САТЫБАЛДЫ ДӘУЛЕТАЛИН: «ЕҢБЕККЕРЛЕРДІ САУЫҚТЫРУ ЖӘНЕ ОҢАЛТУ – ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІНІҢ НЕГІЗІ»

764

Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Viamedis» ЖШС филиалының емханасы мен оңалту орталығының қызметімен танысты. Бұл медициналық мекеме Көкшетау қаласының ғана емес, бүкіл облыс тұрғындарына көпсалалы диагностикалық, емдеу-профилактикалық және оңалту көмегін көрсетеді.

Медициналық орталықтың қызметтеріне тоқталған филиал басшысы Бахтияр Қоңқабаев мұнда ауысымына 250 келушіге арналған емхана, 81 орынды стационарлық оңалту бөлімі, 36 орынды күндізгі стационар, хирургиялық және терапевтік стационарлар жұмыс істейтінін атап өтті.

«Жүгінген жандардың барлығына көмек көрсетіледі. Біз жарақаттан кейін, оның ішінде өндірістік жарақаттан кейінгі оңалту процесіне ерекше көңіл бөлеміз. Ол үшін барлық жағдай жасалған: жүзу бассейні, бірнеше спорт залдары, моторикасын дамыту кабинеті, онда адамдар жарақат алғаннан кейін аяққа тұруды, жүруді, қайта сөйлеуді үйренеді және толыққанды өмірге оралады», – деді Бахтияр Қоңқабаев.

Медициналық орталықтың филиалында 121 медицина қызметкері жұмыс істейді, олардың 95-і – QazMed Медицина қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының мүшесі. ҚРКФ төрағасымен кездесу барысында медицина қызметкерлері кәсіподақ пен жұмыс беруші арасындағы әріптестіктің арқасында медицина қызметкерлерінің жұмысына барынша қолайлы жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

Орталық қызметкерлерінің орташа жалақысы 250 мың теңгені құрайды, жұмыс ауысымы белгіленген кесте бойынша қатаң сақталады. Ақмола облысы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жергілікті «SENIM» кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Кәкенов дәрігерлер мен медбикелер ауыр ауысымнан кейін күштерін қайтару керек болғандықтан, олардың дәл сол жерде медициналық орталықта сауықтыру гимнастикасымен айналысуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин медицина қызметкерлеріне адал еңбектері үшін алғыс айтып, кәсіподақтардың медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуына жіті көңіл бөлетінін атап өтті.

«Еңбеккерлерді оңалту және сауықтыру – еңбек өнімділігінің негізі. Адамдарды толыққанды өмірге қайтаруға бағытталған еңбектеріңіз баға жетпес. Дегенмен, дәрігерлер мен медбикелердің өздері қолдауға мұқтаж. COVID-19 пандемиясы кезінде біз коронавируспен күресуге үлес қосқан әрбір медицина қызметкеріне қосымша ақылардың төленуіне қолжеткіздік. Медицина қызметкерлерінің жалақысы жоспарлы түрде көтеріліп келеді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Біз әлеуметтік әріптестермен еңбек заңнамасына жалақы бөлігінде өзгерістер енгізу, еңбек қауіпсіздігінің жаңа тетіктерін және әлеуметтік кепілдіктердің жаңа түрлерін құру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Ұлт денсаулығы, ең алдымен, медицина қызметкерлеріне деген салауатты қарым-қатынасқа байланысты», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ медиаорталығы