ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА «АУЫЛ – ЕЛ ТІРЕГІ» ОНКҮНДІГІ АЯСЫНДА КӨШЕЛЕР ЖӨНДЕЛІП, ЖАРЫҚШАМДАР ЖАРҚЫРАДЫ

1191
Түркістан облысы, Сайрам ауданында аудан әкімі Ұласбек Сәдібекұлының бастамасымен «Ауыл – ел тірегі» онкүндік іс-шарасы өтті. Қорытынды іс-шарада жергілікті кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары ауылдық округ әкімдігімен бірлесе отырып мемлекет қаражатынсыз «асар» жолымен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында жұмыстар атқарды.
Кезекті онкүндік ауданға қарасты Қарасу ауылдық округінде өткізілді. Іс-шара аясында азық-түлік себеттері дайындалып, аз қамтылған отбасыларға таратылды. Қарасу ауылындағы А.Жұбанов көшесінде ұзындығы бір шақырым жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға берілді. Ақбай ауылындағы көшеге демеушілердің көмегімен тас төселді. Ақбай ауылына кіреберісіндегі Жаңақұрылыс көшесі аумағына трансформатор орнатылған. Облыстық маңызы бар Жібек жолы көшесі бойындағы жарықшам бағаналарына диодтық ою-өрнектер ілінген. Ынтымақ ауылында тозығы жеткен, ескірген бағаналарын ауыстыру туралы тұрғындардың өтініші ескеріліп, 68 электр бағанасы және электр желілері жаңартылды. «Аламан» каналының 2,5 шақырым ішкі арығы механикалық тазалаудан өтті.
Қарасу ауылдық округінің әкімі Дамир Сыдықов: «Жоспарды дайындау барысында Қарасу ауылдық округіне қарасты жергілікті қоғамдастық мүшелері және ауыл кәсіпкерлері, аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен кеңес өткізіп, ауылдағы өзекті мәселелерге баса назар аудардық», дейді.
Бұл шараға жергілікті қоғам белсенділері, кәсіпкерлері, аудандық мәслихат депутаттары атсалысуда. Көрсетіліп жатқан қолдауға жергілікті тұрғындар өз ризашылықтарын білдірді. Мерекелік шара ұйымдастырылып, «Ауыл – ел тірегі» онкүндік іс-шарасы қорытындыланып, атқарылған жұмыстар баяндалды. Сонымен қатар Сайрам ауданы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Шаттық Бекзатова Астана қаласында өткен конференцияда қоғамға қосқан айрықша еңбегі үшін «ҚР еңбек сіңірген қызметкері 2022» төсбелгісімен және І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі