың амалы үшін өтірік істей салады екен. Менің соған көзім жетті. Сол тексерістердің нәтижелері шыққаннан кейін, президент пен прокуратурадан жауап келетін шығар деп ойлаймын, мүмкін жергілікті органдардан келетін шығар. 

— Шымкент әкімінің баспасөз хатшысы сізбен не жайлы келіспекші болды? 

— Шымкент әкімінің баспасөз хатшысы өзі келіп, ашығынан келіскен жоқ. Ол үйге келді. Мен ол кісілердің жәйдан-жәй келмейтінін жақсы білемін. Әсіресе Шымкентте, әсіресе мемлекеттік қызметкерден жан ашу дегенді мен күтпеймін, ондай ақымақ, аңғал емеспін. Олардың келген мақсаты маған барынша: «Дәрігерлер мұндай нәрсе жасаса, ол адами фактор, оған сабырмен қарау керек. Бір адамды өлтірсе, қаншама адамды құтқарған», деген сияқты әңгімелерді айтты. Бұрынғы әкімнің орынбасары, қазір қызметінен алынып тасталған Ербол Садыр және Арай Есенбек келіп, менің көзімше күдіктіні ақтамақшы болды. Мен оларға ешқандай келісу, компромисс, кешірім, сабыр болмайды деп айттым. Бұл жерде адам өлімі, оның бәрін өз көзімізбен көрдік. Екіншіден, камерадан үлкен жауыздықпен тірі адамды өлтіргенін біліп тұрмыз, сондықтан ешқандай кешірім болмайды деп айттым.

Шымкент миллион тұрғыны бар қала болса да, бәрі бір-бірін таниды, сондықтан Арай Есенбек менің таныстарым, достарым арқылы маған шықты. Ол жерде анық, ашық текстпен ештеңе айтылмайды, бірақ орысша айтқанда «пульс проверить» дейді ғой, қаншалықты менің ары қарай баратынымды көргісі келді. Бұл жағдайда мен тыныштық таппай, әлі де жан-жаққа айтып жүргенімді, жазып жүргенімді, маған назар, пиар жетпей жатыр деп ойлап жүр екен. Бастарының жеткен жері осы, бұл ойларын ол кісілердің маған мазағы деп білемін.

Арай Есенбек басынан бастап, маған ақылға сыймайтын сұрақтар қойып: «Оны қайдан біліп қойдыңыздар», деп барынша жағдайды басқаша көрсеткісі келді, бірақ біздің қолымызда анық айғақтардың бар екенін білгеннен кейін әңгімесі, пресс-релизі өзгерді. Сонымен қатар, олар өз сөздерінде тұрмады. Қызметтік тексеріс денсаулық сақтау басқармасында, өтірік тәуелсіз сараптамамен, СЭС-пен бірге қосылып жасалған. Олар кейін журналистерді шақырып, толық ақпарат береміз деген еді. Тексерістің құрамына мен кірген жоқпын, мен оның нәтижесімен кейін прокуратурада қылмыстық іс қозғалатын болғанда ғана таныстым. Егер мен қылмыстық іске апармай, моральдық-психологиялық тұрғыдан шамам жетпей жатса, мүмкін бұл нәтижемен таныспай да қалатын ба едім? Журналистерге бұл мәселе бойынша түсініктеме берілген жоқ, сондықтан олар жабулы қазан, жабулы күйінде қалды деп ойлап қалды.

— Оттегі баллонын алған соң оны кімге қолданысқа берілгені белгілі ме, ол адам да жауапқа тартыла ма? 

