Келешегін Асан қайғы дәл болжаған Сауран

2247
Сауран — қазақ жерінде салынған ежелгі қалалардың бірі. Шаһарды «Жеті қабат қабырғамен қоршалған үлкен қала, ішінде мешіті мен рабаты бар» деп суреттейді.
ХІІІ ғасырда Сауран Ақ Орданың астанасы болса, XIV ғасырдың соңында Әмір Темір оны әскери қамалға айналдырды. Ислам діні таралған тұста үлкен діни орталық болған. Ал XVI ғасырда Сауран мұнаралы биік қабырғалармен қоршалған үлкен бекінісі бар көркем шаһар болды. Талай шапқыншылықтан тас-талқан болып қираған қаланың орны бүгінде қаңырап жатқанымен қорғанның белгілері қалған.
Сауран – Түркістаннан солтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жердегі қала орны. Қала туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы жазбаларда кездеседі. Ортағасыр ғалымдарының еңбегінде Сауран қамалының мықтылығы туралы “оның мұнаралары мен қабырғасын қирату ешкімнің ойына да кіріп шықпайды” деген сипаттама бар. Шынында сол биік қабырғалар әлі күнге дейін жақсы сақталған.
Сауран туралы деректердің ішіндегі ең назар аудартатыны – шайқалатын мұнаралары бар медресе мен қаланы сумен қамту үшін жер астымен жүргізілген кәріз жүйесі. Археологтар бұл нысандарды деректерден оқып, орнын көп іздейді. Ақыры көптен күткен ғажайып медресенің орны аршылады. Оның бар құпиясы шынжырында екен. Екі мұнараға шынжырлар бекітіліп, күмбездерінің астына бөрене қойылған. Егер біреу бөренені күшпен қозғалтса, ол келесі мұнарадағы кісіге шайқалып, құлағалы жатқандай болады. Оны сол заманның ғалымы Уасифи “Бұл – әлем ғажайыптарының бірі” деп бағалаған.
Ал су жеткізуші кәріздердің құрылысын үндінің 200 құлы жүргізіпті. Кәріздің қайнар көзі Сауранға жақын жерде орналасқан, оның үстіне қамал салынған. Қамалдың ішінен тереңдігі 200 кез (бір кез – 0,66 метрге тең) құдық қазылған. Суды өгіз күшімен іске қосылатын шығыр арқылы көтерген. Кәріз бастауында суқойма бар. Қала тұрғындары суды алыстан тасымай, өз үйінің ішінде еш қиындықсыз пайдаланғаны байқалады.
Соңғы жылдары жұма, намазгох мешіті, ханака, қала қақпасы аршылды. Бүгінде медресенің орны әлі де жан-жақты зерттеліп жатыр. Өйткені мұсылман әлемінде медресе білім беру жүйесіндегі ең жоғарғы мектеп саналады. Мұнда діни пәндермен бірге философия, логика, риторика, каллиграфия, музыка, астрономия, математика, география, медицина, жаратылыстану және тағы басқа ғылымдар оқытылған.
Халық ауыз әдебиетінде Асан қайғы Сауранға ат басын бұрып, оған бағасын бергені айтылады.
Әттеген-ай, қорғанды ай тақырдың бетіне, шөлстанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ – түбі тұрақты қала бола алмас, – деген екен ол Сауран туралы.
baribar.kz