Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтуі енгізіледі. Яғни халық жаппай саусақ ізін тапсыруға міндетті.
Паппилярлық деректерді тіркеу жеке куәлік және төлқұжат аларда халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізілмек. Онда арнайы сканер арқылы он саусақтың ізі алынады. Содан соң саусақ табы басқа да ақпараттармен бірге микросхемаға енгізіліп, құжатта сақталатын болады.
Аталған «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заң» 2016 жылы қабылданған еді. Алғашында ол 2021 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді деп жоспарланған. Алайда қаржы тапшылығына байланысты ҚР ІІМ 2023 жылға қалдырды. Сөйтіп, осы жылғы 30 наурыз бен 13 сәуір аралығында Ашық НҚА-да талқылауға ұсынылды да, бұл тақырып қайта көтерілді. Негізі саусақ табы төлқұжат немесе виза жасатарда ішінара талап етілетін. Одан бөлек қылмыскерлер мен күдіктілерден, сот шешімімен үй қамаққа алынғандардан және жеке басты басқа жолмен анықтау мүмкін емес жағдайларда да сұралатын. Енді, жаңа жылдан бастап 16 жастан асқан барлық Қазақстан азаматтары мен елде тұрақты өмір сүретін, 12 жастан асқан шетелдік азаматтар тіркеуден өтуге міндетті. Ал 12-16 жас аралығындағы балалар ерікті түрде таңдау жасай алады. Мұны естіген халықтың ойы екіге бөлінген. Дені қажеттілік жоқ дегенді айтуда. Осы орайда «Дактилоскопиялық деректерді жаппай тіркеу қандай мәселелерді шеше алады?» деген сауалмен ҚР ішкі істер министрлігіне хабарластық.
«Саусақ іздерін алу жеке куәлікті алғаш жасатқанда, мерзімі аяқталуына, жоғалуына байланысты немесе атын, тегін ауыстыру мақсатында қайта жасатқанда жүзеге асады. Бұлай әр азаматты дактилоскопиялық тіркеу заңсыз құжаттар жасаудан, оны қолданудан сақтап, қауіпсіздік жүйесін жақсартады. Әрі құжаттарды қалпына келтіру қазіргіден әлдеқайда жылдам жүргізіледі. Оған қоса гаджеттер мен ұялы телефон арқылы қашықтықтан цифрлық құжаттарды рәсімдеу де жеңілдейді. Сондай-ақ жазатайым оқиға, төтенше жағдайлар мен өрт кезінде зардап шеккендердің жеке басын анықтауға мүмкіндік артады. Ес-түсінен айырылған, жоғалып кеткен, өзі туралы ақпарат бере алмайтын ауыр халдегі, сырқат адамдардың туысын табу үшін де саусақ ізін жаппай тіркеу айтарлықтай көмек болмақ. Полиция қызметкерлерінің қылмыстық істерді ашу процесіне де саусақ іздері керек.
Осы орайда қоғам тарапынан деректерді сақтаудағы қауіпсіздікке байланысты алаңдаушылық бар екенін көріп отырмыз. Алайда дактилоскопиялық деректер мемлекет кепілдік беретін қорғауға жатқызылады. Жоғарыда аталған «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңға сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар дактилоскопиялық ақпаратты қорғау мақсатында азаматтардың деректерін бұғаттап, иесіздендіреді», – деп жауап берді министрлік өкілі Нұржан Жаңабаев.
Яғни саусақ ізі аты-жөннен немесе басқа да жеке ақпараттардан дербес тіркеледі де, оның кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін болмайды. Мәліметтер базасында саусақ іздерінің бірегей идентификаторы ғана тұрады. Тіпті ЖСН де көрсетілмейді екен. Қазіргі таңда мәліметтер жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтау үшін сынақтар мен зерттеулер жүргізілуде. Яғни министрліктің айтуынша, саусақ ізін тіркеуді жалпыға міндеттеу қауіпсіздікті арттырады. Ал деректердің таралып кетпеуі қамтамасыз етілген. Алайда көпшілік бұл айтылғандарға күмәнмен қарайды. Тіпті жақында ғана саусақ ізін міндетті тіркеуге қарсы петиция жарияланды. Қазіргі таңда 3 мыңға жуық адам қол қойған. Әрине, анау айтқандай көп емес, десек те қарсылық бар. Петицияда былай делінеді:
«Біз, Қазақстан халқы мәжбүрлі түрде биометриялық деректерді тапсырудың барлық түріне қарсымыз. Халық қылмыскер емес. Халық құл емес. Бізді ҚР конституциясы мен заңдары, сонымен қатар халықаралық заңдар қорғайды. Биометриялық деректерді жаппай міндетті етіп, ал бас тартқандарға айыппұл саламыз деу артық. Бұл ақпараттардың қауіпсіздігі үшін кім жауап береді? Азаматтардың кінәсіз айыпталып, қылмыс құрамына қатысы бар деп жала жабылмайтынына кепілдік бар ма? Жеке қызығушылықтар мен мәселелердің әсерінен немесе өз қылмысын жасыру үшін қитұрқылыққа баратындар көбейіп кетсе ше? Әр адам өзі үшін өзі шешім қабылдап, биометриялық деректерін ерікті түрде беруі керек».
