ТҮРКІСТАНДА ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

1149
Өңірде өмірлік қиын жағдайдан шығу бойынша көмек көрсету үшін қолайсыз отбасылардан шыққан кәмелетке толмағандар медициналық-әлеуметтік есепке алынады. Облыстағы қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға құқықтық-психологиялық көмек көрсететін орталық қызметін бастады. Онда психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі.
Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында балалардың панасыз және қадағалаусыз қалуының алдын алу мен әйелдердің денсаулығын қорғау туралы мәселелер қозғалды. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар туралы да айтылды.
Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, қылмыстың алдын алу мақсатында полиция тарапынан көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Тіркелген қылмыстарды сараптаған мамандар отбасындағы жанжалдың орын алуына көп жағдайда ішімдік себеп екенін айтады. Сотқа жолданған іс құжаттардың 64% екі жақтың татуласуына байланысты қысқартылған.
Облыс бойынша босану жасындағы әйелдер саны 444 мыңнан асады. Оның ішінде жүкті әйелдер саны – 32 303. Жыл басынан бері 37 мыңнан астам нәресте дүниеге келген. Әйел денсаулығын жақсартуға бағытталған барлық жұмыстар жүзеге асырылуда. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, ұрпақты болуға қабілетсіз деп танылған пациенттерге экстракорпоралдық ұрықтандыру әдістері ұсынылады. Биыл 670 квота бөлініп, 520 жұп арнайы медициналық орталықтарға жолданды.
Ана өлім-жітімін төмендету бойынша шаралар кадрлық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық жарақтандыру, екпе егу, контрацепциялау, жүктілікке алдын-ала дайындау, цифрландыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтитын жоспарлар шеңберінде іске асырылуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі