Aстанада ОАЕКК негізгі басымдықтары – жастар, байланыс және еңбеккерлердің денсаулығын жақсарту мәселелері талқыланды

783

19 мамыр күні Астанада ОАЕКК Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының жетекшілігімен Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің III отырысы өтті.
Субаймақтық форумның жұмысына ОАЕКК мүше мемлекеттердің – Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақтар орталықтарының кәсіподақ көшбасшылары, сондай-ақ, Әзірбайжан мен Түркия кәсіподақтарының делегациялары қатысты.
Отырыс Кеңес мүшелеріне ұйымның тәуелсіздігі мен бірегейлігінің басты символы – ОАЕКК туын салтанатты түрде табыс ету рәсімімен басталды.
Ту Орталық Азия елдері кәсіподақтарының әлеуметтік қауымдастығын білдіреді. Ту ынтымақ пен әділдіктің асыл мұраттарын, кәсіподақтарымыздың бірлігін бейнелейді.
Салтанатты жағдайда Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ОАЕКК ұлттық кәсіподақтар орталықтарының басшыларына ұйымның туын табыс етті.
Үшінші отырысты аша отырып, Сатыбалды Дәулеталин Кеңестің аймақтағы кәсіподақтар қызметінің негізгі бағыттары бойынша аймақтық ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін атап өтті.
«Кеңес құрылғаннан бері өткен кезеңде оның қатысушылары ұлттық кәсіподақтар орталықтарын одан әрі біріктіруге бағытталған бірқатар бірлескен іс-шаралар өткізді. 2022 жылдың 6 қазанында Орталық Азия елдерінде әлеуметтік әділдікке жету жолын алға бастыру үшін ОАЕКК мүшелері мен Халықаралық еңбек ұйымы арасында Алматы декларациясына қол қойылды. ОАЕКК ХЕҰ әріптестерімізден толық қолдау көруде. Біздің ортақ мақсатымыз – Кеңестің рөлін күшейту және өңіріміздегі 15 миллион жұмыскер үшін лайықты еңбек пен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету үшін ортақ әлеуетімізді кеңейту. Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – бүгінгі кәсіподақтардың алдында тұрған басты міндет», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Оның айтуынша, еңбек саласын дамытудың ең маңызды шарты – Еңбек адамына бағытталған Жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыру.
«Қолданыстағы қоғамдық келісімді өзгертетін уақыт келді. Қазіргі кезеңде табыстарды бөлудегі теңсіздік пен кедейшілік аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі болып табылады. 2023 жылға жүзеге асыру мақсатында Кеңестің негізгі іс-шараларының жоспары әзірленіп, бекітілді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымның символын әзірледі. Кеңестің ctuca.org сайты құрылып, іске қосылды. Бұл күндері Орталық Азия елдері кәсіподақтары арасында футзалдан ІІ халықаралық турнир өтуде. Оларға сәттілік тілейміз!», — деп жылы тілегін білдірді ОАЕКК Бас хатшысы.
Жиынға қатысушыларды Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Маликшо Нематзода құттықтады.
«Кеңес аясында аймағымыздың еңбеккерлеріне ортақ мәселелерді қарауды кеңейтіп жатырмыз. ОАЕКК рөлі күннен-күнге нығая түсуде және бүгін біздің ұйымның туының бізге тапсырылуы символдық мәнге ие, өйткені, тудың артында қарапайым еңбеккерлер бар», — Маликшо Нематзода.
Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Эмиль Кызаев өзінің құттықтау сөзінде субаймақтық ұйымның рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
«ОАЕКК жұмысы қарқын алуда. Орталық Азия аймағында біз бірлесіп шешуге тиісті мәселелер жеткілікті. Жалғыз болсақ, еңбеккерлердің мүддесін ілгерілету қиын болады, бірақ, біріксек, аймақ еңбеккерлерінің игілігі үшін шешімдер қабылдауға тиімді ықпал ете аламыз», — деді Эмиль Қызаев.
Өз кезегінде Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Бахтиер Махмадалиев Кеңес аясында «Жастар құқығын қорғау үшін» номинациясын бекітуді және «Орталық Азияның туристік Жібек жолы» бірыңғай бағдарламасын әзірлеуді бастауды ұсынды.
