МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРУҒА АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

27

Бүгін Қазақстан халқының тілдері мерекесі қарсаңында Абай атындағы орталық кітапханада «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын арттыру болды.

Дөңгелек үстелге «Тіл жанашыры», «Құрмет» белгісінің иегері Қабыл Дүйсенбі, Абай атындағы орталық кітапхананың директоры Нұрила Серікбайқызы, ардагер ұстаздар Жарқынай Арысбаева, Гүлжан Талипбаева, Әбила Көздібаева, Балтакүл Бағысбаева, Мамыркүл Тілеуқабылова, Шымкент қалалық филиалы, қала білім басқармасы Әдістемелік орталығы, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері Нурхаят Байрамова мен Севинч Азаматова және өзгеде тіл жанашырлары қатысты.

«Мемлекеттік тіл – елдің айбыны, рухани тірегі. Қазақ тілін дамыту – тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, әрбір азаматтың жүрек қалауынан туындайтын қасиетті міндет. Біз тілді құрметтеген сайын, өз болмысымызды, өз елдігімізді құрметтейміз», — деді Қабыл Дүйсенбі.

Жиында мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру жолдары, жас ұрпақтың тілге деген сүйіспеншілігін күшейту, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті насихаттаудағы мектеп пен қоғамдық ұйымдардың өзара ынтымақтастығы кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ шара барысында қатысушылар мемлекеттік тілдің өзекті мәселелерін қозғап, оны шешу жолдары бойынша нақты ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, қазақ тілінде білім беру сапасын арттыру, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілінің үлесін көбейту, мемлекеттік қызметшілер арасында тілді меңгеруге бағытталған ынталандыру тетіктерін енгізу секілді бастамалар көтерілді. Бұл ұсыныстар мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі орны мен беделін одан әрі нығайтуға бағытталған.

Кездесу соңында қатысушылар мемлекеттік тілдің тағдырына бейжай қарамайтын әр азамат өз саласында үлес қосуы тиіс деген ортақ пікірге келді. Олар келешек ұрпақтың ана тіліне деген құрметін ояту үшін отбасы, мектеп және қоғам арасындағы байланысты нығайту қажеттігін атап өтті. Дөңгелек үстел өзара пікір алмасу, тәжірибе бөлісу мен жаңа идеялар ұсыну алаңына айналды.