ШЫМКЕНТТЕ 1000 ОТБАСЫҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК СЕБЕТІ ҮЛЕСТІРІЛДІ

1053
Бүгін Шымкентте «Рамазан керуені» атты қайырымдылық марафоны аясында аз қамтылған және көмекке мұқтаж 1000 отбасыға азық-түлік себеті үлестірілді.
Себеттердің ішінде күріш, бұршақ, қант, май, тұз сынды өнімдер салынған. Қайырымдылық шарасын ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры ұйымдастырған. Игі іске қала кәсіпкерлері демеушілік танытты.
— Мен жалғызбасты анамын. Өзім жалдамалы пәтерде тұрамын. Денсаулығыма байланысты еш жерде жұмыс істемеймін. Қайырымды жандардың арқасында, осы мешіттен азық-түлік алып тұрамын. Демеушілерге Алла риза болсын, — деді қала тұрғыны Тілехан Ахметова.
Айта кетейік, қайырымдылық жасаған шымкенттік кәсіпкерлер өз аты-жөндерін жарияламауды жөн көрген және алдағы уақытта да игі істерді жалғастыратынын айтқан.
Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахмановтың мәлімдеуінше, қала әкімдігі мен Шымкент орталық мешітінің ұйытқы болуымен үшінші мегаполисте қайырымды істер акциясы жалғасуда. Бүгінде қалада «Рамазан – қайырымдылық айы» қайырымдылық шарасы бойынша көмек алушылардың базасы жасалып, шаһардағы «Ақмешіт», «А.Қаттани», «Байғұт баба», «Нұр-Төбе», «Сайрам», «әл-Біләл» мешіттері таңдалып, орталықтандырылған.