Шақырылған құрметті қонақтар қатарында екіжақты қарым-қатынастар тарихында алғаш рет Қазақстан Кәсіподақтар федерациясына келген Түрік-Иш Түрік кәсіподақтар конфедерациясының президенті Ергюн Аталай да бар.
Қатысушыларға арнаған сөзінде ол бауырлас қазақ халқына қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, түрік кәсіподақтары үшін Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесімен өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясы төрағасының орынбасары Джаваншир Алхасов ОАЕКК басқа аймақтарға үлгі деп есептейді.
«Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясы еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша ортақ мақсаттарды алға бастыру үшін Кеңеспен ынтымақтастықты дамытуға дайын», — деді Джаваншир Алхасов.
Бірінші талқылау тақырыбы Орталық Азиядағы кәсіподақтардың жастар саясаты болды.
«Келешек» ҚРКФ Жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақтық жастар саясатының негізгі бағыттарын атап өтті: жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне жіті назар аудару; жастарды кәсіподақ қатарына тарту; еріктілік; бейресми сектормен жұмыс; әлеуметтік-саяси процестерге және климаттың өзгеруі мен әділ энергетикалық ауысу мәселелеріне қатысуды арттыру.
«Қазіргі таңда 35 жасқа дейінгі кәсіподақ жастарының саны 401 729 адамды құрайды, бұл ҚРКФ мүшелерінің жалпы санының 25,1% құрайды. ҚРКФ ұсынған жастарды қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар бар, олар: Жұмысшы жастарға арналған жалдамалы баспана, Жастар тәжірибесі, «Дипломмен – ауылға!» жобасы», — деді «Келешек» төрағасы.
ОАЕКК қатысушы елдердің кәсіподақтарының жас мүшелерінің тиімді өзара іс-қимылын жандандыру мақсатында Аян Сәлімгереев Кеңес аясында жастар құрылымы – ОАЕКК Жастар кеңесін құруды ұсынды.
Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының жастар ісі жөніндегі бөлім меңгерушісі, төрағаның жастар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Умид Закирлаев Өзбекстан кәсіподақтар орталығының жастар саясаты туралы айтып берді.
«30 жасқа дейінгі жастардың саны 19 миллионнан асады, бұл жалпы халықтың 55 пайызын құрайды. Кәсіподақтың 5,7 миллион мүшесінің 2 миллионнан астамы – жастар. Жастарды жұмыспен қамту саласындағы «алғашқы еңбек шарты» мәселесін шешу үшін кәсіподақтар субсидияланатын жұмыспен қамтуды кеңейтуді қолдады, жас еңбеккерлердің тәжірибеден немесе тағылымдамадан өту ұзақтығы заңнамалық деңгейде шектелді, ақысыз тағылымдамадан өтуге тыйым салынды. Талантты студенттерді қолдау мақсатында Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының стипендиясы бекітілді», — деп бөлісті Умид Закирлаев.
Форумда Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының жастар саясаты саласындағы бастамаларымен ТТКФ төрағасының көмекшісі Кароматулло Давлатов таныстырды.
Оның айтуынша, Тәжікстандағы миллион кәсіподақ ұжымының 200 мыңнан астам мүшесі 35 жасқа дейінгі жастар болып табылады.
Тәжікстан кәсіподақтарының өкілі жастарды қолдаудағы негізгі басымдықтардың қатарында лайықты білім, жұмыспен қамту және экономикалық тәуелсіздік, жастар кәсіподақ кеңестерінің халықаралық ынтымақтастығы мәселелерін атады.
«Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі аясында біз өз достарымызды, әріптестерімізді және пікірлестерімізді табамыз және бүгін қабылданған Меморандумдар аясында басымдықтардың бірі халықаралық жастар қозғалысын дамыту болып табылады деп үміттенемін», — деді Кароматулло Давлатов.
Қырғызстандағы кәсіподақтардың жастарды қолдау тәжірибесімен ҚР Тау-кен металлургия кәсіподағының Орталық комитетінің Жастар кеңесінің төрағасы Мухамет уулу Бекжан таныстырды.
