«Министрлік мұғалімдердің уақытын ұрлап жатыр» – «Мақсатты мектеп» жобасы НЕГЕ көзбояушылыққа айналды?

116

Жұмыстан кейін ертеңгі сабаққа дайындала ма, әлде тест сынағын тапсыра ма? Түнімен онлайн сабақ оқыған мұғалім оқушыларға қандай білім береді?

Білім саласында тағы даулы мәселе туындады. Ұстаз қауымы жаңа оқу жылынан бастап енгізілген «Мақсатты мектеп» жобасының заңдық негіздемесі жоқ екенін және мұның соңы көзбояушылық пен қаржыны шығындауға алып келетінін алға тартуда. NEGE тілшісі жобаның шикі тұсы туралы мұғалімдердің өзінен сұрап білді.

  Айман САҒИДУЛЛА, Алматы облысы, Қарасай ауданының мұғалімі:

Мұғалім онлайн сабаққа кірмей қалса, облыстан «арнайы тізім» келеді

ғаламтордан

– Мұғалімдердің шағымдануына себеп – заңсыз енгізілген «Мақсатты мектеп» жобасы. Яғни, мұның ешқандай заңдық тұрғыдан құжаты жоқ. Жоба бекітілуі керек, талқылануы тиіс. Арнайы бұйрық шығып, тіркелуі керек. Онсыз жобаны жүзеге асыруға болмайды. Біздің тарапымыздан қойылған сауалға министрлік «Бұған қатысты үкіметтің қаулысы бар» деп жауап берді. Қаулымен де таныстық. Оның ішінде, керісінше, үш жылда бір рет біліктілікті арттыру туралы жазылған. Бірақ министрлік «Жобаны осы қаулыны негізге алып, енгізіп отырмыз» деп түсіндірмекші болды. Негізі «Педагог мәртебесі» туралы заңда «Мұғалім біліктілігін арттыру курсынан үш жылда бір мәрте өтуі тиіс» деп жазылған. Ал министрліктің мына әрекетіне қарасақ, жыл бойы оқытпақшы. Бұл – дұрыс емес.

Министрлік жобаның заңдылығын дәлелдегісі келеді, бірақ дәлелдей алмайды. Министрдің баяндамасы қашаннан бері заңды құжат немесе бұйрық болып есептеледі? Біз бұл мәселені көтергеннен кейін ғана өңірлерге барып түсіндірме жұмысын жүргізуге кірісіпті. Мұғалімдер 2 ай оқып болғаннан кейін түсіндіру жұмысын жүргізгені қай сасқаны?! Қазақстан бойынша биыл бұл жобаға 943 мектеп енсе, келесі жылға 2 мың мектеп жоспарланыпты. Мұның ішінде білім сапасы 55 пайыз көрсеткішті көрсететін мектептер жүр. 20-30 пайыз болса, бір жөн.

Жақында мұғалімдер екі айға жуық уақыт оқыған онлайн курсты тәмамдап, тест тапсыра бастады. Енді офлайн оқуға барғалы отыр. Мұғалім таңертең мектепке кіреді де, кеше бір-ақ шығады. Олар физикалық тұрғыдан үлгере алмайды. Министрлік «Мұғалімнің күніне 4-5 сағат сабағы болса, қалған уақытта не істейді?» дегенді алға тартады. Олардың артық уақыты жоқ. Ал егер сол күні мұғалім онлайн сабаққа кірмей қалса, облыстан «арнайы тізім» келеді. Содан кейін курсты тыңдасын-тыңдамасын қосып қоюға мәжбүр. Бұл мұғалімге үлкен кедергі келтіреді. Жұмыстан үйіне барған соң ертеңгі сабаққа дайындала ма, әлде тест тапсыруы керек пе? Түнімен онлайн сабақ оқып, тест тапсырған мұғалім оқушыларға қандай білім береді? Біздің назарымыз оқушыда болуы керек. Мұғалім жалақыны оқушыға білім бергені үшін алып отыр.

Тағы бір өкініштісі, онлайн курстың мазмұнына да көңіл толмайды. Мұндай дүниемен білім сапасын арттырамыз дегені – өтірік әңгіме.

 Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейдің мұғалімі, «Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Идеясы дұрыс, атқарылу жолы шикі

ғаламтордан

– Қазір еліміздің 943 мектебін «Мақсатты мектеп» жобасы әуреге салып жатқан секілді. Бұл жоба қыркүйек айының басында «Нысаналы мектеп» деп аталды. Кейіннен мұны мұғалімдер түсінбей, әлеуметтік желіде шулаған соң атауы «Мақсатты мектеп» деп өзгертілді. Бұл жобаға біздің мектеп кірмеген соң әуелгіде назар аудармадым. 14 қыркүйек күні Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан бір топ мұғалім көмек сұрап хабарласты. «Бізге сабақ үстінде онлайн курс өтуге мәжбүрлеп жатыр» дегенді айтты. Содан Шымкент қаласында біраз мұғалімді жинадым. Білуімше, Шымкенттің өзінен бұл жобаға 40 мектеп еніпті. Ұстаздардың пікірін тыңдай келе, олардың жанайқайын түсінгендей болдым.

Біріншіден, бұл жобаға қанша қаржы бөлінгені айтылмаған. Екіншіден, «жобаның мақсаты – артта қалған мектептердің білім сапасын көтеру» делінген. Бұл қандай критерийлермен анықталды, бұл жағы да белгісіз. Бұл ойымды әлеуметтік желіге де жарияладым. Екі-үш күннен кейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек шақырып, жобаға қатысты көзқарасымды сұрады. «Жобаның мақсаты – білім сапасын көтеру» делінген. Оған ешкім қарсы емес. Бірақ бізге түсініксізі – жобаның орындалу, іске асу жолы.

Мәселен, жұмыс беруші жұмыскерден сапалы, өнімді еңбек талап ету үшін алдымен жағдай жасау керек. Мектепте материалдық жағдай министрдің Тамыз конференциясында айтқанындай, жарқырап тұрмағанын жеткіздім. Шынында да, интернеттің өзі қолжетімсіз. Мектепте интерактивті тақтаны қосу үшін әр мұғалім өз телефонымен кіреді. Себебі, мектеп интернет желісімен толық жабдықталмаған. Әкімнің орынбасарына жобаны іске асыруға байланысты ұсыныс дайындап жатқанымызды айтып, «жоғары жаққа жеткізіңіз» дедім. Содан көп ұзамай Оқу-ағарту министрлігінен Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова Шымкент қаласына келіп, кездесу ұйымдастырды. Тағы да осы пікірімізді қайталап, «Жобаның ниеті дұрыс болғанымен, іске асыру жолы күмәнді екенін, тыңдайтын құлақ болса, біз-ақ ұсыныс дайындап беретінімізді тәптіштеп айттық. Ол осының бәрін жоғары жаққа жеткізем деді. Бірақ біздің пікірімізбен ешкім санаспаған сияқты.

Жоба
Фото: degdar-news.kz

Шынында да, мұғалім сабақ үстінде «Өрлеудің» курсынан қалай өтеді? Курстың көбі таңертеңгі уақытқа қойылған. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, мұғалім бір мезетте сабақ беріп, екінші жағынан курсты қалай тыңдайды? Амал жоқ, көзбояушылыққа барады. Сенсеңіз, жоғары жақтан тапсырма бергендер «Шымкенттен, Түркістаннан аз мұғалім қатысып жатыр. Сабақ үстінде телефон қоса салыңдар. Zoom-да көрініп тұрса, болды» депті. 

Шамамен бір айдан кейін мұғалімдер «жоба тоқтатылсын» деп петицияға қол жинай бастады. Егер әу баста қыркүйектің ортасында мәселе көтерілген кезде мұғалімдер үніне құлақ асып, «Қандай ұсыныстарыңыз бар?» деп сұраса, бұл петиция жарияланбауы мүмкін еді. Бұлар соған жеткізді. Өткен аптада Астана қаласынан орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев бастаған топ келіп, түсіндірмекші болды. Мұғалімдер оны жан-жақтан қыспаққа алды.

Тағы бір айта кетерлігі, петицияға қол қойған мұғалімдерге қысым жасалып жатыр. Соның бәрін Қаныбек Жұмашевқа: «Президент елде демократиялық қоғам орнатамыз дейді. Конституцияда сөз бостандығына ерік берілген. Ұстаз қауымы бар болғаны жоба енгізілмес бұрын педагогтар қауымдастығының талқылауына түсуі керек еді дегенді алға тартуда», – деп айттым. Әңгіменің ашығы, жобаның идеясы дұрыс болғанымен, атқарылу жолы шикі.

Мейіржан ТЕМІРБЕК, «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Оқу-ағарту министрлігі өзгерісті өзінен бастағаны дұрыс

ғаламтордан

– «Мақсатты мектеп» жобасы білім сапасын көтеруге бағытталғанмен, оның мақсатын қалай анықтайтыны белгісіз. Екіншіден, мұғалімдерге арналған курсты ешкім тегіннен тегін өткізбейді. Мәселен, бұл курстарды ұсынып отырған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына қаражат қалай бөлінді? Бұл жағы да белгісіз. Үшіншіден, педагогтардың білім деңгейі түсіп кететіндей себеп жоқ.

