Бүгін Әл-Фараби ауданының Ескі шаһар шағын ауданында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған «Даналық көпірі» атты интерактивті кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу барысында қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, этностар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттыру, татулық құндылықтарын кеңінен дәріптеу мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Шымкент қаласы «Өзбек этномәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы Рузметов Шухрат, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Халназаров Арипджан, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Жалмұрзаев Батырбек, сондай-ақ Әл-Фараби ауданы әкім аппараты «Әлеуметтік қорғау және қолдау көрсету» бөлімінің басшысы Салимов Бахтияр қатысты.
Жиын барысында сөз алған Жалмұрзаев Батырбек Қаратайұлы «Бірлік – біздің ең қымбат қазынамыз. Ел дамуының, ұрпақтың болашағының кепілі – татулық пен өзара сыйластықта. Қоғамдағы келісім – жай ғана ұран емес, ол – күнделікті еңбектің, түсіністік пен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі. Сондықтан әрқайсымыз осы құндылықтарды сақтау жолында үлес қосуымыз қажет», – деп атап өтті.
Мұндай кездесулер түрлі этностар өкілдерінің арасындағы байланыстарды нығайтып қана қоймай, ортақ тарихи жады мен мәдени құндылықтарды дәріптеуге де ықпал етеді. Қатысушылар жастардың бойында толеранттылықты қалыптастыру, ұлттық бірлікті сақтау жолындағы тәрбиенің маңыздылығын да ерекше атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар бірлік пен келісім идеясын қолдай отырып, мұндай кездесулердің жүйелі түрде өткізілуі қоғамдағы бейбітшілік пен татулықтың тұрақты негізін қалыптастыруға сеп болатынын жеткізді.