Оның айтуынша, Қырғыз Республикасының еңбек заңнамасында жас жұмыскерлердің еңбек қызметін реттейтін нормалар бар: кәсіптік дайындау, дуальды оқыту, оқулық келісім, жас маман және т.б.
«Кәсіподақтардың жас мүшелеріне қосымша әлеуметтік кепілдіктерді қарастыратын ұжымдық шарттарға жастар саясаты туралы тарауларды енгізуге бастамашылық ететін кәсіподақтардың жастар кеңестерін құру тәжірибесі бар», — деді Мухамет уулу Бекжан.
Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясының жастар комитетінің ұстанымын Моңғолия кәсіподақтары конфедерациясы жанындағы Орталық мәдениет сарайы директорының орынбасары Даириисурен Бямбаа таныстырды.
«Моңғолия халқының саны 3,4 миллион адамды құрайды, оның 62,8 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Жастармен жұмыс жөніндегі кәсіподақтар кеңесі жас кәсіподақ мүшелерін «Лайықты еңбек үшін» ұранының астында біріктіріп, әлеуметтік әділеттілік, экологиялық жұмыс орны, көмірқышқыл газы жоқ орта үшін күреседі», — деді Даириисурен Бямбаа.
Бірінші мәселені қарау қорытындысы бойынша ОАЕКК Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін жастар мәселесін шешуде дәстүрлі кәсіподақтық көзқарастардан алшақтауға шақырды.
«Бүгінде біздің елдеріміздің кәсіподақтары үшін заманауи жастар саясатының негіздерін айқындау және біздің елдердің үкіметтеріне нақты жолдауларды ұсыну маңызды: жастарды әлеуметтік қолдау, жастарды жұмыспен қамту, лайықты еңбек жағдайлары және жас қызметкерлерге лайықты жалақы. Біз бұл мәселелерді ОАЕКК Жастар кеңесі аясында алға бастыруды көздеп отырмыз», — деп түйіндеді сөзін Сатыбалды Дәулеталин.
Жиынға қатысушылар қазақстандық бастаманы бірауыздан қолдап, ОАЕКК Жастар кеңесін құру туралы шешім қабылдады.
Отырыстың келесі мәселесі – Кеңестің бірыңғай коммуникациялық стратегиясының басым бағыттарын қарастыру және бірыңғай ақпараттық платформа – CTUCA.ORG сайтын іске қосу болды. Оны ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды. Сайт Орталық Азия елдерінің барлық ұлттық кәсіподақтар орталықтарының ақпарат, тәжірибе алмасу және іс-әрекеттерін үйлестіру үшін әзірленген.
«Ұсынылған тәсілдер, біздің ойымызша, аймақта тиімді жұмыс істейтін бірыңғай коммуникациялық стратегияны құруға көмектеседі. Тиімді коммуникациялық стратегия – кәсіподақтардың еңбеккерлердің құқықтарын қорғау және олардың еңбек жағдайларын жақсартудағы табысының маңызды факторы», — деді Нұрлан Өтешев.
Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Эрдэнэбат Сухбаатар бірыңғай коммуникациялық стратегияны құруды қолдады. Оның пікірінше, бұл келешекте ұлттық кәсіподақтар орталықтарына өзекті мәселелерді шешуде ортақ көзқарастарды әзірлеу үшін пікір алмасуға және кездесуге мүмкіндік береді.
«Ұйымның сайты ОАЕКК мүшелерінің қызметкерлерінің денсаулығын жақсартуға арналған жеңілдік бағдарламаларын цифрландыру бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деді Эрдэнэбат Сухбаатар.
Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Бахтиер Махмадалиев те бұл бастаманы қолдау мақсатында сөз сөйледі.
«Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы бірыңғай коммуникациялық стратегияны құруды толығымен қолдайды және ақпараттық платформамызды дамыту үшін жұмыс тобын құруды ұсынады», — деді Бахтиер Махмадалиев.
Тәжікстан Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Зулхия Нозакзода Кеңестің құрылуы Орталық Азия аймағы кәсіподақтары үшін халықаралық кәсіподақ қоғамдастығында бастамаларды алға бастыруда үлкен жетістік деп санайды.
«Тәжікстан бірыңғай коммуникациялық стратегияны құруды қолдайды және зерттеу бөлімін дамытуды ұсынады. Ортақ мәселелерді талдау жалпы күн тәртібіндегі және еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешуге тиімді әсер етуге көмектеседі. Бірыңғай коммуникациялық платформа ұлттық кәсіподақтар орталықтарының қызметі туралы хабардар болуды арттыру және Кеңесті халықаралық аренада алға бастыруға септігін тигізеді», — деді Зулхия Нозакзода.
Қырғызстан байланыс қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы Калыбек Омуралиев Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесіне мүше ұйымдардың ақпараттық саясатын үйлестіру идеясын қолдап, кәсіподақтардың ақпараттық алаңдағы белсенді жұмысы туралы айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселені қарауды қорытындылай келе, ОАЕКК Бас хатшысы – ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мультимедиялық ақпарат алмасуды дамытуды ұсынды.
«Кәсіподақтар өзінің табиғаты бойынша халыққа бағытталған институт болуы керек. Бірыңғай коммуникациялық платформаның басты мақсаты – мақсатты аудиторияның ұлттық кәсіподақтар орталықтары мен жалпы Кеңестің қызметі туралы хабардарлығын арттыру», — деді ол.
Кеңес мүшелері ОАЕКК бірыңғай коммуникациялық стратегиясын құру жөніндегі құжатты және оны ұзақ мерзімді перспективада іске асыру жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылдады және бірыңғай ақпараттық платформа – CTUCA.ORG сайтының мазмұны бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
ІІІ отырысқа қатысушылар өңірлік деңгейдегі туризмді дамытудың келешегін де қарастырды.
«Қазақ Туризм» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев ОАЕКК мүшелеріне халықаралық конференциялар, бірлескен көрмелер форматында жаңа туризм тұжырымдамаларын дамытуды ұсынды.
Қазақстандағы туризм саласының мүмкіндіктері туралы айта отырып, ол туризм саласына цифрландыру белсенді түрде енгізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазақстанда шетелдік туристерге онлайн тіркелуге мүмкіндік беретін e-qonaq жүйесі енгізілді. Кеңес мүшелерін корпоративтік туристік бағдарламаларды әзірлеуде, түрлі сала қызметкерлері үшін жеңілдікті отбасылық турпакеттермен қамтамасыз етуде ынтымақтастыққа шақырамыз», — деді Талғат Аманбаев отырысқа қатысушылар алдында.
Тақырыпты ҚРКФ төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов жалғастырды.
Оның айтуынша, барлық 8 кәсіподақ шипажайы қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие, өйткені, олардың жұмысында денсаулықты жақсартуға баса мән берілген.
«Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің құрылуы бәрімізге емдік және сауықтыру туризмін дамыту үшін одан да көп мүмкіндіктер ашты. Осы мақсатта біз шипажайлар қызметкерлері арасында тәжірибе алмасу, кадрлардың біліктілігін арттыру, трансферттік бағдарламаларды, яғни, шипажайларымызда демалушылармен алмасу бағдарламаларын әзірлеу бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алуымыз керек деп ойлаймын», — деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Осы мақсаттарда ол Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің уәкілетті ұйымдарының қатысуымен халықаралық консорциум құруды ұсынды.
Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Маликшо Нематзода қазақстандық әріптесінің туристік маршруттар географиясын кеңейту және медициналық туризмді дамыту жөніндегі бастамаларын қолдады.
«Кәсіподақтардың аймақ еңбеккерлерінің денсаулығын жақсарту мәселелерін шешу мүмкіндіктерін кеңейту үшін үлкен әлеуеті бар. Аймақ елдерінің кәсіподақтары арасындағы келісімдерге сәйкес, біз аймақ елдеріндегі емдеу-сауықтыру кешендері, санаторийлер және басқа да демалыс орындарында емделу және демалу үшін кәсіподақ туристерімен алмасуға жәрдемдесуге дайынбыз», — деп атап өтті Маликшо Нематзода.
Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Эмиль Кызаев өз кезегінде өз елінің туристік тартымдылығы туралы айта келіп, Қырғызстан кәсіподақтар федерациясы өзінің кәсіподақ санаторийлерін дамыту және өзектендіру жоспарларын жүзеге асыруға кіріскенін атап өтті.
«Бірегей табиғи емдік факторлары бар кәсіподақ шипажайлары санаториялық-курорттық емдеуге барлық тілек білдірушілерді, әріптестерін қабылдауға дайын», — деп атап өтті Эмиль Қызаев.
Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Эрдэнэбат Сухбаатар бірлескен туристік қызметті дамыту Моңғолияны туристтер үшін тартымдырақ етеді деген пікір білдірді.
«ОАЕКК туристік мүмкіндіктерінің бірыңғай базасы біздің елдеріміздің тұрғындарына Орталық Азия аймағында демалыс пен сауықтыруды жоспарлауда бағыт-бағдар береді. Кәсіподақтар біздің елдер арасындағы тікелей әуе қатынасының кеңеюіне ықпал ете алар еді, мысалы, мен елге келгеннен кейін Моңғолия Көлік министрлігіне мемлекетаралық көлік мәселелерін шешуді ұсынбақпын. Айтпақшы, Моңғолия кәсіподақтары құрамасының футболшылары Моңғолиядан Қазақстанға қатынайтын құрлық бағыттарын зерделеу мақсатында Астанаға автокөлікпен барды. Бірлескен туризм саясаты кәсіподақ мүшелерінің бір-бірін жақынырақ тануына мүмкіндік береді», — деді Моңғолияның кәсіподақ көшбасшысы.
Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының «Касаба-сайр» ДП директоры Тулкун Хидиров өз елінде кәсіподақ туризмінің дамуы туралы айтып өтті.
Оның айтуынша, жылдан жылға кәсіподақтар тартатын туристер саны тұрақты өсіп келеді.
«Егер 2018 жылы елімізге 245 829 турист тартылса, 2022 жылы – 306 546 адам, биыл 400 000-ға жуық турист тарту жоспарлануда. Туризмді дамыту аясында Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының санаторийлер желісі кеңейіп келеді – 2017 жылы 17 санаторий болса, бүгінде – 31. Өткен жылы кәсіподақ курорттарында 168 068 адам сауықтыру курсынан өтті, оның ішінде, 4949-ы – шетел азаматтары, 2667 – қазақстандықтар», — деді Тулкун Хидиров.
Тараптардың барлық келісімдері ОАЕКК аясындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандуммен бекітілді.
Құжатқа сәйкес, Орталық Азия елдерінде халықаралық және ішкі туризмді дамыту тұжырымдамасы әзірленеді.
Санаторлық-курорттық емдеу мен оңалтудың жаңа тиімді нысандарын дамыту, сондай-ақ, ОАЕКК қатысушы барлық елдердің кәсіподақ мүшелерінің осы қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдарламаларды іске асыру жоспарлануда.
Отырыс соңында ОАЕКК қатысушылары Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің кәсіподақ ұйымдары арасында «Үздік ұжымдық шарт» байқауын өткізу бастамасын қолдады.
Кеңес мүшелері байқаудың қорытындысын ағымдағы жылдың қыркүйек айында ОАЕКК IV отырысында шығарады деп күтілуде.
Субаймақтық форумды қорытындылай келе, Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кездесудің ерекше маңыздылығын атап өтті, оның барысында мазмұнды пікір алмасу болды, тараптарды жоспарланған бастамаларды тиімді жүзеге асыруға шақырды.
«Біз таяу болашақтағы негізгі өзекті міндеттерді анықтадық – еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, Орталық Азия елдерінде кәсіподақ жастар саясатының заманауи үрдістерін жүзеге асыру, бірыңғай коммуникациялық стратегияны құру, туризм, Орталық Азия елдері кәсіподақтарының халықаралық және аймақтық ынтымақтастығын дамыту», — деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ медиаорталығы