Олар бес жылда бір мәрте аттестациялық тесттен, сосын «Педагог мәртебесі» заңында көрсетілгендей, үш жылда бір біліктілігін арттыру курсынан өтеді. Қазір педагогтың аттестациялық қағидалары қатаңдатылды. Ең жоғары санатқа өту оңай емес. Ол үшін авторлық бағдарламаң болу керек және бұл республика деңгейінде таратылуы тиіс. Мұнымен айналысу үшін сабақ беру жайына қалып, тек осымен ғана отыруға тура келеді. Міне, осындай сатыдан, тәжірибе баспалдағынан өткен мамандарды «білімсіз» деуге келе ме? 

Сөйтеді де, 943 мектепті өздерінше таңдап алып, соларға курс оқытады. Мұғалімдер тестті өз мектебінде емес, облыс орталығына сандалып барып тапсырады екен. Мұны заңдық тұрғыдан алып қарасақ, заңға қайшы. Өйткені, кез келген қаржы бөлінген жоба алдымен талқылаудан өтуі тиіс. Содан кейін қаржы жағы ашық болғаны абзал. Әйтпесе, мұның бәрі мақсатсыз жұмсалып жатқан қаржы боп саналады. «Өрлеудің» өзі бюджетінен төлейтіндей, оларға қаражат қайдан келеді? Сондықтан өзгерісті қаласа, мұны Оқу-ағарту министрлігі өзінен бастағаны дұрыс. Одан да 2017 жылдан бері жаңармай жатқан оқу стандартын қолға алсын, білім мазмұнын жаңартсын.

Маржан БАЛТАБАЙҚЫЗЫ, математика пәнінің мұғалімі:

 «Педагог мәртебесі» туралы және «Білім туралы» заң өрескел бұзылды

Мақсатты мектеп жобасы
жеке мұрағаттан

– Бұл жоба әу баста «Нысаналы мектеп» делінген, неге екені белгісіз кейін «Мақсатты мектеп» болып өзгертілді. Шымкент қаласында бұл жобаға 40 мектеп кірген. Бұған біздің мектеп те еніп отыр. Біріншіден, жоба көпшілік талқысына салынбады. Екіншіден, біз министрлікке кемшін тұсын көрсетіп, ұсыныс айттық.

Жоба аясында «Педагог мәртебесі» туралы және «Білім туралы» заң өрескел бұзылды. Біз мұны Оқу-ағарту министрлігі Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебековамен кездесу кезінде де айттық. Бұл жобаның мақсаты көзбояушылық па?

«Еңбек кодексін» бұзған жоба мұғалімнің алтын уақытын ұрлап отырған жоқ па? Жобаны құрастырушылар осының бәрін неге ескермеген? Одан бұрын материалдық базаны жақсартып, оқу-әдістемелік құралдар мен оқу бағдарламасын неге дұрыстамайды?

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: 

Бұл – заңсыздық

Мақсатты мектеп жобасы
ғаламтордан

– «Мақсатты мектеп» жобасының заңдық негіздемесін іздесем, не қаулы, не бұйрық таппадым. Жоба жария талқыға салынып, қоғаммен бірге саралануы керек. Ең алдымен білім саласы мамандарының пікірі ескерілгені жөн. Арнайы платформада бұйрық жариялануы тиіс. Оған ұстаз қауымы ұсынысын білдіріп, өз пікірін жазуы керек еді.

Қарап тұрсақ, мұның бірі де жоқ. Бұл – заңсыздық. Онлайн оқытуды да, тестті де «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы әзірлеген. Бір ұйым өзі оқытады және тест тапсырмасын да өзі тексереді. Бұл жерде қандай сапа бар?

Іссапар шығыны, тестті әзірлеушілерге, тест тапсыратын орынға төленетін қаржы қыруар. Ол ақшаны кім бөлді? Мұны «Өрлеу» өз мойнына алған деген ақпаратты көзім шалды. Бірақ бұл республикалық бюджеттің қаражаты. Сәйкесінше, оның тиынына дейін қалай жұмсалғаны ашық болуы тиіс. Мұғалім заң бойынша үш жылда бір рет қана біліктілігін арттырады. Бұдан бөлек бес жылда бір мәрте аттестациядан өту ережесі бекітілген. Ал енді келіп ұстаз қауымының ойын бөліп, уақытын ұрлап жатқаны дұрыс емес. Мұғалім білім берумен айналысуы керек.