Мұғалімдердің еңбегін заңсыз пайдаланғандар жазаға тартылуы мүмкін

1593
Педагогтардың еңбегін заңсыз пайдаланғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сәуле Кабимолдаева мәлім етті.
Бүгін Астанадағы №59 мектепте «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заңының жобасы талқыға салынды. Заңдағы ұсыныстарды мұғалімдерге Сәуле Кабимолдаева түсіндірді.
Оның айтуынша, енді ұстаздар өз қаржысы есебінен мектепке қажетті құрал-жабдықты сатып алмайды.
Осы орайда ол аталған заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға қатысты нормалар бар екенін атап өтті. Сәуле Кабимолдаеваның пікірінше, енді мұғалімдердің еңбегін заңсыз пайдалануға жол берілмейді.
«Жергілікті атқарушы органдар балаларымызға білім беру мақсатында қолайлы және қауіпсіздік шаралары жасау үшін қосымша шараларды жүргізуге құқығы бар. Заңдағы 8-бапта педагогтарды оның қызметіне жатпайтын шараларға тартуға тыйым салынғаны жазылған. Педагогтарды оның кәсіби қызметіне жатпайтын басқа қызметтерге тартуға жол берілмейді. Педагогтан заңда көрсетілмеген қандайда бір форма түріндегі есепті немесе ақпаратты талап етуге тыйым салынады. Сондай-ақ заңсыз тексерістер жүргізуге болмайды.
Аталған талаптарды орындамау әкімшілік жауапкершілікке алып келеді», — деді Сәуле Кабимолдаева.
Дәурен Ерболаты, фото: Нұржас Жақсыбай