ШЫМКЕНТТЕ БИЛЕР АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

1703
Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамынң қарсаңында Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында Билер аллеясы ашылды. Мұнда Шымкент қаласындағы сот саласының қызметкерлері 122 түп балқарағай ағашын отырғызды. Осылайша олар шырайлы шаһарды жасыл аймаққа айналдыруға өздерінің сүбелі үлестерін қоса білді. Әр көшеттің жанындағы тақтайшаға оны отырғызған азаматтардың аты-жөні жазылып қойылды.
Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Мұқажанұлы Рақымбеков:
— Дана халқымыз «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет!», «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын!» деген нақыл сөздерді босқа айтпаған. Мұндай ағаштар қалаға көрік берумен бірге ауаны ластанудан қорғайды. Сәтін салса, болашақта осы саябаққа бала-шаға мен немерелерімізбен келіп, өзіміз отырғызған ағаштарды мақтаныш сезімімен көрсетіп, саясында рақаттанып демалатын боламыз», — деді.
Сонымен қатар Мырзақұл Ертаев, Қалима Тәшенова тәрізді ардагер судьялар да сөз сөйледі. Олар әріптестерінің қаланы көгалдандыру жолында атқарып отырған ізгілікті де игілікті жұмыстарына ерекше сүйсініс білдіріп, өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді.
Аталмыш іс-шара барысында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті құқықтану факультетінің студенттері флеш-моб өткізді. Қазақ елі, әз-Наурыз жайлы әндер шырқалды.
***
Әз-Наурыздағы ақ тілек
ЖАРАЙСЫҢ, НҰРСЕРІК БАУЫРЫМ!
Сот төрағаларының бәрі өзіңдей болса екен дейміз!
Айналайын, Нұрсерік! Сенің орысы мен орманы көп өңірде өсіп, орысшалау тәрбие алғаныңмен қаның да, жаның да таза нағыз қазақ екеніңді біз өте жақсы білеміз. Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы лауазымын атқарып жүрген кезіңізде күншуақты өңірде өзіңіздің жақсы істеріңізбен өрнекті із қалдырғансыз. Басқаны айтпағанда, өзің басшылық жасайтын сала қызметкерлерінің спортпен етене шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы жолында еткен еңбегің ерекше еді. Шымкент пен Түркістан қалаларының арасындағы 160 шақырымдық күре жолға веломарофон ұйымдастырғаныңыз әлі күнге дейін жадымызда. Босқа қарап жүрместен жол-жөнекей тәлім-тәрбиелік жиын өткізіп, жиналған көпшіліктің көкейіне рухани нәр сыйлағаныңыз қандай керемет болатын.
Төрткүл әлемдегі мұсылман қауымының әз-Наурыз мейрамы қарсаңында өзіңізді тағы бір жаңа қырыңыздан таныттыңыз. Бедерлі бейнебаяндағы бейнеңіз бен терме-жыр оқуыңызды көріп, ерекше тебірендік. Түркістан облыстық сотының төрағасынан эстафета қабылдап алған Сіз Қарағанды өңірінің тарихи мен танымал тұлғалары, тау-тасы мен бұлақ- көлдері туралы толғанысыңызды тыңдарман қауымның жүрегіне тамаша әсермен жеткізе білдіңіз. Сол арқылы өзіңізді туған елі мен жерін, халқын жан-тәнімен сүйетін нағыз ұлтжанды, патриот азамат екеніңізді таныта алдыңыз. Сөйтіп, эстафетаны Ақмола облысына қарай ұзаттыңыз.
Осылардың бәрі үшін Сізге өзіңізге етене жақын күншуақты өңір тұрғындарының атынан мың алғыс айтамыз. Жарайсың, Нұрсерік бауырым! Сот төрағаларының бәрі өзіңдей болса екен дейміз!
Әз-Наурыз мейрамы құтты болсын! Сізге зор денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр, толағай табыс тілейміз!
Ақ ниетпен,
Әбдісаттар ӘЛІП,
Шымкент қаласы.