Қазақстан байлығы кімдердің қолында немесе «Еуразиялық үштіктің» иелігінде не бар

730

Александр Машкевич, Патох Шодиев және Ибрагимовтар әулеті – Қазақстанның тең жарты байлығына иелік ететін атақты «Еуразиялық үштік». Ulysmedia.kz олигархтардың активтерін есептеп, олардың капиталы негізінен қай секторда екенін анықтады.

Eurasian Resources Group (ERG) активтері туралы мәліметтерді жинаған кезде байқағанымыз: еліміздегі негізгі стратегиялық нысандар осы үштіктің уысында екен. Алюминий өндіру, хром, темір, көмір өндіру, т.б. маңызды өнеркәсіп осылардың ашқа алақанында, жұмса жұдырығында болып шықты. Бұл – еліміздің басты байлығы деген сөз.

Бір таңқаларлығы, бұл адамдар Қазақстан азаматы да емес. Сонда қалай болғаны? Мұның жауабын «Ескі Қазақстан» «оқулығының» парақтарынан іздеу керек.

Хром

ERG компаниясы туралы қазақстандықтардың көпшілігі біледі, тіпті моноқалаларда тұратындары ERG-дің атына әбден қанық десек те болады. Өйткені қала құрушы кәсіпорындардың негізгі өндіріс ошақтары осы еуразиялық үштіктің иелігінде. Мысалы, «ТНК Казхром» АҚ Ақтөбе облысының Хромтау шағын қаласында орналасқан, мұнда екі адамның біреуі осы компанияның шахтасында жұмыс істейді. Хромтауда екі шахта бар: бірі – «Молодежная», екіншісі – «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» деп аталады.

Бұл кәсіпорын Қазақстандағы ең ірі 50 кәсіпорынның тізіміне енген, мұнда 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Компанияның 2023 жылғы табысы 1,29 трлн теңгені, ал таза пайдасы 485,9 млрд теңгені құрады.

«Қазхром» құрамына 4 бөлімше кіреді, олар: Донской ГОК, Казмарганец кен басқармасы, Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары. Айта кету керек, бұл кәсіпорындардың әрқайсысы өз алдына бөлек отау.
«Қазхромның» түпкілікті бенефициарлары Қаржы министрлігі (40%), Ибрагимовтар отбасы (20,7%), Александр Машкевич (20,7%) және Патох Шодиев (18,6%) екенін атап өтейік.

Алюминий

«Қазақстан алюминийі» АҚ – Павлодар облысындағы қала құраушы кәсіпорынның бірі. Ол да ERG активіндегі алпауыт компания. Мұнда 8 мыңға жуық адам еңбек етеді. Компанияның 2023 жылғы табысы 245,8 млрд теңгені, ал таза пайдасы 57 млрд теңгені құрады.

Оның құрамында алюминий балқыту зауыты, ЖЭО-1, Керегетас әктас кеніші, тіпті Қостанай облысындағы боксит кеніші кіреді. Бұл да Қазақстандағы ең ірі 50 кәсіпорынның қатарына кіретін кәсіпорын.

Директорлар кеңесінің құрамында 3 адам бар, олар: «Еуразиялық үштіктің» мүшелері – Александр Машкевич, Патох Шодиев және Шухрат Ибрагимов, сондай-ақ кәсіпорынның 40 пайызына иелік ететін Қаржы министрлігі мен Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бар.

Еліміздегі жалғыз жоғары сұрыпты алюминий өндіруші «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ да осы Павлодар қаласында орналасқан. Мұнда 2,3 мың адам жұмыс істейді. Компанияның 2023 жылғы табысы 309,3 млрд теңгені, ал таза пайдасы 50,8 млрд теңгені құрады.

Темір

«Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» (ССТБӨ) – Қостанай облысының Рудный қаласында орналасқан қала құраушы кәсіпорын. Бұл жерде темір қорытылады. 8,6 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Компанияның 2023 жылғы табысы 407,7 млрд теңгені, таза табысы 166,9 млрд теңгені құрады.

Аталған өндірістік бірлестік құрамына Соколовский, Сарыбай, Качар және Қоржынкөл карьерлері, Алексеев доломит кеніші, сонымен қатар «Промышленный», «Горно-добычной», «Транспортный», «Энергетический», «Качарский горно-добычной» кешендері, технологиялық жабдықтарды жөндеу бөлімі және басқа цехтар мен учаскелер кіреді.

Компанияның иесі – ERG Iron Ore Holding B.V.

Көмір

«Шұбаркөл Көмір» акционерлік қоғамының атауы көптеген қазақстандыққа етене таныс, ол біздің еліміздегі ең ірі көмір өндіруші кәсіпорындардың бірі. Иә, ол да Еуразиялық үштікке тиесілі. Мұнда 3 мың адам жұмыс істейді. Компанияның 2023 жылғы табысы 116,6 млрд теңгені, ал таза пайдасы 7,4 млрд теңгені құрады.

Кәсіпорынның Қарағанды облысындағы «Орталық» және «Западный» атты екі көмір шахтасы бар, сонымен қатар арнайы кокс шығаратын зауыт пен белсендірілген көмір өндіретін цех бар.

Кәсіпорынның акционерлері «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ және SHK Eurasian Holding B.V., бірақ түпкілікті бенефициар сол олигархтардан құралған ERG болып табылады.

Тұра тұр… әлі бар

Ірі тау-кен кәсіпорындарынан басқа, ERG-де сервистік, медициналық, көліктік және қаржылық қызметтерді көрсететін көптеген компания бар. Олардың көпшілігі 200-ден 2,2 мың адамға дейін жұмыс істейтін орта және ірі бизнес субъектілері.

Сондай-ақ ғылыми орталық пен өндірістік қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын (ERG Recycling) бар.

Жалпы, «Еуразиялық үштік» Қазақстанның тау-кен металлургиялық кешенінің, сондай-ақ энергетика және теміржол нысандарының үштен бір бөлігіне иелік етеді.

«Еуразиялық үштіктің» иелігіндегі осынау есіл байлық заңсыз активтерді мемлекетке қайтару науқанына неліктен ілікпей қалғанына таң-тамаша болдық.

Бір қызығы, мақалада аты аталған үш олигарх та біздің елдің азаматтары емес. Бұл қалай сонда? Риторикалық сұрақтың жауабы «Ескі Қазақстанда» жатыр.

Аман Төлебаев