АҚШ Сириядан өз әскерін толық шығарды

15

АҚШ он жылдан астам уақыт бойы Сирияда «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) террористік тобына қарсы күреске әскери күшпен қатысып келді, енді АҚШ Сириядан өз әскерін толықтай шығарды, деп хабарлайды Orda.kz.   

Бейсенбі күні АҚШ Сирияның солтүстік-шығысындағы Касрак әуе базасынан әскерін толық шығарып, елдегі қалған базаларды үкімет күштеріне тапсырды.

Осылайша, бұрын америкалық әскери күштер орналасқан нысандардың басым бөлігіне Сирия армиясы толық бақылау орнатты, деп хабарлайды AP агенттігі.

Сирия Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде:

«Сирия мемлекетінің бұрын бақылауында болмаған аумақтарда, соның ішінде солтүстік-шығыс және шекаралық өңірлерде егемендігін қалпына келтіруі — елді біртұтас мемлекет ретінде біріктіру жолындағы үздіксіз күш-жігердің нәтижесі» деп жазылған хабарламада.

Ведомство сондай-ақ АҚШ әскерінің шығарылуы Дамаскідегі орталық үкімет пен бұған дейін Сирияның солтүстік-шығысының көп бөлігін бақылаған күрдтер жетекшілік ететін Сирия демократиялық күштері арасындағы келісімнің сәтті жүзеге асуының нәтижесі екенін атап өтті.

АҚШ Қарулы күштері Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) өкілі Тим Хокинс әскердің шығарылғанын растады.

«Америкалық әскерилер барлық негізгі базаларды жоспарлы әрі шарттарға негізделген түрде тапсыруды аяқтады. Сонымен қатар біз серіктестеріміздің терроризмге қарсы күрес әрекеттерін қолдауды жалғастырамыз», — деді ол.

Өткен жылдың басында АҚШ әскері Сириядан әскерін шығарудың кезекті кезеңін бастаған болатын. Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп 2024 жылғы желтоқсанда Башар Асад режимі құлатылғаннан кейін жаңа президент Ахмед аш-Шараны қолдағаннан соң қабылданған.

Соңғы бір жыл ішінде Пентагон елдегі саяси тұрақтылыққа қатысты алаңдаушылық және уақытша түрмелерде отырған ИГ-ге қатысы бар мыңдаған тұтқындардың қашып кету қаупіне байланысты әскерді шығару процесін бірнеше рет тоқтатқан.

Әскерді базалардан шығару алдында АҚШ шамамен 5700 ИГ-ге қатысы бар деп айыпталған содырды Сирияның солтүстік-шығысындағы уақытша ұстау орындарынан Ирак түрмелеріне ауыстырған. Олар сол жерде сот алдында жауап береді.

Еске салсақ, ақпан айында АҚШ Сирияның оңтүстігіндегі Ат-Танф базасынан да әскерін шығарған болатын.