«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ДЕПУТАТ ҚАБЫЛДАУЫНДА – НАҚТЫ КӨМЕК ПЕН ЖАНАШЫРЛЫҚ

148

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында мәслихат депутаты, партия фракциясының жетекшісі Бақытжан Позилов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл қабылдау барысында азаматтардың өтініштері мен шағымдары мұқият тыңдалып, әрбір жағдай бойынша нақты көмек көрсету жолдары қарастырылды.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі баспана, жұмысқа орналасу және әлеуметтік көмек мәселелерін алға тартты. Қарасу шағын ауданының тұрғыны өзінің көпбалалы ана екенін айтып, табысының жеткіліксіздігінен күнкөріс қиындығын бастан кешіріп жатқанын жеткізді. Депутат Бақытжан Позилов бұл мәселені назарға ала отырып, «Баланы мектепке даярлайық» акциясы аясында жеке қаражаты есебінен 4 баласына мектепке қажетті құрал-жабдықтар табыстады. Бұл көмек әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін үлкен қолдау болды.

Сонымен қатар, І топ мүгедек қызының ұзақ уақыттан бері жұмыс таба алмай жүргенін айтқан анаға да жедел көмек көрсетілді. Депутат азаматшаның қызына бірден хабарласып, №2 қалалық ауруханаға жұмысқа келуін сұрап, тікелей қолдау көрсетті. Бұл нақты іс-шара, партия өкілдерінің адамдардың жағдайына жауапкершілікпен қарауын және қоғамдық мәселелерді шешуге ықпал етуін тағы бір рет дәлелдеді.

Қабылдау кезінде баспана мәселесі де жиі көтерілді. Тұрғындарға бұл мәселенің электронды кезек арқылы және тек заң талаптарына сәйкес шешілетінін, кезектен тыс немесе жеңіл жолмен алу мүмкін еместігін депутат нақты түсіндіріп өтті. Ол заңға сүйеніп жұмыс істейтінін, бірақ әрбір тұрғынның мәселесіне көңіл бөлетінін атап өтті.

Осындай қоғамдық қабылдаулар халықпен тікелей байланыс орнатуға, әрбір азаматтың мұқтаждығына назар аударуға және нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. «AMANAT» партиясы мен оның мәслихаттағы өкілдері тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Мұндай қабылдаулар қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуде үлкен рөл атқарып, халықтың сенімін арттырып, партияның жұмысының нәтижелілігін көрсетеді.