Ақын Бақыт Беделхан ауыр жол апатынан аман қалған жұбайына өлең арнады

2936
Танымал ақын Бақыт Беделхан Алматыда болған ауыр жол апатынан аман қалған жұбайына өлең арнады. Ақынның жары, актриса Айзада Сатыбалдиева жол апатына ұшырап, 4 адам отырған көлікте жалғыз өзі ғана аман қалған еді, деп хабарлайды Stan.kz.
Еске сала кетсек, 29 желтоқсанда Алматыдағы Сейфуллин және Абай даңғылдарының қиылысында жол апаты орын алып, салдарынан 3 адам мерт болған еді. Олардың ішінде актриса Шолпан Елгезекова да бар. Дәл осы көлікте отырған актриса Айзада Сатыбалдиева ғана аман қалып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен еді. Бүгінде ол есін жиған.
Осы жағдайдан кейін ақын Бақыт Беделхан жұбайы Айзадаға өлең арнады.
«Есігіңде сұр жылан.
Босағаңда боз жылан.
Керегеңде кер жылан.
Маңдайшада сор-жылан.
Миды шағып ысқырған,
Отауыңда оқ-жылан.
Кімнен медет сұрайын,
Қандай амал қылайын,
Мен бұған?!
Күннің құтын құяйын.
Айдың сүтін сұрайын…
Аймалаған ақ шыңды
Таң нұры боп құлайын.
Қайырылмаса,қарысып,
Қара көзден жас емес,
Қан шыққанша жылайын.
Алтын-ұям – Ақ ордам,
Бұғауыңнан босашы,
Босата гөр, Құдайым!
Көзі бардың – көзіне…
Тілі бардың – тіліне…
Сөзі бардың – сөзіне…
Сумаңдаған пәленің
Су құйылсын, ініне,
Құм құйылсын, көзіне!
…Қабырғаңнан сөктірген,
Иығыңнан шөктірген,
Қанатыңнан қайырып,
Қайғылы азап шектірген,
Жылан кетіп барады,
Құйрығы бар, басы жоқ.
Енді қайтіп шағады,
…Дұшпаны боп, қасы боп?!
Тұр, тұр, енді! Тұр, енді!
Қолдап тұр ғой, Тәңірім.
Мені саған жіберді,
Жарығым!!!» – деп жазды ақын Facebook желісінде.