Басты Әдебиет ҚАЙДАСЫҢДАР, САХНАНЫҢ СӘНІНЕ, ӨМІРДІҢ МӘНІНЕ АЙНАЛҒАН АРУЛАР?!
Күншуақты Оңтүстік – киелі өнерге, санқырлы өнер иелеріне бай өңір. Бұлай деуімізге шырайлы Шымкент шаһары мен түрленген Түркістан облысында сегіз театр ұжымы жұмыс істеуінің өзі нақты дәлел бола алады. Айтулы өнерпаздарымыз қаншама. Міне, сол сегіз театрдың бірі — Жетісай қаласындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы музыкалық драма театры таяуда өздерінің 50 жылдық мерейтойын атап өткенін бәріңіз жақсы білесіздер.
Осындайда халқымыздың «Елу жылда — ел жаңа» деген даналық сөзі ойға еріксіз оралады екен. Иә, жарты ғасыр аралығында мұнда көңіл толқытар қуанышты сәттер аз болған жоқ. Олар кезінде көршілес Өзбекстанның иелігінде де күн кешкен. Маэстро Бөрі Исаның жетекшілігіндегі оркестр жұмыс істеген. Соның арқасында талай музыкалық шығармалар сахнаға шыққан. Өзбекстанға еңбек сіңірген әртіс Жеңіс Қарғабаев, С. Айнутдинова, Т. Қыстаубаев, Р. Қошпанқұлов, Ы. Иманқұлов сомдаған рөлдер халық жадында жатталып қалған. Театр репертуарындағы «Қыз Жібек», «Қарагөз», «Жалбыр», «Малиновкадағы үйлену тойы», «Аршин мал алан» секілді спектакльдерді көрермен қауым тамсана тамашалайтын. Сол бір кездері спектакльден кейін әртістердің күшімен шағын концерт те қойылатын. Халық бірауық ән тыңдап, ләззат алатын.
Әсіресе сахнаның сәніне, өмірдің мәніне айналған Шолпан Қожамұратова, Қатира Бекмұратова, Бәтима Сүлейменова секілді сұлулардың өнері ше?! Бұл арулар мың бұралып сахнаға шыққанда олардың сөз саптауы мен жүріс-тұрысына, іс-әрекетіне таңдай қақпайтын жан қалмайтын. Шолпанның орындауындауындағы Қарагөзі, Хадишасы, Жібегі, Қатираның Гүлчехрасы, Хадишасы, Жібегі, Яринкасы, Бәтиманың Маусымы, Әсиясы көрермен қауымды өздеріне ерекше баурап алатын. Жан сұлулығы мен тән сұлулығы қатар үндескен бұл қойылымдарды қалай ұмытарсың?! Бұған қоса-қабат оркестрдің әуезді әуені, жарық пен декорацияның қанық бояуы құйқылжыта ән салып тұрған қыздарды барынша құлпыртып, көріктендіре түсетін. Осы үш тотының «Жалбырда» жігіттермен қосылып ән шырқауы қандай ғажап тұған. «Аршин мал аландағы» сұлуларға сұқтанған Әскердің басы айналғаны ше?! Енді бір сәтте қыздар триосы ән шырқағанда гүл бағы барынша ажарланып кеткендей әсер қалдыратын. Олардың бойындағы әншілік, бишілік қасиеттер актрисалық шеберліктерімен ымдаса, жымдаса түсетін. Халық бүгінде сол бір қыздардың өнерін сағынып жүр. Театрдың қазіргі құрамының арасынан сондай тарлан таланттарды көргісі келетіні ақиқат.
Көрермен демекші, соңғы кездері театрға келушілердің қатары сирей түскені анық. Әрі бұл жалғыз Жетісай театрына ғана қатысты жағдаят емес. Халық терең мағыналы қойылымдарға қарағанда жеңілтек жасанды эстрада
«жұлдыздарының» өнеріне тәнті бола түскендей күй кешуде. Осындайда сахнаның сәніне, өмірдің мәніне айналған арулар қайда екен деген сауал тіл ұшына қайта-қайта орала беретінін қалай жасырамыз?!
Орынжан ӘСКЕРБЕК,
сәулетші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.