Ең тиімді уақыт – кешкі алтыдан кейінгі уақыт: Мұхамедиұлы жұмыс күні жайлы айтты

1389
Бүгін Үкімет үйінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сағат 18:00-ден кейін жұмыста отыратынын айтты.
«Сағат алты дейсіз. Қазір сағат алтыдан кейін жұмыста отырамын деп айтсам, тәртіп бұзған болып шығамын. Шынымды айтайын, өз басым жұмыс істегенді жақсы көремін. Негізінен ең тиімді уақыт – кешкі алтыдан кейінгі уақыт. Ал оған дейін күндіз күні бойы қоңырауға жауап беріп, жиналыстан жиналыста жүреміз. Ал алтыдан кейін хаттардың бәрін де асықпай оқуға мүмкіншілік болады», — деген министр кешкі сағат алтыдан кейін жұмыста отыратынын айтты.
Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері кешкі алты жарымнан кейін компьютерлерін өшіріп кетіп қалады.

«Ал мен отыра беремін. Негізінен айтар едім: егер жұмыс істеп жатқан азаматтың көңілі қалап тұрса, біз оны неге шектеуіміз керек. Мысалы, шыны керек, мен министрлікке жетекші маман болып келгем. Тәулік бойы жұмыс істейтінмін. Әрине, алға қарай жылжып, өзімді көрсеткім келді. Жаңадан бір идеяларды тапқым келді. Барлығын үйде атқару мүмкіншілігі жоқ қой. Мысалы, үйге барсаң, онша жұмыс істей алмайсың – қонақ келеді дегендей… Ал жұмыста емін-еркін жұмыс істейсің», — деді Мұхамедиұлы.

Еске салсақ, бұған дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев елімізде қызметкерлері нормадан артық жұмыс істеген мемлекеттік орган басшылары жазаланатын мәлімдеген еді.
Сондай-ақ, бұған дейін министр Самалдың жеңісін Президентке кешіктіріп хабарлағанын айтқан болатын. Сонымен қатар, Ұлттық операға студенттерді, ағайын-туыстарды апарып, отырғызып қоятындары жайлы айтты.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
baq.kz