— Кімге қолданысқа берілгені анықталып жатыр. Бірақ мен камерадан өзім көрдім, ол жерде үш төсектің үстінде камера болған, бірінші төсекте менің анам, екіншісінде егде жастағы әйел, үшіншісінде бір кісі жатты. Баллонды сол кісіге қосып қойған, ол камерада көрініп тұр. Оның кім екендігі анықталып жатыр, тергеу барысында міндетті түрде білетін боламын деп ойлаймын. Енді ол кісі реанимацияда қайтыс болып кетпесе, әрине. Ол кісіге қатысты заң аясында қандай жаза қолданылатынын білмеймін. Оны құқық қорғау органдарының қызметкерлері шеше жатар. Бірақ менің камерадан байқағаным, ол кісі өлетіндей жағдайда емес еді. Неге өз бетімше ондай баға беріп тұрмын, себебі мен анам мен қасындағы әйелдің жағдайымен салыстырмалы түрде қарағанда, ол өзі отырып, тұрып, өздігінше қозғалып жүрді. Неліктен оған баллон алынып қойғанын білмеймін, мүмкін сол жерде кінәлі қызметкерге пара беріп, келіскен шығар, мүмкін біреудің танысы, туысы шығар, ол жағын қазіргі уақытта нақты айта алмаймын.  

— Қандай әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарына жаздыңыз, олардан жауап келді ме? 

— Иә, мен шетелге көп шығатын болғандықтан, шетелде тәжірибе, білім алғандықтан, ол жақта достарым көп. АҚШ-та тұратын құрбыларым көңіл сұрап, жағдайды әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлауды ұсынды. Мен оларға жағдайдың егжей-тегжейін айтып бердім, олар өздері БАҚ-қа хат жазып, әлеуметтік желілердегі парақшаларына салды. АҚШ-та тұратын құрбымның жазбасына «New York Times» қызығушылық білдірген екен. Содан кейін маған ресми түрде хат жазуға кеңес берді. Мен ағылшын тілін жақсы білгендіктен, өзім хатты жазып, әлеуметтік желідегі парақшама салып, олардың парақшаларын белгіледім, сонымен қатар 500 -ге жуық достарым да белгіледі. Олардың сайттарына да хат жаздым. Ұлыбританияда тұратын досым менің хатымды BBC-ге жіберді. Енді олардан жауап келіп жатқан шығар. Қазір тергеу басталып, қарбалыс болып кеткен соң, кішкене бұған колым тимей жатыр. Оған да кірісемін, оның үстіне мен қазір жұмысқа шықтым, сондықтан жұмыстан босамай қалдым. BBC, CNN, New York Times, Әл-Жазира, сияқты әлемдік ақпарат агенттіктеріне жаздым. 

— Алдағы қадамдарыңыз қандай болмақ?

— Бірінші мақсат істі соңына дейін жеткізу. Негізінде, мен заңды біршама жақсы білгендіктен, отбасымда құқықтық білімі бар, заңгерлердің болғандығынан, біз бәріміз кеңесіп, әртүрлі адвокаттар қосып көруді ұйғардық, себебі бес түрлі юрист болса, бес түрлі тұжырымдама берілуі мүмкін. Сондықтан мұның бәрін қарастырып жатырмыз. Бұл істе медициналық қызметкер бой көрсеткендіктен, ол науқастың жағдайы қандай екенін біліп, оттегісіз өліп қалатынын біле тұра, осындай іске барды. Бұл қасақана өлтіру бойынша 99 — бап. Алғашында, сол бап бойынша іс қозғалады деп ойладық. Ол жерде жүргізуші емес, мұғалім емес, іште жүрген ерікті емес, дәрігер болғандықтан, ол бәрін жақсы білді. Сондықтан біз осы бапты алға тартамыз деп ойлағанбыз. Бірақ іс 317 баппен ашылғандықтан, қосымша айғақтар іздейміз, егер айғақтар жеткілікті болса, бапты ауыстыру мәселесі бойынша да жұмыс жүргізілетін болады. Егер бап өзгертілсе, кінәлі адамды ұзақ жылға соттауға болады.

Бұдан бөлек, бұл мәселе — менің анамның ғана жағдайы емес: Менің түсінгенім бұл — көптеген қайғыдан қан жұтқан адамдардың ортақ мәселесі. Менің әр постыма пікір жазып жатқан қаншама адамнан кейін көз жеткіздім. Туған-туысқандарынан, әке-шешесінен, балаларынан айырылып қалған адамдар өте көп, әсіресе Шымкентте, әсіресе, «Асар» ауруханасында.