Көріп отырғандарыңыздай, қауіпсіздік мәселесі қоғамды расымен де алаңдатып отыр. Бұл орынды да. Себебі жеке биометриялық деректер біреудің қолына түссе, әрі ол бір емес, бірнеше миллион халықтың мүддесіндегі сұрақ болса, не боларын елестету қиын. Осы мәселе жөнінде заң ғылымының кандидаты Айыпқан Мұхамадиев былай дейді:
«Әділеттілік пен заң қағидалары сақталатын мемлекетте дактилоскопиялық тіркеу – яғни азаматтардың саусақтарының, алақандарының паппилярлық үлгісін алу адамдардың құқығын қамтамасыз етудің тиімді жолы болып табылады. Алайда біздің елде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң нормаларын күшіне енгізіп, саусақ іздерін алуға әлі ертелеу. Өйткені соңғы жылдары құқық қорғау саласына жауапты мемлекеттік органдардың басшылары мен қызметкерлері жемқорлықпен, отанға опасыздық жасады деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке көптеп тартылуда. Жоғарғы соттың судьялары, ішкі істер министрлігінің басшылары, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалары, генералдар, министрлер, әкімдер сіз бен бізді қорғаудың орнына өздері жемқорлыққа батып жатқанда бұл жаңалықты енгізу орынсыз деп есептеймін. Ақшаға құныққандар мен сайқалдардың заманында бизнестегі бәсекелесіне немесе саясаттағы қарсыласына жала жауып, қылмыс орнында табылған «қолдың ізімен» осыған қатысы бар деп, темір торға тоғытудың амалы болып кетпесіне кім кепіл бола алады? Ешкім! Қолды беріп, бастан айырылмайық».
Бұл пікірге заңгер Камиша Есмұхамбетқызы да қосылды:
«Қылмыстың алдын алу деген жай сылтау. Біздің жүйеде 15-20 жылдан бері ашылмай келе жатқан істер бар, қылмыстық құрам нақты бола тұра жабылып жатқандары да көп. Мәселен, менің жеке тәжірибемдегі бір іс бойынша күйеуі өз әйелін өлтірген. Біз қылмысты дәлелдедік. Айдан анық нәрсе еді. Бірақ «қылмыстық құрам жоқ» деп істі жауып тастады. Елімізде мұндай мысалдардың көптігі полицияның жұмыс сапасы өте төмен екендігін көрсетеді. Сол себептен де бұл саланың қызметкерлеріне деген халықтың сенімі де аздау. Азаматтардан жаппай мәжбүрлеп саусақ іздерін алған соң, полиция қылмыспен күресіп, құқықтық жүйе жетіледі, бірнәрсе өзгереді деген жай ғана әпсана. Түптеп келгенде, Қазақстан концлагерь емес. Мемлекет адамның жеке құқығына мәжбүрлі түрде қол сұқпауы керек. Саусақ іздері пайдаланылып, жазықсыз жандарға жала жабылмайтынына кім кепілдік бере алады? Немесе ол деректер басқа мақсаттарда пайдаланылмайды дегенге сенуге бола ма? Дактилоскопиялық деректерді жаппай тіркеу керек деген күннің өзінде, оған біздің жүйе мен халықтың санасы дайын болуы керек. Ал жүйе өзгермей тұрып осы саусақ іздері қылмыстың алдын алуға көмектеседі деген ертегі секілді», – дейді заңгер.
Расымен де, деректерді алу, жинау бөлек іс те, оның бәрін қауіпсіздікте сақтау бөлек дүние. Әрі «бармақ басты, көз қыстының» дерті тіптен асқынып кете ме деген қауіп бар. Бірақ айт-айтпа, заң қабылданды. Жаңа жылдан бастап жеке куәліктердің бәрі де саусақ ізі тіркелген күйде берілетін болады. Ендігі мәселе – олардың министрлік айтқандай игі мақсаттарда ғана қолданылуын қамтамасыз ету. Бұл орайда ІІМ-не үлкен жауапкершілік пен жүк артылып отыр. Қазір қауіптеніп отырған мәселелер ертең алдымыздан кесе-көлденең шықпаса болғаны…
Баян Мұратбекқызы