Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының дәстүрлі түрде ұйымдастыратын «Баланы мектепке дайындайық» республикалық акциясы аясында бірқатар қайырымдылық шаралары өтті. Игі бастама әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларды жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетуге бағытталған.
Аталған акция аясында Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Нұрсұлтан Балабиев пен Бөкейхан Әбішев әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын табыстады. Игі іске партияның қалалық және аудандық филиалдары белсенді түрде атсалысты.
Нұрсұлтан Балабиев қоғамдық қабылдау кезінде ата-аналардан түскен өтініштер негізінде жеке қаражаты есебінен оқушыларды қажетті оқу құралдарымен қамтыды. Ал Бөкейхан Әбішевтің қолдауымен 50 балаға мектеп сөмкелері табысталды. Сыйлықтар тек сөмкемен шектелмей, оқуға қажетті барлық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.
Іс-шараға қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова, Әл-Фараби аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек, сондай-ақ партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Бекзат Төлебай қатысты.
– Жалпы, бүгінге дейін қала бойынша партия мүшелері мен филиалдары 850-ге жуық балаға осындай көмек көрсетті. Бұл – балалардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен бастауы үшін жасалып жатқан қолдау. Біздің мақсатымыз – балаларға сенім ұялату, оларды білімге ынталандыру, – деді Ербол Байқонысов.
Депутаттар балаларға жылы лебіздерін білдіріп, жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, озат болуға шақырды.
– Бүгінгі сыйлықтар балалардың оқуына үлкен мотивация болсын. Әрбір бала білімге құштар болып, болашақта еліне қызмет ететін азамат болып өссін деген тілегіміз бар, – деді Нұрсұлтан Балабиев.
– Жаңа оқу жылы – әр оқушы үшін жаңа белес. Бұл – білімге деген жауапкершілікті сезінетін, өз-өзіне сенімді арттыратын кезең. Біз сіздерге үлкен сеніммен осы сөмкелерді ұсынып отырмыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деп атап өтті Бөкейхан Әбішев.
Айта кетейік, «Баланы мектепке дайындайық» акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Биылғы жылы да бұл игі бастама жалғасын тауып, көптеген отбасы үшін нақты көмекке айналды. Алдағы уақытта да партия тарапынан осындай әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде ұйымдастырыла бермек.