ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕКТЕП ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮДА ЖЕКЕМЕНШІК БІЛІМ ҰЯЛАРЫН САЛУҒА ДА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛМЕК

944
Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Манкент ауылында жеке кәсіпкер 4 бірдей мектеп салып жатыр. Соңғы он жылда 8 балабақша мен 4 жекеменшік мектеп салған инвестордың білім ұяларында 13 мыңнан астам бала білім алуда. Ауданға жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жеке кәсіпкер Низамхан Сулайманов салып жатқан жаңа мектептердің жай-күйімен танысты. 1200 балаға арналған әр мектептің құны 1,5 млрд. теңгеден аспайды. Қаңтар айында құрылысы басталған заманауи үлгідегі білім ұялары жоспар бойынша биылғы оқу жылы пайдалануға беріледі. Облыс басшысы инвесторға Түркістан қаласынан мектеп салу туралы ұсыныс жасады. Ол алда тағы 4 мектеп салуды көздеп отыр.
Өңір басшысы білім саласына үлес қосып, елге пайдалы жобаларды жүзеге асырып жүрген инвестордың жұмысын жоғары бағалады.
– Түркістан облысы демографиялық өсім бойынша елімізде көш басында. Жыл сайын жаңа мектептерге қажеттілік туындауда. 2021 жылы бюджет есебінен 78 мектептің құрылысы жүргізіліп, 44 мектептің құрылысы аяқталды. Қалғандары да тапсырылады. Жеке инвестиция есебінен 37 мектеп салынды. Осы бағытта жұмысты күшейткен жөн. Жалғыз өзі бірнеше білім ұясын салған азаматтың еңбегі мақтауға тұрарлық, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Инвестордың иелігіндегі 1200 орындық балабақша еліміздегі ең үлкен балабақша болып есептеледі. Сондай — ақ Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында 2200 орындық орта мектеп жұмыс істейді. Білім ошағы Елордадағы Назарбаев университетінің жобасымен салынған. Мектептің үлкен мәжіліс залдары, кітапхана, спорт залы мен 450 орындық асханасы бар. Өскелең ұрпақты еңбекке баулуға бағытталған пәндер өтілетін сыныптардың жасақталуы да өзгеше.
Барлық мектептерде балалар мемлекеттік бағдарлама аясында ақысыз білім алады. Оқушыларды тегін тасымалдап, ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Қосымша үйірмелер тегін. Үздіктерге арнайы стипендия тағайындалған.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесімен салынып жатқан мектептер ең алдымен бюджет қаражатының жұмсалуын тиімді етеді. Салаға жауаптылар жекеменшік мектептер желісін арттыру арқылы мемлекеттік мектептерге түсетін «жүкті» жеңілдетуді көздеп отыр.
Облыста 945 мектепте 500 мыңнан астам бала оқиды. Былтыр бюджет есебінен 78 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 44 мектептің құрылысы аяқталды. 30 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 91 мектептің асханасы жаңғыртылды.
Түркістан қаласында 2025 жылға дейін 10-нан астам мектеп салынады деп жоспарлануда. 2021 жылы 900 орындық мектеп, 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі 120 орындық жатақханасымен салынды. Бұдан бөлек, 6 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі