ҚРКФ төрағасы: «Еңбеккерлердің кәсіподаққа бірігуі – әлеуметтік әріптестікті үдемелі дамытудағы тиімді қадам»

738

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Сапардың мақсаты – әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдаймен танысу, әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелерін қарастыру және жергілікті кәсіподақ мүшелерінің пікірлерімен танысу.

Сапардың бірінші нүктесі Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасы – «Макинская құс фабрикасы» ЖШС болды. Кәсіпорынды аралау барысында ҚРКФ басшысының қасында ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Егор Каппель, Ақмола облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Қали Рахметов, құс фабрикасының директоры Ришат Раисов және құс фабрикасының қызметкерлері болды.

Кәсіпорын 8 жыл бұрын құрылған, бұл Қазақстанның Даму банкі қаражаты тартылған ең ірі инвестициялық жоба. Өндірістік және технологиялық қуаттарды кезең-кезеңімен іске қосу жылына 100 мың тоннаға дейін салқындатылған құс етін өндіруге мүмкіндік берді. Дайын өнім Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясына сатылады, болашақта Әзірбайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай және басқа елдердің нарығына шығу жоспарлануда.

Директор Ришат Раисовтың айтуынша, құс фабрикасында халал стандартының нормативтері ескеріле отырып, әлемдік өндірушілердің технологиялық жабдықтарын пайдалана отырып, инкубациялау, өсіру, сою және қалдықтарды өңдеу саласындағы үздік заманауи технологиялар қолданылады.
«Құс фабрикасының үш фазасының іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болды. Бүгінде кәсіпорында 1891 адам жұмыс істейді, орташа жалақы 402 мың теңгені құрайды», — деді ЖШС директоры Ришат Раисов.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин құс етін өңдеу цехының қызметімен танысты. Мұнда екі ауысымда 900 адам жұмыс істейді.
Кәсіпорындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының жай-күйін талқылай отырып, тараптар ұжымдағы әлеуметтік әріптестік қатынастарды одан әрі дамыту туралы айтты. Сөз, атап айтқанда, құс фабрикасында бастауыш кәсіподақ ұйымын құру мәселесіне тоқталды, бұл үшін алғышарттар бар.
«Жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы үйлесімді қарым-қатынастарды құру көбінесе кәсіпорында әлеуметтік әріптестік қатынастарының қалыптасуына байланысты. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін дамыту мәселелерін шешу бүкіл еңбек ұжымы үшін ең маңызды аспектілер болып табылады. Жұмыскерлердің кәсіподақ ұйымына бірігуі әлеуметтік әріптестікті үдемелі дамытудың тиімді қадамы болмақ», — деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Егор Каппель салалық кәсіподақ құс фабрикасы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұяшығына бірігу жөніндегі барлық бастамаларын қолдайтынын, кәсіпорын әкімшілігімен тиісті әріптестік қарым-қатынастар дамып келе жатқанын айтты.

ҚРКФ медиаорталығы