Еңбекке адал өнерпаз: Байкен Құрманалиев

155

Қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына, сондай-ақ оның әлеуметтік өмірде маңызды орын алуына кәсіподақтар үлкен үлес қосып келеді. Шымкент қалалық кәсіподақ орталығының қолдауымен, өнер саласындағы көптеген талантты тұлғалар өз шығармашылығын кеңінен танытуда. Байкен Құрманалиев Мұратұлының сияқты өнер майталмандарының еңбегі тек сахнада ғана емес, қоғамның мәдени өмірінде де маңызды рөл атқарады. Әрбір әнші, әртіс, композитор еңбек адамдарының ғана емес, ел мәдениетінің дамуына да бағыт-бағдар беріп, өз кәсіби шеберліктерімен көпшіліктің рухани әлемін байытады. Байкен Құрманалиев сияқты өнерпаздардың шығармашылық жолын қолдап, солардың қоғамдық жағдайларын жақсартуға арналған көптеген бастамаларды кәсіподақтар жүзеге асыруда.

Өнер — ел рухын көтеретін, адам жанын тербейтін тылсым әлем. Ал сол әлемде өз орнын тауып, халыққа рухани ләззат сыйлап, өнердің ауыр жүгін арқалап жүрген жандар бар. Солардың бірі – шынайы еңбек пен талпыныстың адамы, эстрада әншісі, композитор Байкен Құрманалиев Мұратұлы.
1983 жылы 4 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданына қарасты Алатау ауылында дүниеге келген Байкен – табиғатпен етене өскен, туған жердің әр тасынан шабыт алған ауыл перзенті. Әу бастан-ақ өнерге құштар болған ол, Шымкент қаласындағы Саз колледжіне оқуға түсіп, музыкалық білімін тереңдетеді. Колледж қабырғасында үрмелі-соқпалы оркестрдің жетекшісі және флейтист мамандығын меңгеріп шығады.
Қазіргі таңда Байкен Құрманалиев – «Шымкент концерт» концерттік ұйымының (филармония) белді әншісі. Сахнада бірнеше жылдық тәжірибесі бар әнші өзін кәсіби орындаушы ретінде ғана емес, шығармашыл тұлға, автор-композитор ретінде де көрсете білді. Оның әндерінен туған жерге деген сағыныш, балалық шаққа деген іңкәрлік, ананың мейірімі, достықтың қадірі мен махаббаттың терең иірімдері айқын сезіледі.
Шығармашылық репертуары түрлі тақырыпты қамтиды:
— «Ауылым», «Ұшқан бағым», «Кешікпей келем деп ең», «Ақ бұлт», «Арыс жағасында» секілді әндер – тыңдарман жүрегінен орын тапқан, кең таралған шығармалар.
— Ал «Аңсаймын сені», «Қазақ елі», «Ана», «Сағындырған балалық» атты авторлық туындылары – оның ішкі жан-дүниесін, өмірлік көзқарасын, ұлттық болмысқа деген сүйіспеншілігін танытады.
Әр әнінің астарында терең сыр, шынайы сезім жатыр. Әсіресе, «Қазақ елі» секілді елдік сипаттағы туындысы – азаматтық үнін, отаншыл рухын паш етеді. «Ана» әні – өмірдің бастауына тағзым ету, «Сұлушаш» – ұлттық поэтикалық мұраға құрмет, ал «Сағындырған балалық» – өткенге деген сағыныш сарынына толы.
Байкен Құрманалиевтің әншілік жолы – маңдай термен, үздіксіз ізденіспен өрілген жол. Ол – даңқты сахналардан көрініп, алайда қарапайым болмысын сақтап қалған, шынайы өнер иесі. Оның басты ұстанымы – «Өнер – халық үшін». Сондықтан да әр әнінде шындық пен тазалық бар.
Осындай өнер иелері – ел руханиятының тірегі, мәдениет майданындағы еңбек адамдары. Олар сахнада тұрып қана қоймайды, елдің жүрегіне жол таба біледі. Байкен – сол жүректерге ән арқылы сәуле түсіріп жүрген еңбек адамы.