«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ – ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА

15

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Бұл қағидат мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштеріне дер кезінде жауап беруіне, олардың мұң-мұқтажын ескеріп, нақты шешімдер қабылдауына жол ашады. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы қоғаммен тұрақты байланыс орнатып, түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып келеді.

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өтті. Бұл жолы тұрғындарды Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов әріптестерімен бірге қабылдап, олардың арыз-шағымдарына құлақ асты. Кездесу барысында тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселелер көтеріліп, сала мамандары нақты түсіндірмелер берді.

Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Құрсай елдімекенінің тұрғыны кейбір көшелерге әлі күнге дейін газ құбыры тартылмағанын айтып, аталған мәселенің шешілуін сұрады. Азаматтар күнделікті тұрмысқа қажетті инфрақұрылымның жоқтығы өмір сапасына тікелей әсер етіп отырғанын алға тартты.

Басқарма басшысы бұл өтінішке нақты жауап беріп, қазіргі таңда тиісті жұмыстардың жүріп жатқанын жеткізді:
«Құрсай шағын ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. 2025 жылдың үшінші тоқсанында сараптама қорытындысын алу жоспарланған. Сараптама оң нәтижемен шыққан жағдайда құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу үшін тиісті бюджетке ұсыныс жолданады. Қаржы қаралған сәтте құрылыс жұмыстары басталады», – деді Рзабек Меңдіқұлов.
Оның айтуынша, барлық жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, азаматтардың ұсыныстары мен шағымдары нақты жоспарларға енгізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Азат мөлтек ауданының тұрғыны ескірген ағаш бағаналарын жаңартуға қатысты өтініш білдірді. Бұл ретте де басқарма тарапынан тиісті түсіндірме беріліп, аталған мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатқандығы айтылды. Энергетика саласына жауапты мамандар ескі инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Қабылдау барысында барлық азаматтың өтініштері заң аясында қаралып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бірқатар тұрғындардың мәселелері сол жерде шешімін тапса, кейбірі қосымша зерделеуді қажет ететіндіктен арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Мұндай қабылдаулар тұрғындармен ашық диалог орнатуға және шешімін күткен мәселелерді шұғыл қарастыруға мүмкіндік береді.