ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЫҢ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИТЫН ЗАУЫТ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

845

 

Түлкібас ауданында 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын «Састобе» Инновациялық кешені» ЖШС-нің инженерлік жүйесінің құрылысы басталып кетті. Зауытты су, газ және электрмен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Түлкібас ауданында болып, өндіріс алыбының құрылыс алаңын аралады.
Аталған зауыт жеке инвестор қаражаты есебінен салынбақ.
Дархан Сатыбалды аталған жобаға қолдау көрсетуді, жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды. Отандық өнімнің түрін арттырып,
дайын шикізатты өндеу ісін және дайын тауар шығару өндірісін дамыту мәселесі де маңызды екенін атап өтті. Аталған аумақта индустриалды аймақ салу мәселесіне тоқталды.
Жоба 2024 жылы маусымда аяқталады деп күтіліп отыр. Іске қосылған соң зауытта жылына 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид (ПВХ) және 1 млн. тонна цемент өндірілмек. Жобаның жалпы құны – 122 млрд. 850 млн. теңге.
Өңір басшысы Түлкібас ауданындағы «Кас-Бетон» ЖШС-нің жұмысымен де танысты.
2008 жылы іске қосылған зауытта 200-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Мұнда әк тас өндіріліп жатыр.
Дархан Сатыбалды аудан басшысына инвесторлармен жұмысты күшейту, өндіріс орындарын көбейту жөнінде тапсырмалар берді. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған инфрақұрылым тарту мәселесін назарда ұстауды, бұл салаға облыс тарапынан да тұрақты қолдау болатынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі