Жаңа қайыршылар. Енді құрылатын үш облыс НЕГЕ дотация қамытын бірден киетін болады?

1841

Қазақстанда жаңа құрылатын үш өңір – Абай, Ұлытау мен Жетісу облыстары өзін-өзі ақтамайтын аймақтар қатарына кірмек. Ол бюджетке қаншалықты ауыр тиеді?

Үкімет биыл Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемін 3 триллион теңгеге өсіруді жоспарлап отыр. Жаңа өзгерістер қоғамдық талқылаудан өткеннен кейін, сәуірдің аяғына таман Парламент депутаттары қарауына жіберілмек. Қаржы министрі қосымша 646 миллиард теңгенің не үшін қажет бола қалғанын енді депутаттар алдында түсіндіруге мәжбүр болады. Жалпы, 2022–2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң аясында, биыл Ұлттық қордан тек 2,4 триллион теңге алу көзделген еді.

Сарапшылар, қосымша 600 миллиард теңгенің Президент жолдауындағы тапсырмаларды орындауға, әсіресе оның ішінде жаңа облыстар құруға қажет екенін айтады. Өңірлік дисбаланстың елдегі халық жағдайына жағымсыз әсер беріп отырғанын ескерсек, бұл стратегиялық жағынан оңды шешім деп саналады.

«Бұл жерде негізгі сұрақ – әлеуметтік мәселе болып отыр. Семейде болсын, Жезқазғанда болсын, халықтың жағдайы төмендеп кеткен», — дейді, Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген саясаттанушы, «Ғылым ордасы» бас директорының ғылыми жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Нұрлан Сейдін. Оның айтуынша, Алматы қаласының маңайындағы мәселелерді шешу де өте маңызды.

«Ол — қалаға жақсы өмір іздеп келіп, қала маңына қоныстанған азаматтарды реттеу, орналастыру, заңдастыру. Жаңа жұмыс орындарын ашу. Заңдық негізін қалау. Осы мәселелер реттелсе, инвесторлар келіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Соның арқасында облыс дотациядан құтылып, өзін-өзі қамтамасыз ететін аймаққа айнала алады»

«Қазір бюджеттік кодекс бойынша бізде барлық өңірлер жиналған қаржыны алдымен орталыққа аударады. Содан кейін орталық оны жер-жерге қайта таратады», — дейді, қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

Рысмамбетов пайда болған жаңа облыстар дотацияланатын өңірлер санатына өтетініне сенімді. Бірақ осы тұста, шығындарды көбейтпеген дұрыс болады деген ойда.

«Бұрын бір облысқа берілген қаржыны енді тек екіге бөлген дұрыс. Бұл бюджетті оңтайландыру тұрғысынан жақсы болады. Ал, сәл тереңірек алсақ, әрине, бұрынғы аймақтық облыстық жүйеге қайта оралуды өз басым қолдаймын. Елді басқару процессі жеңілдейді»

Қатты тозып кеткен Семей қаласы. Фото: wikiway.com

3 облыстың қатарға қосылуымен ресми түрде Қазақстанда 20 әкімшілік-территориалды өңір болады. Оның 17-сі облыс, ал үшеуі республикалық маңызы бар қала. Сол 20 өңірдің тек төртеуі ғана өзін-өзі асырап, әрі республикалық бюджетке қаржы беріп отыр. Олар – Атырау мен Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары. Болашақта әлеуметтік жүктемесі көбейсе, Маңыстау да донорлар тізімінен шығып қалуы мүмкін.

Сондықтан, елде қандай реформалар жасалса да, Түркістан «туризм Меккесіне айналамын» деп қанша тыраштанса да, тура 20 жыл бұрынғыдай Атырау мұнайымен, ал Алматы базардағы сауда-саттығымен бүкіл Қазақстанды сол қалпы сүйреп келе жатыр. Абай, Ұлытау мен Жетісудің аттары ғана киелі демесек, экономикаға еш импульс бере қоймайтыны анық.