ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

4

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің және Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы «Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткізілген қазақ тілін оқыту курсы өз мәресіне жетті.

Төрт айға жалғасқан бұл курс – қаладағы этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне арналған маңызды бастамалардың бірі. Оқу барысында қатысушылар қазақ тілінің негіздерін, күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын сөздер мен сөйлем үлгілерін үйреніп қана қоймай, оларды тәжірибе жүзінде қолдануға дағдыланды.

Қатысушылардың білім деңгейін бағалау мақсатында қорытынды бақылау жұмысы ұйымдастырылды. Ол үш негізгі бөлімнен тұрды:
– тыңдалым (аудио мәтіндер бойынша) – 30 сұрақ;
– лексика-грамматикалық бөлім – 70 сұрақ;
– оқылым – 30 сұрақ.

Бұл тапсырмалар арқылы курсқа қатысушылар өздерінің мемлекеттік тілді меңгерудегі лингвистикалық қабілеттерін көрсетті. Бақылау жұмыстарының нәтижесіне қарай курсты толық аяқтаған азаматтарға қазақ тілін оқығандығы туралы арнайы анықтама құжаты табысталатын болады.

Айта кету керек, мемлекеттік тілді оқыту бағдарламасының негізгі мақсаты – қаладағы этнос өкілдерінің қазақ тілін еркін меңгеруіне жан-жақты жағдай жасау. Сонымен қатар, курс барысында тыңдаушылар қазақ халқының салт-дәстүрлері, ұлттық болмысы және мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты нығайтуға оң ықпал етеді.

Оқыту курсы 4 ай бойы, әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері, сағат 16:00-18:00 аралығында тұрақты түрде өткізіліп келді. Кәсіби оқытушылардың жетекшілігімен өткен сабақтар тыңдаушылардың қызығушылығын арттырып, мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасын күшейтті.

Курсқа қатысушылар өз ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да тілді терең меңгеруге ниетті екендіктерін жеткізді. Жоба ұйымдастырушылары бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретінін атап өтті. Келешекте осындай курстардың санын көбейтіп, қамтылатын аудиторияны кеңейту жоспарланып отыр.

Мұндай бастамалар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, түрлі этнос өкілдерінің мәдени интеграциясына да жол ашады. Алдағы уақытта бұл курстардың мазмұны тереңдетіліп, тіл үйренушілерге арналған деңгейлік бағдарламалар енгізілсе, нәтижелілік одан әрі арта түсетіні сөзсіз.