Тоқаев Әзербайжанмен қандай жобаларды бірлесе жүзеге асыруға болатындығын айтты

819

Қазақстан мен Әзербайжан Үкіметтеріне бірлесе жүзеге асыруға болатын ірі жобаларды айқындау тапсырылды. Бұл туралы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің экономикаларымыздың жаңа өсім нүктелері болуы мүмкін үдемелі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жеке тоқталдық. Өнеркәсіп, тоқыма, агроөнеркәсіп, құрылыс салаларында ірі кәсіпорындарды бірлесе ашуға болады. Біз екі елдің Үкіметтеріне бірлесе іске қосу үшін ірі жобаларды айқындауды тапсырдық», — деді Мемлекет басшысы.

Президент ауыл шаруашылығы саласында да өзара ынтымақтастық үшін әлеуеттің зор екендігіне назар аудартты.

«Өткен жылдың қорытындысында агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің екіжақты сауда-саттық көлемі 3 есе артып, 146 млн долларды құрады. Осылайша, бүгінде ауыл шаруашылығының үлесі біздің жалпы тауар айналымының үштен біріне тиесілі болып отыр. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді одан ары ұлғайтудың маңыздылығын атап өттік», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.