Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлының өліміне қатысы бар деген күдіктіге сот үкімі шықты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жансейіт Түймебаевтың ұлы 2022 жылы 6 қаңтар күні кешке коменданттық сағат басталмай жатып қайтыс болды. Жігіт үйіне көлікпен қайтып келе жатқан. Сәтбаев көшесіне жетпей қиылыста тоқтаған кезде, кенет оның көлігіне белгісіз біреулер оқ жаудырған.
Алматы гарнизоны әскери соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп айыпталған М. есімді әскери қызметшіге қатысты қылмыстық істі қарады.
«2022 жылдың 6 қаңтарында Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде төтенше жағдайда 18404 әскери бөлімінің құрамында, «Республика» қалалық алаңы маңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысқан сотталушы М. есімді жігіт өз өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, қару қолдануға ешқандай қауіп пен негіз болмаған жағдайда жол айрығында тұрған Lexus 570 көлігіне пулеметтен бірнеше рет оқ атқан. Соның салдарынан көліктің жүргізушісі қаза тапты», — деді әскери соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Прокурор сотталған М. есімді әскери қызметшіге жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ресми мәлімет бойынша, сотталушы өз кінәсін мойындамаған.
«Қылмыстық құқық бұзушылық ауыр қылмыстар санатына жатады, ол үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сотталған адамның қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін жағдай бойынша сот кішкентай балаларының бар екенін мойындады. Сот қылмыстық құқық бұзушылықты ант берген адамның жасауы ауырлататын мән-жай деп таныды. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот күдіктіні 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды», — делінген әскери соттың баспасөз қызметінде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.