Абылай хан 1781 жылы 70 жасында өмірден озды. Ресей архивтерінде табылған құжаттарға қарасақ, оның өлімінің нұсқаларының бірі – улау болған.
Ұлы даланың Русь, Мәскеу патшалығы, артынша Ресей империясымен қарым-қатынасы ғасырлар тереңінде жатыр. Екі ел арасындағы тату да тартысты қарым-қатынастан, байланыстан сыр шертеттін аңыз-әпсаналардан бөлек, тарихи құжаттар да баршылық. Соңғысына тоқталар болсақ, әсіресе Қазақ хандығы мен Ресей билеушілері хат алмасқан кезеңі ерекше назар аударуға тұрарлық.
Бүгін біз оқырманының назарына XVIIІ ғасырда Қазақ ханы Абылай мен Ресей патшайымы ІІ Екатеринаның қалай хат алмасқаны, ол хаттарда не жазылғаны туралы мақала ұсынбақпыз, деп жазады Ulysmedia.kz. Дәл осы Абылай ханның тұсында Қазан хандығы Жоңғарияны жеңіп, қазіргі Қазақстанның оңтүстігі мен шығысын жаудан азат еткен болатын.
КЕРУЕН ТОНАҒАН ҚАЗАҚТАР
Көшпелі бабаларымыз малын бағып, елін қорғаумен қатар, барымтадан да, жортуылдан да ада болмағаны белгілі. Саудагерлердің түк ұйқысын қашырып, Орта Азиядан кетіп бара жатқан керуенді де шапқан кездері болған. Мұндай жағдайлар сол тұста өзін толыққанды империя сезіне бастаған Ресейге де ұнамаған. Бұған тарихи құжаттар дәлел. Тарихтың ол кезеңі туралы бізге Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архивінің аға қызметкері Ақшолпан Әлімбаева айтып берді.
«Орынбор облысының мемлекеттік архивінен табылған 1767 жылғы 5 қарашадағы хаттарға қарасақ, сол жылдың шілде айының ортасында Абылай ханның бақылауындағы Орта Қырғыз-қайсақ ордасында (сол тұста Ресей Қазақ хандығының Орта жүзін солай атаған) ташкенттік керуен тоналады. Ресей патшалығының билеушілері осыған байланысты өз бағыныштыларын бақыласа, азиялық сауда керуендеріне шаппаса деп өтініш білдірген», — дейді Ақшолпан Әлімбаева.
Оған жауап ретінде Абылай хан «аса құрметті әрі аса мәртебелі генерал-поручик, Орынбор губерниясының кавалері әрі губарнаторы Иван Андреевич Рейнсдорфқа» жауап жазады.
«Біздің Орда Ресей секілді аса үлкен емес. Әйтсе де аз да емес. Біздің халқымыз әрдайым көшіп-қонып жүреді. Сол себепті керуен тонаушылар менің қолыма түсе бермейді, жеріміз кең болғандықтан, кімнің қайда көшіп, қонып, түнеп жүргенін біле бермеймін», — деп түлкібұлаңға салады Абылай хан.
Сондай-ақ қазақтың билеушісі бұл ретте керуендер тоналмауы үшін Қытайдың Боғдыханымен Маншың империясынан 10-20 мың адамды бөлу туралы келісімге келгенін хабарлайды. Дәл осындай көмекті ол оның билеушісі ІІ Екатеринадан да сұрайды.
«Абылай хан хатында өз тарапы сауда керуендеріне кедергі келтірерлік «қарсы ешкім жоқ» екенін білдіреді. Керісінше, Орта Азия мен Ресей арасындағы сауданы қолдайды. Дегенмен өзі басқаратын аумақтан салық алып отыратынын жасырмайды. Саудагерлердің өзі Абылай ханның ешқашан керуендердің өтуіне кедергі жасамағанын растайды», — дейді Ақшолпан Әлімбаева Ulysmedia.kz тілшісіне.
ІІ ЕКАТЕРИНАНЫҢ ӨКПЕСІ
XVIII ғасырдың соңында Қазақ хандығының Кіші және Орта жүзі Ресей империясын мойындағаны да тарихи шындық. Сол себепті аса маңызды мәселелерді дала билеушілері Санкт-Петербургпен мақұлдаса шешіп отырған.
1771 жылы Бурабайдағы жиында Қанай бидің қатысуымен Абылай Қазақ хандығына хан болып сайланады. Ол өз билігін Ұлы және Кіші жүздің едәуір бөлігіне жүргізіп, өзін үш жүздің ханымын деп жариялайды.
ІІ Екатеринаға бұл әрекет ұнамағаны анық.
«Міне, сол себепті Орынбор облысының губарнаторы Рейнсдорф Абылай ханға былай деп кеңес береді: «Ресей патшайымының келісімінсіз Сіз өзіңізді Қайсақ хандығының ханымын деп жарияладыңыз. Ол (ресейлік патшайым) сол үшін ашуланып отыр» дейді де Кіші жүздің ханы Нұралыны мысалға келтіреді. «Сіз өзіңізді Ордаға Қайсақ ханымын деп жарияладыңыз. Императордың өкілінсіз өз қарауыңыздағы елге қарағанда мұндай жауапкершілікті сізге тән емес. Сіз құрметті сұлтансыз, өз меншігі бар Нұралы хан өздігімен хандығыңызды қабылдаған емес, ол өз өтінішімен Бүкілресейлік императорлық сарайдың құрметіне ие болды, арнайы белгі иеленді». Яғни Абылай ханға ол өзінше Ресей алдында тізе бүккені жақсы деп кеңес береді. Ол сондай-ақ былай дейді: «Ойлы назарға іліну үшін достық ниетте мынадай мысалға кеңес беремін, сіз өзіңіздің ұлыңызды Жоғары сарайға жіберуді жөн деп шешсеңіз, императорға сенімді бағынышты ретінде Өзіңіз және өз ұлыңыз тиісті құрметке ие болар едіңіз». Демек, Рейнсдорф Абылай ханға Императорға тәуелдімін деп жүгінуі керектігіне, осы қызметі үшін жоғары хандық атаққа ие болатынына, өз ұрпағына осылайша жақсы атын қалдыра алатынына кеңес береді (мұндай жағдайда дәл осындай құрмет, атақ оның ұлдарына қалады да, оның саясатымен елі келіспесе, ол Ресейдің көмегіне және қолдауына ие бола алатыны жазылады», — дейді Ақшолпан Әлімбаева.
Архив құжаттарына қарасақ, Екатерина Абылайды хан деп таныған, бірақ тек Орта жүз билеушісі деп білген.
«Осылайша, капитан Бреховпен Екатеринаның атына Абылай ханға хандық регалиялар мен титулдар жолданады. Жалпы Абылай хан Қазақ хандығының басынан қиын кезең өтіп жатқан кезде ел билегенін, Цин империясы мен Ресей патшалығының, айдаһар мен аюдың арасында амалдауға тура келгенін айта кету керек. Ол өте ақылды билеуші, қолбасшы әрі стратег еді. Алып көршілерімен қақтығысып қалудан сақтанып, тәуелсіз саясат жүргізген. Бұл сол заманға өте оңай емес еді», — дейді Ақшолпан Әлімбаева.
Ресейлік архивтерде (Омбы және Орынбордағы) Абылай ханға қатысты басқа да қызықты тарихи құжаттар баршылық. Олардың бірінде Абылай хан орыс патшалығынан хан ордасын салып беру үшін шеберлерді жіберуді өтінеді.
АБЫЛАЙ ХАННЫҢ УЛАНҒАНЫ ТУРАЛЫ НҰСҚА
Абылай хан 1781 жылы 70 жасында өмірден озды. Ресей архивтерінде табылған құжаттарға қарасақ, оның өлімінің нұсқаларының бірі – улау болған.
Ақшолпан Әлімбаева тағы бір архив құжатын келтіреді.
«Князь, генерал-майор мырза 1781 жылы 20 наурызда Петр Сумароковтың сарайында баянатпен хабарлайды: оған өзіне сенімді адам әрі Орта жүз старшинасы Құлабек батыр Абылай ханның Ташкентте өлгенін хабарлайды. Басқа біреулер Ташкентте оны улап өлтіргенін айтады. Бірақ шын мәнінде бұған сенгіміз келмейді. Құлабек батырға Абылай ханның шын өлгенін немесе өлмегенін білуді тапсырдық. Бұл хат Омбыдан жіберілді. Өкінішке қарай, тергеудің нақты нәтижесі бізде жоқ» деп жазады», — дейді Ақшолпан Әлімбаева.