Статистиканың қалай қолдан жасалатынын біз білеміз, сондықтан оның бәрін мен өтірік деп айта аламын, себебі ол жерде әлі өлім деңгейі өте жоғары деңгейде. Маған жекеге келіп жатқан хаттар да толассыз. Жақындарын жоғалтып, әрі қарай не істесек болады, сіз қалай бастадыңыз, неден бастадыңыз деп сұрап жатқан адамдардың қарасы азаяр емес. Маған одан бөлек өздерінің көмектерін тегін ұсынып жатқан заңгерлер де көп жазады. Ол кісілерге үлкен рақмет. Өзіміздің заңгерлер бар болғандықтан, әрі қарай бірге жұмыс жасасын деп менен көмек сұрап жатқан адамдар мен сол заңгерлерді қосып, бір-бірімен табыстырып жатырмын. 

Сонымен қатар, біз бір топ белсенділер болып келер аптаға қала әкімін кездесуге шақырғанбыз. Ол азаматтармен біз Арыс, Мақтаарал өңірлерінде болған жағдайда бірге жұмыс істедік. Сондықтан сол кісілермен жиналып, шақырдық, себебі әкімге қояр сұрақтарымыз бар. Қаншалықты оның орынбасарлары, баспасөз қызметі немесе басқа да кеңесшілері айтып жатқан ақпарат дәл екендігін біз тексеріп көргіміз келіп жатыр. Ол қаншалықты қазіргі жағдайды нақты біледі, себебі әкімнің айтуы бойынша, бізде бәрі керемет, бізде бәрі жеткілікті. Бәрі жеткілікті, бәрі керемет деп баспасөз хатшысы менің анам қайтыс болған кезде жазған еді. Біз ол кісілердің осындай нақты жағдайлардан хабарсыз екенін түсініп отырмыз. Алда енді үшінші толқын болады деп жатыр, соған дайындық қалай екенін сұарп білеміз, бұдан да көп адамдардан айырылып қаламыз ба деген қауіп бар. Орнына ешкімді жібермей, тек өзі келеді деп үміттенеміз.

Әкімшіліктегі адамдар менің жағдайымды тек жалғыз ғана оқиға деп қарастырады, бұл мүлде олай емес. Бұндай жағдайлар жетіп жатыр, маған хат жазып жатқан адамдардан-ақ түсінуге болады. Сөзімнің дәлелі ретінде ол жердегі дәрігерлердің жауапсыздығы менің анама қатысты ғана жағдайда емес, басқа да адамдардың басында болып жатыр. Кеше ғана маған әкесінен айырылған бір қыз жазды. Әкесі қайтыс болған кезде, дәрігерлер науқастың комада жатқанын хабарлаған екен, сөздерінше, қыздың әкесі ауруханаға түсе салысымен комаға түскен. Ал, ол кісі комада болмаған, себебі туыстарына ватсап мессенджері арқылы: «Маған дәрігерлер қарамай жатыр, айқай салсам ғана назар аударады, тек қана укол салып кетіп қалады», деп аудиожазба жіберген екен. Мысалы, осы жағдайдың өзі сұмдық. Болған жағдайға қарамастан, қаншама тексерістерден кейін де әлі осындай жағдайлардың қайталанып жатқаны — бұл сұмдықтың көкесі.

Дәрігерлердің салғырттығынан, әкімшіліктің өтірік дайынбыз деп, шын мәнінде дайын болмағандықтарынан қайтыс болған кісілердің барлығы үшін мен істі соңына дейін жеткізіп, бір әділдікке жетемін деп үміттенемін. Маған бас прокурор мен президент әділдіктің орнауына кепіл болады деп сенемін.

Сұхбаттасқан: Сабина НҰРҒАЛИ